№93 (8804) 23

23 қараша 2024 ж.

№92 (8803) 19

19 қараша 2024 ж.

№91 (8802) 16

16 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
» » Көпір – кенттің күретамы

Көпір – кенттің күретамы


Жаңақорған кентіндегі темір жол арқылы өтетін айналма жол көпірінің жарамсызданып істен шыққанына қырық жылдай уақыт өтіпті. Содан бері нешеме рет басшылықтың назарынан түспей, талапты тірлікке ниет болғанымен тәуекелді іске бел буып кірісудің сәті түспеген секілді. Соңғы екі жылда күрделі жобаға шынайы жан бітіруге талаптанған билік басындағы азаматтардың жан-жақты ізденісінің арқасында демеуші азаматтар да табылып, техникалық сараптамасын мезгілінде сақадай-сай етуі нәтижесінде қажетті қаржыны да алуға қол жетті.
Енді осы аталған жұмысты жауапкершілігіне алған мердігер компания жұмысты жүйелі ұйымдастыра алғанда міндеттемені мерзімінде бітіруге мүмкіндік туады. Бұдан бірер ай шамасы бұрын көпір құрылысы басталды деп сүйіншілеген едік, енді жұмыс барысы қалай болып жатыр екен деп таң азанмен көпір басына келіп тұрмыз. «НС» Сервис» мердігер компаниясының құрамы екі бағытта жұмыс жүргізіп жатыр. Біз алдымен кеңес үкіметі кезінде тұрғызылған көпірді толықтай жөндеуден өткізіп жатқан топтың басшысы, нақтылап айтқанда, көпір салудың шебері Дәулет Әбиевпен сөйлесіп, жай-жағдайды білдік.
Кеңес кезінде салынған көпір құрылысының түпқазығы жарамды, тек беткі бөлігіндегі бетон қабатын ажыратып алып, жаңалауға тура келеді. Қазір осы жұмыстар басталып кетіпті. Бас-аяғы 72 метр көпір аумағының 58 метрі жасалып біткен. Одан соң көпірдің қабырғасы шетелдік мықты материалмен қайта бекемделіп, тіректері де жаңаша технологиямен бекітілуі тиіс. Сондай-ақ көне көпірдің беткі қабатына салынған сым торды алып тастап орнына толықтай арматура қойылатынын, көпір тіреуіштері қайта қалпына келтірілетінін білдік. Осындай енапат шаруаны еңсерген соң нақ осы структураны сақтай отырып оған жалғасып кеткен жаңа көпір құрылысы қарқын алады. Оның технологиясы тым күрделі. Көпірдің тұғырын биіктетуге нығыздалатын құмның қабаттары әр 30 см сайын лабораториялық тексеру қорытындысымен тиянақталып отырады. Әр қабатына су жіберіліп әбден бекемделгеніне көз жетпесе тағы болмайды. Осы ережені қалт жібермей қадағалауда ұстайтын мамандар қайткенде жұмысты ұтымды ұйымдастырудың жолын іздеп жаздың күндері ай жарығымен де қимылдай берсек дегенді жоспарлап отыр екен. Бұл да болса уақыттан ұта түсуге әжептеуір сеп. Оң қапталда жаңа көпір түсетін аумақтың орнын тегістеуді міндетіне алған екінші бригада «Нұр Орта сервистің» жігіттері техникаларымен тың жерге түрен салуға кірісіп кетіпті. Маңдайдан шыжғырған ыстықты да елейтін түрі жоқ. Учаске бастығы Тимур Таубаевтың айтуынша, 650 метр аумақ тегістеліп бітуі тиіс. Қажетінше погрузчик, каток, бульдозер, эксковатор, КамАз автокөлігі сақадай-сай тұр.
Сонымен аңғарғанымыздай, жұмыстың беталысы жаман емес, көпірді тұрғызумен қатар су ағар бетонын бекемдеу, бетін асфальттау, айналасын жарықтандыру, барлығын таптұйнақтай бітіріп беру, арқа түйістіріп, тізе қосып, ақ тер, көк тер іске кіріскен қос бригаданың мақсаты осы. Осы көпір құрылысына арнайы түрен түскен атаулы күні ауданға арнайы ат басын бұрып келген облыстық мәслихат төрағасы Мұрат Тілеуімбетов былай деген еді: «Аймақ басшысының арнайы тапсырмасымен жарты ғасырға жуық уақыт жарамсыз күйде тұрған көпірдің констукциясын жан-жақты зерттеп, тұғыры бекем, белтемірі нық көпірдің жалпы тұрқын талапқа сай тіктеп, елдің кәдесіне асыруға толық мүмкіндігі бар екеніне көз жетті. Көпір құрылысына жергілікті және облыстық бюджеттен 1 млрд теңгеден аса қаржы бөлінді.
