№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Базар бағамының тынысы

Базар бағамының тынысы


Қазір нарықтың құбылмалы болмысына үйрендік. Зейнетақы мен жалақыға үстемақы қосылады деген әңгіме қылтиса базар бағамы шарықтап кететіні бар. 2018 жылдың 1 қаңтарынан бас­тап әлеуметтік белгіленген тобының жәрдемақысы көбейді, зейнетақы мөлшері артты. Бұған нарық қалай бейімделуде?
Осыны зерттеу үшін «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Мәжит Балқожаев, партия филиалының жанындағы депутаттық фракциясының жетекшісі Зағипа Абжалелова және аудандық мәслихат депутаты Нарымбет Көлжанов орталық базарға а­рнайы барды.
Сыр өңіріндегі төрт түліктің үштен бірі Жаңақорған ауданына тиесілі. Тіптен, уақ малдың 45 пайызы бізде. Әйткенмен, ет бағасы жыл санап қымбаттап келеді. Сондықтан халық қалаулылары базардағы ет саудасынан бастағанды жөн көрді.
– Армысыздар! Сауда қалай жүріп жатыр? – деп сөз бастады Мәжит Байқожаұлы.
– Бәрі бала-шағаның қамы ғой, – деді сатушы Нұрлан Әшірбеков.
– Ет бағасы қаншадан босатылып жатыр?
– Сиыр етінің келісі 1400 теңге. Қойдыкі 1500 теңгеден.
– Өткен жылғы бағамен салыстырғанда қандай?
– Қатты қымбаттады дей алмаймыз. Себебі, қыста етке сұраныс азаяды.
– Өткен жылы салықшылармен арада түсініспеушілік болғанын білеміз. Мәселе шешілді ме? – деп сөзге араласты Зағипа Бегманқызы.
– Заң ортақ болғасын салықты төлеп келеміз. Уақытынан кешіктіріп төлейтініміз де рас. Себебі, қыс айларында еттің саудасы бола бермейді. Алайда біз тек алып сатар болғандықтан, салық төлеу ыңғайлы болса деген ойымыз бар, – дейді сатушылар.
Олардың сөзінше, салық төлеу жүйесі тиімсіз болып отыр. Айталық, ет сатушы 100 000 теңгеге сиыр етін сатып алып, оның үстінен 30 000 теңге пайда көрді. Бұл жерде ет сатушыдан салық алынғанымен, сиыр малды сатқан тұлғадан қазынаға қаржы түспейді екен.
– Былтыр ет бағасы қымбаттады. Оған не себеп болды? – деді депутат Нарымбет Сәрсембекұлы.
– Рас Жаңақорғанда мал көбіне көп. Алайда, бізде біріншіден, мал базары жоқ. Екіншіден, біз әлі күнге дейін Түркістанның нарығына тәуелдіміз. Малдарды, әсіресе ірі қараны сол өңірден алып келіп, соямыз. Олар бағаны көтеретін болса, онда біз ештеңе істей алмаймыз, – деп жауап қатты ет сатушы кент тұрғындары.
Одан кейін нан сатушыларына қарай адымдадық. Жыл басында зейнетақы көбейді. Соған сай баға да өсетіні ақиқат. Бірақ, нанның бағасы тұрақты. Ең төменгі бөлке наны базарда 60 теңгеден. Сондықтан, депутаттар сауалды ұнның бағасынан емес, саудагерлердің күн көрісінен бастады.
– Жағдайымыз тұрақты. Сауда да жаман емес. Дегенмен, бәсекелестік ортада алып сатарлар, көбейіп кетті. Барлығы да тіршіліктің қарекеті емес пе? – деді Гүлмира Оспанова.
– Күніне қанша нан сатылады, – деген депутаттар сұрағына:
– Асып кеткенде 100 нан сатамыз, – деді ол.
Шыны керек, ауданға тауардың көбі көрші аймақтардан келеді. Түркістан, одан қалса Сарыағаштан. Сондықтан, базар бағасы тұрақсыз болады. Себебі, жол ақысы қымбат, жанар-жағармайдың бағасы тұрақсыз. Ай сайын өсіп жатыр, әлі де көтерілуі мүмкін. Бұл базардағы тауар құнының өсуіне әкеліп соғады.
Халық қалаулылары көкөністің бағасын бағдарлауды ұмытпады.
Жылдағы баға тұрақты екен. Алайда, өзімізден шығатын өнімнің жоқтығы нарықтың тұрақсыздығына алып келуде. Иә, бізде де жылыжай кешені қалыптасып, көкөніс өндірілуде. Бірақ, көп мөлшерде емес. Ал, күзде ауылшаруашылығы өнімдерін сақтайтын қойма болмағандықтан, диқандар өткізіп жіберуге асығады. Сосын қыста баға құбылып тұрады. Бұл ретте, аудан әкімінің сыйымдылығы жоғары қоймалар саламын деген талпынысы қолдауға тұрады.
– Өткен жылы жаңақорғандық кәсіпкерлер жылыжайдағы өнімдерін орталық базарға өткізгенде баға тұрақтанған еді. Тіптен, қияр айтарлықтай арзанға сатылды. Демек, өзімізде өнім өндірілсе баға тұрақты болады, – дейді көкеніс сатушылар.
Қорыта айтқанда, Жаңақорған ауданының Елбасы тапсырғандай отандық өнімді өндіруге қауқары жетеді. Мұны аудан басшысы да жақсы біледі. Сондықтан, ауыл шаруашылығында биыл былтырғыдан да жоғары нәтижеге қол жететініне сенім мол.

Әлібек ТЕМІРБЕК.
20 қаңтар 2018 ж. 1 392 0