Ұлағатты ұстаз жолы
М.Көкенов атындағы мәдениет үйінде еңбек және соғыс ардагері, «Қызыл Жұлдыз», «Ұлы Отан соғысы», «Октябрь революциясы» ордендерінің, «СССР және Қазақ ССР-і Оқу ісінің үздігі» белгісінің иегері, «Қазақ ССР-нің еңбек сіңірген мұғалімі», Жаңақорған ауданының құрметті азаматы Әбіласан Әшірбековтің еңбек жолына арналған «Ұлағатты ұстаз жолы» атты ғылыми-танымдық конференция өтті. Конференцияға алыс-жақыннан келген ғалымдар, ауданның зиялы қауым өкілдері, ұстаздар қауымы қатысты.
Аудандық мәслихат төрағасы Ғалымжан Жарқынбектің модераторлығымен өткен ғылыми-танымдық конференцияда ардагер-ұстаз Батырхан Жоланов және Жаңақорған ауданының құрметті азаматы, журналист Ерубай Қалдыбек Әбіласан Әшірбековтің өнегелі өмірі мен еңбек жолы туралы баяндама оқыды.
Сонымен қатар аудандық «Білім беру саласының ардагерлер ұйымы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, ардагер-ұстаз Аллаберген Ахметов және ардагер-ұстаз Күләнда Жақыпбекова мінбеге көтеріліп, құнды деректерді ортаға салды. Туған жердің төл перзенті туралы естеліктер айтылып, мағыналы әңгімелер өрбіді.
Мәдениет үйінің фойесіне ұстаздың еңбек жолын баяндайтын фотошежіре, альбомдар, әр жылдары мерзімді баспасөзде тұлға туралы жазылған материалдардан жасақталған көрме қойылды.
Әрқашан адамгершілікті ту етіп, бойындағы білімі мен білігін жас ұрпақтың тәрбиесіне арнап қана қоймай, қоғамшыл, қайраткерлік қабілетімен елдің арбасын ілгері сүйреуге азаматтық үлесін аямаған асыл ағамыз – Әбіласан Әшірбековті бұл өңірде білмейтін, құрметтемейтін адам жоқ.
Әбіласан Әшірбеков туралы әріптесі, ардагер-ұстаз, облысымыздың құрметті ардагері Зинабдин Шермұхамедұлы «Ұрпаққа аманат» кітабында былай деп толғанады:
«Әбекеңнің басшылығы, яғни ұйымдастырушылығы, басқару, талап қою, тәртіп-талғамы – бәрі де ешкімге ұқсамайтын ерекше мектеп екен. Мен сол мектептен қажетімше сусындап, келешек өміріме азық болар үлгі-өнегеге қанықтым. Аз уақытта көп нәрсе үйрендім. Ол кісінің ұқыптылығына, тазалығына, жүріп-тұру әдебіне, тіпті сәлемдесу мәдениетіне ерекше мән беріп, бойыма сіңіруге тырыстым.
Соның ішінде ол өзі ерекше қадағалайтын тәртіп мәселесін талап етуі айрықша болатын. Мектеп үйінде баланың білім алуына тап-таза жағдай қалыптасуы керек. Тіпті дәліздің өзінде артық қозғалыс, жүріс-тұрысқа, сырттан бөгде кісілердің бей-берекет кіруіне мүлде рұқсат жоқ. Мұның барлығы, білімгерлердің сабақ оқуына барынша жағдай жасауға келіп тірелетін мәселе еді» деп жазды.
«Кілемге бергісіз алаша болады, ханға бергісіз қараша болады» дегендей, жасынан тағдыры еншілеткен тауқыметті тастай талабымен жеңіп, ақылы мен қайратын қара тұтып, содан қуат тауып, қатарының алды бола білген азамат өмірдің барлық сынында мұқалмай, баяғының батырларындай мұздай құрсанып, жел мен дауылға қасқая қарсы тұра біліпті.
Ұстаз-аға туралы тебірене сыр шерткен алдыңғы толқын осылай дейді.
