» » Тұран төріндегі ұлы той

Тұран төріндегі ұлы той


Сонымен ұлы дала төріндегі көшпенділер ойыны мәреге жетті. Алты күнге созылған дала қырандарының дүбірінде кіл мықтылар дараланды. Командалық сында қазақ елі өзгеден оқ бойы озық шығып, жарыс қожайындары кім екенін іспен көрсетті. 89 елден келген спортшылар жүлде жолында еш аянып қалмады. Әсіресе ат спорты түрлерінен сынға түскен балуандар барын салды. Жарыстың ең басты сайысы – көкпардың ақтық бәсекесін айырқалпақты ағайындар ғана емес, көк экранның арғы жағынан сары құрлық пен кәрі құрлықтың елдері тамашалапты. Өйткені көкпардан қазақ бен қырғызға тең келер ешқандай ел жоқ. Сондықтан бұл ойынның даңқы футболдан өткен әлем чемпионатының финалымен деңгейлес болды десек артық болмас.


Ашылу салтанаты туралы жаһандық басы­лымдар жарыса жазып, Олимп ойындарынан кем түспеді деген жазбаларды жиі көзіміз шалды. Нағыз көшпелі халықтардың мәдениеті мен салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы, спорты мен өнерін тамашалаған бас елдер басын иді. Жабы­лу салтанаты да керемет көңіл-күй сыйлап, көрермендер көгілдір экраннан тамашалады.
Мәдениет және ақпа­рат министрлігінің ұйымдастыруымен жасақтал­ған «Этноауыл» ұлттық-мәдени кешенінде V Дүниежүзілік көш­­пенділер ойындарының жабылу салта­натында елорда тұрғындары мен қала қонақ­тарының құрметіне Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері, халықаралық және республикалық конкурстардың лауреаттары және танымал қазақстандық эстрада жұлдыздары өнер көрсетті.
Жалпы дүниежүзілік көшпенділер ойындары көшпелі халықтардың этникалық спорты мен мәдени мұрасын насихаттау мақсатында құрылды. Дүниежүзілік көшпенділер ойындары адамзат өркениетінің мұрасы ретінде этноспорттық және этномәдени қозғалысты дамытуға бағытталған. Алғашқы ойындар 2014 жылы Шолпан Атада (Қырғыз Республикасы) өтті. Содан бері көшпелілер мәдениетінің жаһандық маңызын айқындаған шара екі жыл сайын өткізіліп келеді. 2016 және 2018 жылдары да сол қалада қайта өрбіді. Ал 2022 жылы Түркияның Изник шаһарында төртінші Дүниежүзілік ойындар ұйымдастырылды. Дүниежүзілік көшпенділер ойындары ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұралар тізіміне кіреді. Жарысқа 2014 жылы – 19 елден 10 спорт түрінен 583 спортшы, 2016 жылы – 62 елден 26 спорт түрінен 1200 спортшы, 2018 жылы – 82 елден 37 спорт түрінен 2000 спортшы, 2022 жылы 102 елден 13 спорт түрінен 3 000 спортшы қатысты. Алтыншы мәрте өтетін дүбірлі додаға біздің спортшылар дайын екендерін мәлімдеді. Оны алдағы жылдардың еншісіне қалдырайық.
Алты күн бойы қазақ спортшылары көштің алтын тұғырында тұрды. Жарыс нәтижесінде біздің оғландар 44 алтын, 34 күміс және 37 қола, жалпы 115 жүлдемен 1-орынға жайғасты. 2-орынға қырғыз ағайындар жайғасса, үздік үштікті ала шапанды көршілер түйіндеді. Сол секілді Ресей, Түркия, Иран сынды елдер жүлдегерлер қатарында.
Ат спортында алтыннан дәмеміз үлкен көкпардан басқа ат үстінде де, өнердің сан түрін төрге оздырған да біз. Батыс халқы жылқының үстінде ұйықтап, тамақ ішіп, күндіз-түні тақымда отыратын көшпенділерді «кентавр» атандырғанын жақсы білеміз. Рас, қазақ пен жылқы егіз ұғым, қазақтың кіндігі жылқыға байланған. Қазақ жылқыны көрсе, арқаланып кетеді. Тұлпардың үстінде садақ ату да үлкен өнер. Текпен келген қасиет қаншалықты сақталғанын жамбы атудан көруге болады.
