«Creative Caravan» – ЖАҢАҚОРҒАНДА!

Кәсіпкерлік саласы – экономиканың негізгі күші. Осы орайда Мемлекет басшысының әр өңірде креативті индустрияны дамыту жөніндегі тапсырмасы аясында облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасына қарасты «Анаға тағзым» орталығы аудандарда «Creative Caravan» жобасын өткізуде. Заманауи көш, ерекше жоба Жаңақорған ауданында жалғасын тапты.
Облыстық көшпелі керуен құрамында кәсіпкерлік, қолөнер саласының мамандары бар. Аудандағы «Руханият» орталығында ауданның қолөнер шеберлері мен кәсіпкерлері бас қосып, өзара тәжірибе алмасты. Шарада алғысөз алған аудандық әйелдер кеңесінің төрайымы Акмарал Маликова кәсіпкер аналардың тыныс-тіршілігін сөз етті.
– Аудан көлемінде кәсіпкерліктің тізгінін ұстаған қыз-келіншектер жетерлік. Олардың өндіріп жатқан тауарларын нарыққа сай үйлестіріп, бизнес орталықтарда білім алып, тәжірибе жинақтауы үшін мемлекет тарапынан атқарылып жатқан жұмыстарды бір арнаға тоғыстырудың сәті түсті. Іскер аналарымыздың ілкімді идеясынан бастау алған жаңашылдықты халықаралық нарыққа шығарып келеміз. Мәселең, «Қыраш» сабыны, «Жаңақорған қағазы», «Таза өнім», «Апамның көжесі» секілді креативті бастамаларды қаржыландыру көзі жетілдірілген. Ұлттық брендке айналған «Ұлттық шапан» шағын цехының сапалы өнімі республикалық көрмеде үздік деп танылса, «Сәукеле» бренді «Геннистер» кітабына енді. Міне, осындай кәсіпкерлердің ізін жалғаған жиырма шақты қыз-келіншек бүгінгі семинарға келіп, білім-біліктілігін арттыруды ниет етіп отыр, – деді ол.
Семинарда «Анаға тағзым» орталығының көркемдік жетекшісі Феруза Оңталап креативті кәсіпкерліктің өңір экономикасына әсерін тарқатты.
– «Creative Caravan» – көшпелі форматтағы ерекше жоба. Жобаның өзектілігі – тарихи Ұлы Жібек жолының ізімен үндесіп, ежелгі өркениеттерді тоғыстырған мәдени артерияны қазіргі заманғы креативті индустриямен сабақтастыру. Негізгі мақсат – аудан мен ауылдардағы шығармашылық әлеуетті ашу, жас таланттарды қолдау, оқыту семинарлары мен шеберлік сағаттарын өткізу, жергілікті кәсіпкерлердің креативті өнімдері мен қызметтерін коммерцияландыруға қолдау жасап, облыстық және республикалық деңгейде танымалдығын арттыру. Сондай-ақ шебер кәсіпкерлерімізді қолдай отырып, халықаралық нарыққа шығару, – деді ол.
Ең алдымен, аудан және ауылдық округтерден келген қолөнершілер қонақтарға өз өнімдерін таныстырды. Оның ішінде тігінші, ағаш, темір ұсталары, тоқымашы мен өзге де қолөнер шеберлері болғанын айта кетейік.
Ұлттық құндылықты жаңғырта отырып, бүгінгі күн тұрғысынан қайта жандандырған іс-шара өзара тәжірибе алмасу алаңына айналды.
Одан кейін оқыту дәрістеріне кезек берілді. Сала мамандары мемлекеттік грант пен бағдарламаларды, салық саласындағы өзгерістерді түсіндіріп өтті. Одан кейін оқыту дәрісі креативті өнімдерді брендке айналдыру жолдары, маркетинг пен әлеуметтік желілердегі жарнама жасау тәсілдері туралы тақырыптармен жалғасын тапты. Диалог алаңында кәсіпкерлер, жас креаторлар мен сала мамандары өзара пікір алмасты. Мамандар кеңесінен соң кәсіпкерлер өзара сұрақ-жауап алмасты. Жиын соңы марапаттауларға жалғасты. Қатысушылар креативті жобаның жоғары дәрежеде ұйымдастырылғанын айтып, алғыс білдірді.
ТҮЙІН. Кәсіпкерліктегі креативті бастамаларды қолдауға арналған басқосуда жергілікті қолөнер шеберлері өзі шығарған өнімдерін сатудың заманауи әдіс-тәсілін меңгеріп, тауар жарнамасын ұлғайтудың маңызын білді. Сондай-ақ, жасанды интеллектінің көмегімен сурет сапасын арттыруды үйренді. Президент жолдауында айтқандай, жасанды интеллектіні дамыту сауда-саттықты бәсекеге сай кеңейтіп, жарнамасын ұлттық құндылықтармен үйлестіруге жол ашатынын көрсетті.
Мақпал МАРҚАБАЙ




