№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

№97 (8808) 7

07 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » АЛҚА ОТЫРЫСЫ: ЖАН ҚАЙҒЫСЫ БОЛҒАН ҮЙДЕ МАЛ ҚАЙҒЫСЫ БОЛМАУ КЕРЕК

АЛҚА ОТЫРЫСЫ: ЖАН ҚАЙҒЫСЫ БОЛҒАН ҮЙДЕ МАЛ ҚАЙҒЫСЫ БОЛМАУ КЕРЕК



Бүгін Ордакент ардагерлер, жастар ресурстық орталығында аудандық ардагерлер кеңесінің кеңейтілген алқа отырысы өтті.
Оған аудандық мәслихат төрағасы Ғалымжан Жарқынбек, ҚМДБ өкілдері мен кент, ауылдық округтердің ардагерлері, зиялы қауым, БАҚ өкілдері, мәслихат депутаттары және жастар қатысты.

Күн тәртібінде негізгі екі мәселе қаралды:
1. «Ас беру мәдениеті»;
2. «Жаназа және жерлеу рәсімдері» туралы

Алқа отырысына аудандық мәслихат төрағасы Ғалымжан Жарқынбекұлы арнайы шақырылып, жиынның алғы сөзі берілді.
- Қазақ халқының салт-дәстүрлері мен әдеп-ғұрыптары – біздің ұлттық болмысымыздың негізі, ұрпақтан ұрпаққа беріліп келе жатқан асыл мұра. Бұл дәстүрлеріміздің ішінде ас беру және жаназа мен жерлеу рәсімдері ерекше орын алады. Өкінішке қарай, қазіргі уақытта осы дәстүрлерді орындау барысында түрлі өзгерістер байқалып, ысырапшылдықтың көбеюі, кейбір рұқсат етілмеген әрекеттердің орын алуы жиі кездесуде. Сондықтан да, ас беру мәдениеті мен жаназа рәсімдеріне қатысты қоғамда терең түсінік қалыптастыру, рұқсат пен тыйымның ара-жігін ашып көрсету, ысырапшылдықтың алдын алу маңызды болып отыр. Жалпы айтқанда, дәстүрлер мен діни ұстанымдарды сақтау – ұлттық мәдениеттің бір бөлігі ғана емес, қоғамның рухани тұтастығын қамтамасыз ететін маңызды элемент. Сондықтан, салт-дәстүрлерді өз тәртібімен орындауда халыққа бағыт-бағдар беріп, ысырапшылдықтың алдын алу үшін халық арасында түсіндірме жұмыстарын күшейтсек, мұндай шаралар өз кезегінде дәстүрді дұрыс ұстанудың маңыздылығын ұғынуымызға септігін тигізеді. Одан бөлек, бұл тұрғыда дін саласы мамандарының осы мәселе бойынша жүргізетін үгіт-насихат жұмыстары да үлкен рөл атқарады. Қоғамдағы шынайы мәдениеттің белгісі – орынсыз сән-салтанат емес, ұстамдылық пен қарапайымдылық, үнемшілдік пен орынды пайдалану көрегенділікті көрсетеді. Расында әрбіріміз ысырапшылдықтан арылып, қанағатшылдыққа бет бұруды үйренуіміз керек-ақ, - деді мәслихат төрағасы.

Күн тәртібіндегі алғашқы мәселе бойынша аудандық арда­герлер кеңесінің төрағасы Өмірсерік Тақырбасов «Ас беру мәдениеті» тақырыбына тоқталды.
- Ауқатты отбасылар асқа ірі қара сойып, құрбан шалып жатқанда, жағдайы төмен және орташа отбасылардың одан қа­лысқысы келмейтіні түсінікті. Осыдан келе жұрттан қарыз алып, қауғаланып «парызымды орындаймын» деп дүниеден өткен жандарға ас беріп, шы­ғындалып жүргендер де жоқ емес. Ал шын мәнінде шариғатта: «Жеңілдетіңдер, ауырлатпаңдар, сүйіншілеңдер, қорқытпаңдар!» де­ген. Бүгінгі күні осы сынды әдет-ғұрып пен рәсім реттелмесе, жыл өткен сайын қиындық күшейе түсуі мүмкін. Сол себепті Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы осы рәсімді реттеп, бір жүйеге келтіретін арнайы құжат қабылдауды назарға алды. Біз бұл құжатты негізге ала отырып, қоғам болып қолдауымыз қажет. Сонда ғана ысырапшылдықты тоқтатқан болар едік, – деді ардагерлер кеңесінің төрағасы.