Сол секілді сәйгүлік тұяғының дүбірі талай қазақтың делебесін қоздырып, рухтандырады. Бәйге сәйгүліктер аламаны ғана емес, жылқы танитын атсейіс мамандардың жарысы болады. Олар жылқының тұрпатына қарай шабысын болжап, тақым қысады. Мұндай өнер көп халықта жоқ. Біз бәйге десек, өзбектер «пайга», қырғыздар «чабыш» дейді. Құсбегілік деген де асыл өнер. Тау тағысын ұстау бір бөлек, оны бағындыру бір бөлек өнер. Қыран құсты қолға үйрету оңай емес. Мұның тілін ата-бабаларымыз ертеректен меңгеріп, бізге мирас етті. Саятхатшы Марко Поло «Әлемдегі қилы оқиғалар» атты кітабында «далалықтардың әр үйінде бір-бірден бүркіт бар, онымен аң аулайды, саятшылық жасап, бой сергітеді» деп жазады. Осы өнерді әлем елдеріне паш етіп те үлгердік. Балуан­дар бәсекесіне келсек, қазақ күресінен біздің апайтөстерге тең келер ешкімді көре алмадық.
Алдымен жарыстың қалай ұйымдастырылғаны және бұл дүбірге жаңақорғандық шабандоздардың қалай ат қосқаны жөнінде сөз өрбітсек. Ол үшін біз ат спортынан Сыр өңірінің бас бапкері Сламхан Боранбаевпен байланыстық.
– Ең бірінші, жарыстың ашылуынан бастасақ. Бұл салтанатты шараның ашылуына әлемдік сарапшылар, көрермендер мен журналистер өте жоғары бағасын берді. Тіпті кешегі Париждегі Олимпиада ойындары­мен салыстырушылар да аз емес. Бұл жерде қазақтың қонақжайлылығы ғана емес, бай салт-дәстүрі, бабадан қалған мол мирасына куә болудамыз. Этноауылдағы көрмені көрген қонақтар ұлттық дәстүрге, құндылыққа тәнті болып, ризашылығын жеткізді. Мұндай жоғары деңгейде ұйымдастырған бірде-бір ел жоқ. Қысқаша айтқанда, өте жоғары деңгейде өтті.
– Енді спортшылар туралы тоқтала кетсеңіз.
– Әлемнің 89 елінен келген кіл мықтылар спорттың 20-дан астам түрінен бақ сынады. Польша, Румыния сынды елдер де алтынсыз емес. Түркі халықтарының басым көбі қоржындарын алтынмен толтырды. Біздің спортшылардың биігі бір төбе. Өзбек пен қырғыз спортшыларының алтындарын қосқанда біздің биіктікке жете алмады. Жүлде жолында ұлттық құрамаға көмектескен Сыр саңлақтары да жоқ емес. Көкпардан Нұрлыбек Асқаров өнер көрсетті, белбеуден екі қызымыз бар. Сондай-ақ, тұлпарларымыз да топ жарды. Аударыспаққа екі, жамбы атуға бір ат аламанда атой салды. Аударыспаққа қатысқан тұлпарлар 4 алтын және 1 күміс алуға көмектесті. Ал, жамбы атуға додаға түскен арғымағымыз төрт стиль түрінен аламанға түсті. Венгриялық түрінен орын бұйырмаса да, азиялық түрінен үшінші, түрік стилінен бірінші және қазақ стилінен екінші тұғырға қонды.
Айта кететіні, ат спорты, белбеу күресі Сыр өңірінде өте жақсы дамыған. 2007 жылы құрылған ат спорты бүгінде ел чемпионатында үздік үштіктен түскен емес. Облыс құрамасының түгелдей құрамы жаңақорғандық жігіттер екенін ескеруіміз керек. Бұл әрбір шабандоздың таланты болса, екіншісі, сол талантты аша білген білікті бапкердің еңбегінің жемісі. Иә, Сламхан Боранбаев облыстық ат спорты тізгінін ұстаған 18 жылға жуық уақыт ішінде қаншама спорт шебері, қаншама ел чемпионы мен Әлем чемпионатының жүлдегерлері шықты. Сол аға буынның ізін жалғап, енді жастар өсіп келеді. Олардың бабы келісіп, бағы жанып тұрған шақ. Сұхбат барысында алдағы жоспарымен бөлісуді жөн көрді.
– Құдай қаласа, алдымызда Шымкент қаласында жасөспірімдер мен ересектер арасында ат спорты түрлерінен ел чемпионаты өтеді. Одан кейін Орал қаласына жол жүреміз, жастар арасында ат үстінен жамбы атудан ел біріншілігі өтеді. Соңғысы, Қостанайда тағы бір ел чемпионаты өтеді. Жалпы барлығына біздің спортшылар сақадай сай тұр. Дайындығымыз жалғасуда, барлығын уақыт көрсетеді, чемпиондық атақты қайтарып алуға тырысамыз, – деді бас бапкер.
