Мейірлі мекен «Меруертке» – 25 жыл

Бала бағбаны деген ардақты мамандығына адалдығынан танбай, жарты ғасырға жуық уақытын бүлдіршіндерге арнап келген аяулы ана Айзада Сақтағанованың балабақшада тәрбиелеген шәкірттерінің алды бүгінде елуді еңсерген ел азаматтары деңгейіне жетіпті. Ұстаздық пейіл-ықыласын бір де кемітпей, көз алдында құлдыраң қаққан қошақандардың қуанышты күлкісінен көңілі жасара түсетін мейірбан жанның еңбек жолында қызықты сәттермен қатар нешеме қиындықты еңсере білген қажыр-қайратына ел куә.
Өткен ғасырдың жетпісінші жылдары қазығы қаланған №2 «Балдырған» балалар бақшасы осы елге келін болып түскен арудың алғашқы еңбек ұжымы еді. Балалар мекенінде бес жыл тәрбиеші болып, одан әрі аудандық білім бөлімінде мектепке дейінгі тәрбие әдіскері болып еңбек етті.
Тоқсан үшінші жылдардың оңтайландыру саясаты кезінде мемлекеттен қаржыландырылатын көптеген мекеме-ұжымдардың басына қара бұлт үйіріліп, қысқартылуға ұшырағаны рас. Осы кезеңдері облысымызда жұмыс істеп тұрған 295 балабақшадан 60-сы ғана аман қалды десек кім сенеді? Тұтас елді қамтыған осынау қыспақтан көмек сұрап жүгіргенге ешкімнің жәрдемінен қайран жоқ, қысылтаяң шақта бір ғана әдіс – балалар мекенін сенімгерлік басқаруға тәуекел еткен талапты жандарға үміт артылды. Осы мақсатқа бекем бел буған Айзада апай балабақшаның келешегін мойнына алды. Әрине осы жолда өзіне бірден-бір тірек болған жары, ауыл медицинасының беделді маманы, білікті стомотолог дәрігер – Нәбиев Амангелді ағамыздың үлкен қолдау-қамқорлығын ерекше айту әділдік болар еді.
Сол кездері балалар мекенінің тағдырына кішкентай бүлдіршіндердің ойын-күлкісіне көмкерілген құттыхананың тыныс-тіршілігі ғана емес, сонымен қатар отыз шақты отбасының күнделікті күнкөрісіне жарап, егелерін еңбекпен қамтып отырған жұмыс орнының жай-жағдайы да тәуелді еді. Сондай қиын кездері ауданда «Балғын» және «Балдырған» балабақшасының меңгерушілері Айсара Нәлібаева мен Айзада Сақтағанованың тәуекелге бел буып, ұжымды ұстап қалуы нағыз батылдықтың үлгісі еді деуге болады.
Екімыңыншы жылдар бедерінде балалар мекенін «Меруерт» деген жаңа атаумен жеке қарауына алып, жұмысын сапалы жүргізуге ден қойған Айзада апайдың бұл талабын жолға қойғанына да аттай жиырма бес жыл өте шығыпты. Балабақшаның мерейлі жасын атап өтуді мақсат еткен ұжымның қуанышын бөліспекке төл газеттен арнайы келіп қатыстық.
Кеш шымылдығын ашқан балабақша құрылтайшысы, «Ерен еңбек» және «Ыбырай Алтынсарин» медалінің иегері Айзада Сақтағанованың лебізі төмендегіше өрбіді:
– Бүгінгі шараға келген ұстаздарымның алдында басымды иемін. Сіздерге алғысым шексіз. Жаңа ортаға келген қадамыма бас-көз болып, қызметте және елдің алдында төл міндетімді атқарып, еңбек жолымды сәтті меңгеріп кетуіме анамдай қамқор болып, жүрек шуағын бөліскен апа-әпке, құрбы-замандас, абысын-ажынға алғысым шексіз. Жекешелендіру науқаны кезінде егесіз қалып, елдің баласына жағдай жасауға қауқары қалмаған балалар мекенін сақтап қалып аяғынан тұрғызуым бір басқа, кейін 90 бала, 27 жұмысшысымен өз жауапкершілгіме алып, құрылтайшылық етіп келе жатқаныма да 25 жыл өтіпті. Осы бір атаулы күні жарық өмірде өзімді алдарында қарыздар сезінген ұстаздарымның басын қосып, құрмет көрсетуді парыз санадым, - деді Айзада апайдың өзі.
