ЖАС МЕРГЕН-2025: АУДАНДЫҚ ІРІКТЕУ

Апта басында оқушы ұлдар арасында өткен әскери қолданбалы спорт түрлерінен «Жас мерген-2025» әскери-патриоттық аудандық іріктеу сайысында үздіктер анықталды. Қызылорда облысы білім басқармасының Тәрбие, спорт және қосымша білім беру орталығының және аудандық білім бөлімінің жылдық іс-шаралар жоспарына сәйкес ұйымдастырылған дәстүрлі додаға барлық білім беру ұйымдары қатысты.
№293 орта мектеп базасында өткізілген спорттық сайыста Орталық аймағы-1 (№51, 169, 193, Ө.Жүмаділла мектебі), Орталық аймағы-2 (№110, 163, 289, А.Абдуллаев мектебі), Ынтымақ аймағы (№55, 164, 293), Сығанақ аймағы (№52, 53, 166, 195 мектеп), Тау аймағы (№54, 161, 239, 247 мектеп), Сыр аймағы (№168, 196, 213, 224 мектеп), Аққорған аймағы (№184, 192, 256) командалары өзара бақ сынады.
Спорт залында мектеп командалары алдымен сапқа тұрғызылып, ҚР Мемлекеттік туы енгізіліп, әнұран орындалды. Жаңақорған ауданы бойынша білім бөлімінің басшысы Нариман Жахудаев салтанатты жиынды ашып, сайысқа қатысушыларға сәттілік тіледі.
Сайыс бағдарламасы бойынша командалар пневматикалық винтовкамен нысана ату, АК-74 ММГ оқу қаруын жартылай бөлшектеу/ жинақтау, АК-74 ММГ оқу қаруының оқжатарын патрондармен жарақтау, жалпы әскери қорғаныш жиынтығын кию, кермеде тартылу, әскерилендірілген кросс сайыстары бойынша додаға түсті. Сайыс қорытындысымен бас жүлде Ынтымақ аймағына бұйырды. 1-орынға Сыр аймағы жайғасса, 2-орын №2 Орталық аймағының еншісіне бұйырды. Үшінші орынға Аққорған аймағы ие болды.
Жеңімпаз командалар мен үздік нәтиже көрсеткен оқушыларға білім бөлімінің дипломдары мен медальдары табысталды.
Арман ЕГЕМБЕРДИЕВ,
бірлестік жетекшісі