Ардагер-ұстаз Аллаберген Ахметов ағаның көзін көріп, тәрбиесін алғанын мақтаныш тұтатынын жасырмады. Сондықтан оның пікірін түгел келтіруді жөн көріп отырмыз.
– Отан соғысынан аман-есен келіп, енді өзінің сүйікті кәсібі – ұстаздықты ұлықтап, елдің баласын тәрбиеледі. Ұстаз ғана емес, білікті басшы, аяулы әке, ардақты ата, асыл жар, бір сөзбен айтқанда, айналасына айрықша нұрын шашқан қамқор тұлға бола білді.
Өзі басқарған білім ордасында қарамағындағы жас мұғалімдерге әкесіндей болып, жанашырлығын аямады. Олардың бойындағы талантын танып, білімін жетілдіріп, әлеуетінің артып отыруына өзі бас-көз болып отырды. Жүрген жерінде ортасына өзінің ұстанымымен, жүріс-тұрысымен, киім-киісімен, жалпы зияткерлік болмысымен үлгі болып, ұстаз интеллектісінің шынайы келбетін қалыптастыра білді.
Жоғарыдан ешкім бақылап тұрмай-ақ мектеп ұжымының өз-өзіне мықты талап қоя білуі, бұл сайып келгенде, әрбір тәлімгердің өз-өзіне деген жауапкершілігін арттырса керек. Сондықтан осындай қатаң күн режимін қалыптастырған білікті басшыны мектеп беделін биіктетіп, ұстаз ұлықтығын бекемдеген тұлға деп айтуымызға әбден болады.
Әбекеңнің бойындағы тағы бір айрықша қасиеті – интуициясының мықтылығы, таным-түйсігінің тереңдігі еді. Осы қасиетімен ол адам жанын түсіне білді. Кадрларды дұрыс іріктей алуы, шәкірт жанына терең бойлауы арқылы мектеп мазмұнын да заманға сай дамыта алды. Соның арқасында қаншама жақсы нәтижелерге қол жетті. Мектепте жақсы мұғалімдер мен үздік шәкірттердің тәрбиеленіп шығуына жол ашты.
Оның соңғы басшылық еткен №3 мектеп-интернаты, осы оқу ордасында кезінде Әбекең қалыптастырып кеткен үлгі-өнегенің іздерін әлі де көріп қалғанымызда, ұстаздың тәрбиесін алған темірқанат әріптестерімізге іштей риза болып отыратынымыз жасырын емес.
Енді осы азаматтар осы сабақтастықты үзіп алмай, келесі буынға аманаттай алса, бұл мектептің бағы басынан кетпейді деп сенеміз. Сондай-ақ аудандағы барлық мектеп басшылары талапшыл ұстаздың қамқор әкедей ізгілік пен темірдей тәртіп қағидалары егіз ұштасқан ұлағатын, алдымен өз ар-ожданына кір жуытпаған тазалықты ту еткен қадір-қасиетін үлгі тұтып, бойтұмардай сақтай білсе деймін.
Менің бұл жерде айтпағым, қасиетті қара шаңырақта қалыптасқан асыл құндылықтарымыздың қадірін қашырмай, «қайыңның қатты безіндей» о баста қалыптасқан қаранар қағида, қасиетті құндылықтарымызды көздің қарашығындай сақтай білсек, аға аманатына адалдығымыз осы болар.
Бота тірсек бозбала күнімізден тәлімін бойымызға сіңіріп, нардың жүгін артарлық дәрежеге жеткізген асыл азаматтың көзін көрген, тәрбиесін алған әрбіріміздің бұл асыл міндетіміз, – деді ол.
Бұлақтың да көзі суалады, көл тартылады. Бірақ бар ділімен, жанымен, таза пейілімен елге болсын деп, соңғы демі қалғанша өмірін халықтың қызметіне арнаған арда азаматтардың соңында қалдырған ұлағаты болашақ кәдесіне жарап, сана саулығына сәулесін түсіріп, ұрпақтан-ұрпаққа жалғаса беретініне кәміл сенеміз.
Ата тағылымынан біз осыны түйсіндік.
Жәмила ЕРМАХАН