Ұлттың болашағы ұлттық тәрбиеге байланысты. Осы бағытта озық әдіс-тәсілдерді қолдану ұжымның іскерлігін, ізденімпаздығын, шығармашылығын талап етеді. Биыл балабақша бүлдіршіндері Абай атаның 180 жылдығына орай ұйымдастырылған шарада ақын қарасөздерін оқудан озық танылып, марапатқа ие болыпты. Мереке күні осы жетістіктер туралы да тоқтала кетуді жөн көрген балабақша құрылтайшысы осындай жетістіктер жолында ересен тер төгіп келе жатқан бала бағбандарына шынайы алғысын жеткізді.
Келесі кезекте сөз алып, құттықтау лебізін жеткізген облыстық мектепке дейінгі тәрбие мен білім беру саласының ардагері, облыстық ардагерлер кеңесінің кеңесшісі Күлай Сағындыққызы жарқын естеліктерімен бөлісті. Балабақша жұмысын аяққа нық қоюда кезінде облыс аудандарын түгел аралап, кәсіби бағыт-бағдар берген еңбек жолынан деректер келтіріп, балалар мекенін бүгінгідей деңгейге жеткізуде еңбегі зор әріптестеріне шын пейілді ризашылығын жеткізді. Бар-жоқ деп санаспайтын, бірінің иығындағы жүкті екіншісі іліп әкетіп, көмектесуге даяр тұрар сол кез адамдарының ортақ абырой мен дәрежеге жеткен жұмыс тәжірибелерін жастарға үлгі етті. Одан әрі ізінен ерген әріптесі – бүгінгі мерейтой иесіне жүрекжарды құттықтауын арнады.
Аудандық білім бөлімі басшылығы атынан арнайы келген Мира Жандарбекова мерейтой иесіне арнау хатын табыстап, иығына шапан жапты. Одан әрі ұстаз-әріптестері атынан Гүлсім Жаңабергенова, Айсара Нәлібава, Әдемі Дәрібаевалар өздерінің алғаусыз тілектерін жеткізді.
САБАҚТАСТЫҚ САЛАДА ДА ЖАЛҒАСАДЫ
Қырық жеті жыл мектепке дейінгі салада еңбек еткен Айзада Сақтағанованың мерейлі шара үстінде бүгінге дейін атқарып келген қадірлі кәсібін ары қарай жалғастыруды өзінің перзенті Меруертке табыстайтыны жөнінде көп алдында хабардар еткені кәдімгідей көңілді толқытты. Өмір заңы – осылай. Жас өспей ме, көкейді теспей ме? Өскен-өнген ұрпағың амандығымен қуантып қана қоймай, қолыңнан кәсібіңді алып, өмірлік мұратыңды ары қарай жалғауды мақсұт тұтса, одан асқан бақыт бар ма?
Жақында ғана балалар мекенінің іші-сыртын толық жөндеуден-жаңартудан өткізіп, сыңғырлатып қойған, ісіне ұқыпты, міндетіне адал Меруерт Амангелдіқызы балабақшаның символикалық кілтін ұсынып тұрған анасының аманатын құп алып, жаңа жігермен міндетіне кірісетініне уәдесін берді. «Бөбек күнімізден анамыздың қызмет-қарекетін көріп өстік. Өз баласынан гөрі елдің баласының жағдайын көп ойлайтын анамыздың құнты-пейілі менің көкірегіме де өзінің өшпес өнегесін тастап кеткендей. Ана өсиетіне әрқашан адалдық танытуды перзенттік парызым деп есептеймін» деді ол. Ал балалар күтімі мен тәрбиесіне жауапты балабақша меңгерушісі, өзінің келіні Гүлмира Рахымбердіқызының бұл салада 25 жылдық тәжірибесі бар екенін де Айзада апай мақтанышпен айтып өтті. Сабақтастық деген отбасында ғана емес, еңбекте де, кәсіпте де жалғасып жатуының көпке өнегелі тұсы осы болса керек.
Баян ҮСЕЙІНОВА




