Ерен еңбекке лайықты құрмет

Балабақшадағы тәрбие – барлық тәрбиенің бастауы. Болашақ өмірдің бірінші баспалдағы. Тәрбиеші – балаларды мәдениетке күрделі және алуан түрлі қарым-қатынастардың әлеміне жетелейтін ұлағат иесі. Қысқаша айтқанда, үлкен өмір тарихының алғашқы парақтарын ашатын тұлға. Міне, осындай ерен еңбектің жемісін көріп, қаншама жыл қызмет еткен ұстаздарға қандай құрмет көрсетсек те жарасады. Өткен аптада “Ақбота” бөбекжай-бақшасында осындай іс-шара ұйымдастырылды.
Мектепке дейінгі ұйымның ұстаздарына арналған бұл кеш жылдағы дәстүрмен жалғасып, мерекелік көңіл-күй сыйлады. Іс-шара барысында ұжымдағы ардақты ұстаз, балаларға білім мен тәрбие беруде 14 жыл бойы адал еңбек еткен Құндызай Әлімбетованы құрметті зейнеткерлік жасқа шығарып салдық. Арнайы құттықтаулар мен жүрекжарды тілектер айтылып, әріптестері ұстаздың еңбегін жоғары бағалап, жылы лебіздерін білдірді.
Ұстаз еңбегі – талай бүлдіршіннің жүрегіне ізгілік пен мейірім ұялатып, болашағына бағыт-бағдар берген тәлімдік жолдың айқын үлгісі. Ол өз ісіне шын берілген жан ретінде әріптестеріне де, шәкірттеріне де өнеге бола білді.
– Тәрбиешілік – менің жүрегіммен, барлық біліміммен және кәсіби біліктілігіммен айналысатын қызметім. Балабақшада әрбір бала ерекше тұлға. Менің міндетім – олардың әрқайсысын түсініп, қолдау көрсету. Әрбір баланың даму жолы әртүрлі, сондықтан мен әр баланың жеке ерекшеліктерін ескере отырып, оларға тиісті тәрбие мен білім беруге тырыстым. Балалармен жұмыс істеу мен үшін үлкен жауапкершілік. Мен олардың шығармашылық қабілетін, зейінін және әлеуметтік дағдыларын дамытуға күш-жігерімді салдым. Ата-аналармен тығыз байланыста болдым. Маған осындай қолдау білдіріп, құрмет көрсетіп отырған басшылық пен әріптестеріме алғыс айтамын, – деп кеш иесі ізгі тілегін білдірді.
Мерекелік шара аясында ұжымдастары мен ата-аналар қауымы ұстазға шексіз алғыстарын білдіріп, зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, жақсылық пен қуаныш тіледі. Мерекелік кеш ән-жырмен көмкеріліп, жас мамандардың шығармашылық құттықтауларына ұласты.
Ұстазға құрмет – ұрпаққа аманат.
Маржан РЫСОВА,
балабақша дифектологы