Мұнан соң сөз алған ауданның бас имамы Әбдіхалық Нәметов жаназа мен жерлеу рәсіміне тоқталды.
– Қазіргі таңда жаназа мен жерлеу рәсімінде ысырапшылдық пен шариғатқа сәйкес келмейтін әрекет жиі орын алып жатады. Мұның барлғы Құранның: «Жең­дер, ішіңдер, бірақ ысырап етпеңдер. Шынында, Алла Тағала ысырап етушілерді жақсы көр­мейді» деген қағидасына керағар істерге жатады. Кейбір отбасылар марқұмды ақтық сапарға шығарып салуды жарысқа айналдырып, үлкен шығынға ұшырайды. Бұл материалдық жағдайы төмен адам­­дарға ауыр тиіп, кейбір отба­сыларды қарызға батыруға дейін жеткізеді. Сондықтан ша­риғат ысырапшылдықты қатты айып­тайды және жаназа мен жерлеу рәсім­дерін барынша қарапайым қылып өткізуге шақырады. «Жаназа және жерлеу рәсімдері» кітабында «Қаралы үйдің тұрмысы ауыр немесе біреулерге қарызы болса, олардың одан сайын қарызға батып, ас беруі дұрыс емес. Оның үстіне мәйітті бірнеше күн жатқызып қойып, тек қонақ күтудің қамына кірісу – күнә. Ең әуелі мәйітті жуындыру, кебіндеу, жаназа­сын оқу және жерлеу істері мұсыл­манның мойнындағы кезек күт­тірмейтін негізгі міндет екенін ұмытпағанымыз жөн делінген. Жаназа үстінде ақша, орамал тарату, аталыққа шапан үлестіру үрдісіне де куә болып жүрміз. Көбінесе таратылып жүрген дәке орамалды, сөздің шынын айт­қанда ешкім пайдаланбайды. Халық арасындағы үрдісті адам­дар орындауға міндеттіміз деп ойлайды. Ендеше біреудің шамасы келіп, енді біреудікі жете бермейтін ондай садақаны жаназа үстінде емес, басқа уақытта да беруге болады. Зират – барша адамзаттың Жаратушы алдында тең екендігін, бай мен кедейдің, жас пен кәрінің, күшті мен әлсіздің бір-бірінен артық еместігін, имандылық, тақуалық секілді ізгі қасиеттермен ғана биік тұратынын көрсететін ғибрат мекені. Қайтыс болған адамды қабірге қоярда денесіне ешбір артық киім кигізбей, тіршіліктегі сәндік бұйымдардың ешқайсысын өзімен бірге жерлемей, жағасы мен жеңі жоқ, тек ақ матамен ғана қою, яғни күллі мұсылманды бірдей етіп жер қойнына тапсыру тәртібі осы теңдік ұстанымын білдіреді, – деді ауданның бас имамы.

Басқосу барысында ас беру мәдениеті мен жаназа, жерлеу рәсімдерін бірізділікке түсіру мәсе­лесі жайлы Әбутәліп Сүйіндіков, Әлібек Сүгірбаев, Серік Мұсабай, Әзия Қыстаубаевалар өз пікірлерін білдірді.

Жиынды қорытындылаған аудандық ардагерлер кеңесінің тө­рағасы Өмірсерік Тақырбасов ас беру, жаназа шығару, зират салу, жалпы марқұм болған адамдарды жөн-жоралғыға сәйкес жерлеу мәдениетін халқымыздың дәстүрі мен Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының әдістемелеріне негіздеп, бір ізге салу аса маңызды екенін жеткізіп, облыстық ардагерлер кеңесінің үндеуін қолдауға шақырды.
20 желтоқсан 2024 ж. 26 0