№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Теңге ілуден де тұғырдамыз

Теңге ілуден де тұғырдамыз


Шымкент қаласында өтіп жатқан теңге ілуден ересектер арасындағы ҚР чемпионатында қоржынымыз қос жүлдемен толықты. Қос құлаш стилі бойынша Сейдахмет Руслан күміс жүлде иегері атанса, жеті құт стилі бойынша Сапарәлі Дәулетияр қоламен қуантты. Бұл – жақсы нәтиже, дегенмен алтыннан үмітті біздің жігіттер енді келер жылы кеткен есені қайтарады деп сенеміз.


Жалпы ат спортының ішінде теңге ілу түрі шапшаңдықты, ептілікті талап етеді. Аттың шабысынан, спортшының сақалығынан қатар тізілген теңгелерді төбеге көтеру өте қиын. Сырт көзге оңай көрінгенімен, дүбір алаңында даралану қиынның қиыны. Оған ауданда өткен жастар арасындағы ел чемпионатында талай куә болғанбыз. Негізінен бұл ойында жас жігіттердің ат үстіндегі шеберлігі сынға түседі. Ойын барысында шабандоз атпен шауып келе жатып жерде жатқан теңгені қолмен іліп кету қажет. Ойынға алдымен кілең сайдың тасындай, ат құлағында ойнайтын мықты жігіттер іріктеліп, ортаға шығады. Мұнан соң төреші топ алдына бірнеше қызыл орамалға түйілген темір ақшаны (тиын теңгелерді) жерге тастайды. Жиналған жігіттер кезектесіп 150-200 метр қашықтан екпіндете шауып келіп, жердегі қызыл орамалға түйілген теңгені іліп алулары қажет.
Ойын кей жағдайда ақ босаға аттаған келіннің құрметіне де ұйымдастырылады. Бұл кезде теңге орнына келіннің шолпысының бір бөлшегі немесе арнайы жеңге теберік орамалға түйілетін болған. Ал кейде нағыз ептілерді сынау үшін түйілген теберік, (шағын естелік сыйлық) ойын алаңында арнайы қазылған шұңқырға тасталады. Шұңқыр тек қолдың басы ғана сиятындай етіп, екі қарыс тереңдікке дейін қазылады. Ойынға қатысушы жігіттер екпіндете шауып келіп, еш кідірместен шұңқыр ішіндегі сыйлықты іліп алуға тырысады. Кімде-кім сыйлықты өз ептілігімен іліп алса той ары қарай жалғаса береді. Ал жеңіске жеткен жігіт олжасын міндетті түрде келесі қызға тарту етуі тиіс. Не өзі қанжығасына байлайды.
– Бұл спортқа келуіміз таңсық емес, бала кезден ат құлағында ойнап, талай топта тайталасып, көкпар шапқан едік. Сол секілді теңге ілу де жылдамдық пен мықтылықты, шапшаң қимылды қажет етеді. Бүгінгі жетістікке қуаныштымын, алтынға тек бір табан жетпей қалғаным үшін сәл көңіл-күй түсіп тұр. Кеткен есені келесіде қайтаратын боламын, – деді жерлесіміз.
Кейде ойын барысында аттан ауып түсіп, жұрт алдында ұятқа қалған жігіттер де болып жатады. Бірақ бұл қалыпты жағдай деп саналып, ойынға қатысушы жігіттерге арнайы құрмет те көрсетілген. Бұл ойын көрші қырғыз халқында да ерекше үрдіске ие. Сонымен бірге теңге алу балалар арасында да кең түрде ойналған. Тек мұндағы ерекшелік сол, балалар шынайы атқа мінбейді. Олар тек ағаш атқа мініп, сайысқа шығатын болған. Балалар ойнаған теңге алудың де ережесі үлкендердікімен бірдей. Тек балалар арнайы қазылған шұңқырға тас, не асық салады. Ал төреші етіп балалар өз ішінен бір, не екі баланы сайлайды. Олар ойынның аса әділ өтуіне жауап берген. Егер де қандай да бір қаралыққа жол берілсе, төрешілер ережені бұзушыларды келесі ойынға қатысу құқығынан айырады.
Жастайынан теңге іліп машықтанған балалар есейгенде де теңге алу дәстүрінің ересектерге арналған түрін жалғастырған. Олар жаугершілік кезде сарбаздармен бірге атқа қонып, қолына қару ұстайды. Ұрыс кезінде мұндай епті жігіттер арнайы соғыс іс-қимылға тартылған. Міне, осындай қиын спорттың түрінен төрге шығуымыз тегін емес. Қалғанын уақыт көрсетеді.

Әлібек ЖАРЫҚБАЕВ
24 қыркүйек 2024 ж. 338 0