ЖАҢАҚОРҒАНДА ДІНИ РӘСІМДЕРДІ БІРІЗДІЛІККЕ ТҮСІРУ ЖӨНІНДЕ КЕҢЕЙТІЛГЕН ЖИЫН ӨТТІ
Жаңақорған ауданында аудандық ардагерлер кеңесінің ас беру мәдениеті мен жаназа рәсімдерін бірізділікке түсіру жөнінде кеңейтілген жиыны өтті. Ардагерлер кеңесінің бұл бастамасы халқымызды ысырапшылдықтан арылтып, жаназа рәсімдерінің түпкі мәнін сақтауға бағытталған. Оған аудандық мәслихат төрағасы Ғалымжан Жарқынбек, ҚМДБ өкілдері мен кент, ауылдық округтердің ардагерлері, зиялы қауым, БАҚ өкілдері, мәслихат депутаттары және жастар қатысты.
- Қазақ халқының салт-дәстүрлері мен әдеп-ғұрыптары – біздің ұлттық болмысымыздың негізі, ұрпақтан ұрпаққа беріліп келе жатқан асыл мұра. Бұл дәстүрлеріміздің ішінде ас беру және жаназа мен жерлеу рәсімдері ерекше орын алады. Өкінішке қарай, қазіргі уақытта осы дәстүрлерді орындау барысында түрлі өзгерістер байқалып, ысырапшылдықтың көбеюі, кейбір рұқсат етілмеген әрекеттердің орын алуы жиі кездесуде. Сондықтан да, ас беру мәдениеті мен жаназа рәсімдеріне қатысты қоғамда терең түсінік қалыптастыру, рұқсат пен тыйымның ара-жігін ашып көрсету, ысырапшылдықтың алдын алу маңызды болып отыр. Одан бөлек, бұл тұрғыда дін саласы мамандарының осы мәселе бойынша жүргізетін үгіт-насихат жұмыстары да үлкен рөл атқарады. Қоғамдағы шынайы мәдениеттің белгісі – орынсыз сән-салтанат емес, ұстамдылық пен қарапайымдылық, үнемшілдік пен орынды пайдалану көрегенділікті көрсетеді. Расында әрбіріміз ысырапшылдықтан арылып, қанағатшылдыққа бет бұруды үйренуіміз керек-ақ, - деді мәслихат төрағасы.
Дәстүрлер мен діни ұстанымдарды сақтау – ұлттық мәдениеттің бір бөлігі ғана емес, қоғамның рухани тұтастығын қамтамасыз ететін маңызды элемент. Сондықтан, салт-дәстүрлерді өз тәртібімен орындауда халыққа бағыт-бағдар беріп, ысырапшылдықтың алдын алу үшін халық арасында түсіндірме жұмыстарын күшейтсек, мұндай шаралар өз кезегінде дәстүрді дұрыс ұстанудың маңыздылығын ұғынуымызға септігін тигізеді.
Күн тәртібіндегі алғашқы мәселе бойынша аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Өмірсерік Тақырбасов «Ас беру мәдениеті» тақырыбына тоқталды.
- Ауқатты отбасылар асқа ірі қара сойып, құрбан шалып жатқанда, жағдайы төмен және орташа отбасылардың одан қалысқысы келмейтіні түсінікті. Осыдан келе жұрттан қарыз алып, қауғаланып «парызымды орындаймын» деп дүниеден өткен жандарға ас беріп, шығындалып жүргендер де жоқ емес. Ал шын мәнінде шариғатта: «Жеңілдетіңдер, ауырлатпаңдар, сүйіншілеңдер, қорқытпаңдар!» деген. Бүгінгі күні осы сынды әдет-ғұрып пен рәсім реттелмесе, жыл өткен сайын қиындық күшейе түсуі мүмкін. Сол себепті Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы осы рәсімді реттеп, бір жүйеге келтіретін арнайы құжат қабылдауды назарға алды. Біз бұл құжатты негізге ала отырып, қоғам болып қолдауымыз қажет. Сонда ғана ысырапшылдықты тоқтатқан болар едік, – деді ардагерлер кеңесінің төрағасы.
Мұнан соң сөз алған ауданның бас имамы Әбдіхалық Нәметов жаназа мен жерлеу рәсіміне тоқталды. Басқосу барысында ас беру мәдениеті мен жаназа, жерлеу рәсімдерін бірізділікке түсіру мәселесі жайлы Әбутәліп Сүйіндіков, Әлібек Сүгірбаев, Серік Мұсабай, Әзия Қыстаубаевалар өз пікірлерін білдірді.
Жиынды қорытындылаған аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Өмірсерік Тақырбасов ас беру, жаназа шығару, зират салу, жалпы марқұм болған адамдарды жөн-жоралғыға сәйкес жерлеу мәдениетін халқымыздың дәстүрі мен Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының әдістемелеріне негіздеп, бір ізге салу аса маңызды екенін жеткізіп, облыстық ардагерлер кеңесінің үндеуін қолдауға шақырды.