Осыдан бір жыл бұрын осы көпірге Жаңақорған кентін айналып өтетін жолды да салған болатынбыз. Енді көпір құрылысы пайдалануға берілсе көліктер кент орталығына кірмей, темір жол көпірінен тіке трассаға шығуға мүмкіндік алады. Енді арғы беттегі 12-13 ауылдан шығатын автокөліктер, оның ішінде ауыр жүк көліктері де бар осы көпірдің үстімен өтетін болады. Бұл орталықтағы көлік кептелісін жойып, әрі экологиялық ахуалға да оң әсерін тигізер еді» – деп ел игілігіне бағытталған мақсатты жобаның сәтімен бітуіне тілегін қосқан. Шынында, аталған қүрылысты жандандыруға қаншама рет талпыныс болғанымен нақты қолға алынбай келді, тіпті көпірді түбірінен алып тастау керек дейтіндер де кездесіп қалатын. Не керек, сәті түсіп үлкен іс оңды шешімін тауып отыр. Енді көпшіліктен тек қолдау керек. Ал бізде қалай? Бізде қандай бір көкейтесті мәселе қолға алынса да, тіпті ол өзімізге аса қажет дүние болсын, күдік пен күмәніміз қатар жүреді. Бәрі жақсы дейді көпшілік. Бірақ көпір салынып біткен соң ар жақтағы Санатория мен Жаңауылдың халқына кент орталығына қатынайтын тіке жол жабылып, айналма жолмен бағыты ұзарып, шығыны көбейеді деген мәселені алға тартады. Сол үшін көпірдің ортасынан көлік пен жолаушы қатынайтын ашық жер қалдыру соншалықты қиын ба, көпірді жобалағандар осыны неге ескермеген деп ренжулі. Көпшілік сын пікірлерін әр тұстан әлеуметтік желіге жүктеп ренішін қардай жаудырса ойың ойран, ақылың айран болып шарасыздыққа тірелерің анық. Осындай кереғар пікірлердің өзі қолды ұстап құрылыстың да кідіріп басталғаны өкінішті.
Бірақ бұл мәселе сіз бен біздің ғана қабырғамызға батып, басқаны бейжай қалдырыпты десеңіз қателесесіз. Жобалаушылар жан-жақты барлық мүмкіндікті саралағанда түп қазығы кәдеге асатын дүниені іске асыру жағына көңіл бөлгенін түсіну қажет. Көліктер мен жүргіншілердің жағдайын күйттеп көпір ортасынан кеңістік қалдыратын схеманы жоспарға ендірген жағдайда бұл структура түбірімен өзгереді. Яғни көпір түп қазығынан түгелімен жаңадан тұрғызылуы керек. Оған 7-8 млрд теңге кетеді деп жобаласақ, ол қаржыға қол жеткізе аламыз ба, жоқ па? Одан гөрі қолға тиген қаржының қолайын тауып, жамап-жасқап болсын, нешеме жылда шешімін тапқан мәселені дер кезінде демеуге әлеумет болып атсалысқанымыз жөн емес пе? Бір өкініштісі, елдік істе етектен алып, болатын іске қолбайлау мінезден арылмай келеміз. Бұлай деп отырған себебіміз, уақытты үнемдейміз, әрі салқында тірлікті өндіреміз бе деп түнгі кезекке де жұмысты жалғауды ұйғарған жігіттердің жігерін тежеп, заң орнына арызданған тұрғындар «түнгі ұйқымыз бұзылды» деп шу шығарған ұқсайды. Мұндай ірі құрылысты жүргізгенде радиусы 50 метрге дейінгі аумақта орналасқан тұрғын үй иелерінің түнгі тыныштығы ескерілу керектігі көрсетілген.
Ал біздің жағдайда көпір құрылысы тұрғын үйлерден әлдеқайда аулақта тұр. Ондағы жұмыс ырғағына тежеу салып елдік іске кедергі болғанде не ұттық? Одан гөрі айнала жұртшылықтың ортақ игілігіміздің тезірек ел көдесіне жарауына атсалысып, іс басындағы жүргендерге аяқ жетер жердегілеріміз таңдай жібітер салқын сусынымызды болсын ұсынып, тырнақтай болсын ортақ меншігімізге пейілді үлесімізді қоса білсек, сауаптың көкесі сол болар еді-ау. Ең бастысы, еліміз тыныш, жұртымыз аман болса көпіріміздің де тұғыры тіктеліп, ел қажетіне жарар күн алыс емес.

Баян ҮСЕЙІНОВА
03 қыркүйек 2024 ж. 300 0