Нұрлыбек жастар арасында көкпардан ұлттық құрама сапында да өнер көрсетті. Енді міне, ересектер арасында ел намысын абыройлы қорғап келеді. «Ақтық бәсеке өте тартысты өтті. Қырғыз ағайындары барынша дайындықпен келіпті. Бірақ өз жерімізде, өз жанкүйерлеріміздің алдында намысты қолдан бермеуге тырыстық. Былтыр кеткен есені қайтаруға жігіттер барын салды. Қарсыластарымыздың қылығы ұяттау болды, бұйырса, алдымызда бұдан да бөлек бәсекелер күтіп тұр. Қайта жолығамыз, сол кезде осы жеңісті сақтап қаламыз» деді жерлесіміз.
Енді көшпелілер ойынына қайта оралсақ. Жоғарыда айтқандай, қазақ күресінен алтын жауған жарыс болды. Жамбы ату, теңге ілу, аударыспақ, тоғызқұмалақ, қысқаша қайырғанда, барлық спорттан жүлделі болдық. Алтын тұғырдан түскеніміз жоқ. Бәрінен бұрын бітіспес қарсылас болған қырғыз көкпаршыларын жеңе білдік. Алты алаштың баласы ғана емес, айырқалпақты ағайындар, күллі түркі халқы мен көкпарды түсінетін жаһан жұрты жанкүйер болған бұл сынға нүкте қойылды. Екі кезеңде де тең түскен қарсыластар қосымша уақытта салым салып қазақ балуандары көк байрақты көкте желібертті. Негізгі есеп 5:4, қазақ құрамасы чемпион атанды. Жарыстың соңғы күні 2400 метр қашықтықта сөреге шыққан жүйріктер арасында жеңімпаздар анықталды. Бұл бәйгеде үш жүлде де Қазақстан қоржынына түсті. Ұшқыр бәйгеден 2400 метрлік аралықта шапқан 5 дөненнің (3 жасқа дейінгі) арасында желтұяғы анықталды. Алғашқы үштікті Қазақстан жүйріктері иеленді. Мәре сызығынан алғашқы болып «Берил Рэйсер» өтсе, екінші орынды «Адай» иеленді. Ал үздік үштікті «Роузлайн» түйіндеді.
Аламан бәйгеден де жүлдесіз қалмадық. 25 шақырымдық бәсекеде алтынмен сүйіншіледік. 27 шабандоздан соңғы айналымда 7 ат қана қалған «Аламан бәйге» бойынша қоржынға 1 алтын, 1 күміс түсті. «Айқабақ» арғымақ алтын, «Жұмыртұяқ» күміс, «Қара қыз» қоламен қуантты. Құнан бәйгеден де ешкімге дес бермедік. Мәре сызығын бірінші кескен «Қамысқұлақ» тұлпар алтынды қоржынға салып берді.
Жарыстың соңғы күнінде біздің құсбегілер де керемет көрсеткіш көрсетті. Бүркіт салудан 10 елден 18 спортшы қатысып, финалда 12 бүркітші бәсекелесті. Үздік үштікті қазақ құсбегілері түйіндеді. Серікбек Күнтуған алтыннан алқа тағынса, Ерзат Байқадамов күмісті, Арман Қошқаров қоланы қанағат тұтты. Қаршыға салу бойынша Қазақстан спортшыларынан Құдайберген Рауилұлы алтын жеңіп алса, Бағдат Кеуенов қола жүлдегер атанды. Ителгі құсы бойынша қазақ құсбегісі Бабажан Бақдәулет қола жүлдеге қол жеткізді.
Иә, ұлы даланың дархан пейілімен дараланған дәстүр-салты, ұлттық ойындары, қайталанбас құн­дылықтары, тағамдары мен өнері, көшпелі елдерге үлгі болатындай мәдениеті баяндалған бұл дүбір осымен аяқталды. Түркі халқы мен төрткүл дүние асыға күткен дала төсіндегі көшелі елдің тойы осымен тәмам. Қазақ спортшыларының қазаны жүлдеге толды, енді осы биіктікті келесі ойындарда түсірмеу керектігі айтыл­ды. Көшпелілер олимпиадасына айналған бұл дүбір дәстүрлі жалғасын тауып, ғасырдан ғасырға ұласса құба-құп...

Әлібек ТЕМІРБЕК
14 қыркүйек 2024 ж. 532 0