№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Жол құрылысы: тұрғындардың көңілі неге толмайды?

Жол құрылысы: тұрғындардың көңілі неге толмайды?


Биыл Жаңақорған кентіндегі 29 көше асфальттанады. Бұған дейін бұл сүйінші жаңалықты жариялаған едік. Содан бері бірнеше ай өтті. Көп көшеге асфальт түсті. Бірақ оның сапасы қандай? Міне, негізгі мәселе осы. Аудан басшысы осы сұраққа жауап алу үшін Хорасан ата көшесіне арнайы барды.


Хорасан ата көшесін кеңейту, жаңғырту ісін Руслан Рүстемұлы бастаған еді. Араға төрт жыл салып істі қайта қолына алды.
Жол – экономиканың күретамыры, тіршіліктің ті­регі. Жетістікке жету кіл­тін кім болсын жолмен байланыстырып, дәріптейді. Осыдан-ақ жолдың маңызын ұғуға болады. Әсіресе орталық көшелердің заман талабына сай болғаны абзал.
Алдымен әкім мердігер компанияның жұмысымен танысты. Түркістан облысы, Сарағаш ауданының «Ас­фальт» ЖШС-нің учаске бастығы Қалдарбек Әшімов жұмыс барысын баяндады. Келісім-шарттағы қаржы 114 млн. 121 мың теңге, жолдың ұзындығы 3,4 шақырым. Тапсыру мерзімі – 31 тамыз. Бірақ әлі құрылысы бітпеген, сапасы да мәз емес. Қызметкер жауабына қанағаттанбаған аудан бас­шысы:
– Осыдан бірнеше күн бұрын кеңейтілген тех­никалық кеңес өткіздік. Сол жиынға қатысуларыңыз ке­рек еді. Екіншіден, жұмыс­тарыңыз сапасыз болып жатқаны көзге көрініп-ақ тұр. Бұл көше кенттің күретамыры ғой. Егер осылай жалғастыра берсеңіздер біз келісім-шартты бұзып, басқа мекемеге тапсыратын боламыз. Ал сіздерді сот­қа береміз, оған толық құқылымыз. Жұмысты тап­сыратын уақыттарыңыз өтіп барады, әлі созып жүрсіздер. Бізге сапа керек. Бұл – ауданда құрылыс жүргізіп жатқан компанияларға ортақ талап, – деп кесіп айтты.
Кезек тұрғындарға келді. Олардың айтары – асфальт төсеу сапалы жүргізіліп жатқан жоқ. Оны арнайы құрылғымен тексермей-ақ, көзге көрініп тұр. Біріншіден, теп-тегіс емес, екіншіден, асфальттың құрамына күмән бар.
– Руслан Рүстемұлы, өзің­із көріп тұрғандай жол сапалы жүргізіліп жатқан жоқ. Көлік айдаған жүргізуші бірден сезеді. Қазақта «жол қадірін жүрген білер» демекші, күнкөрісіміз кө­лік­пен байланысты болған­дықтан сапалы болса дейміз. Екіншіден, асфальт пен тротуар арасындағы ашық жерге қиыршақ тас төселу керек. Өйткені жел тұрса топырақ жолға ұшып, асфальттың сапасына әсер етеді, – деді кент тұрғыны Данияр Досантаев.
Ал мердігер мекеменің учаске бастығы: «Біріншіден, бұл – орташа жөндеу, екіншіден асфальт үстіне жол салу қиындық туғызады, тегіс болмауы да содан. Егер асфальтті нөлден бастағанда біз сіздер қалағандай салатын едік. Айтып жатқандарыңыз орынды, біз ретке келтіреміз» – деді.
Аудан басшысы қос тараптың да пікірін тыңдап, кент әкіміне тәуелсіз сарапшылар шақырып, лоба­раториядан өткізуді тапсырды. Егер афальт талаптарға сай келмесе, қайтадан төсетуді тапсырды. Әрі қоғамдық бақылаушыларға жұмыстың барысына жіті қадағалау жасауды жалғастыру керек­тігін айтты. Істің сапалы болуы қоғамдық бақылаудың белсенділігіне байланысты.
Аудандық мәслихаттың де­пу­таты Арман Мажитов өз ұсыныстарын ортаға салып:
– Асфальттың тасы бетіне шығып тұр, жалпақ тілмен айтқанда дәл осылай жалғаса берсе мына жолымыз ұзаққа бармайды. Екіншіден, биыл Абайдың 175 жылдығы, бізде де ақын атындағы көше бар, есте қаларлық ештеңе жасай алмадық. Үшіншіден Хорасан ата көшесімен салмағы ауыр жүк көліктері жиі жүреді. Егер Алтынсарин аумағындағы көпір аяқталса, айналмалы жол арқылы жүк көліктері сол жақпен қатынайтын еді, – деді.
Бұл ұсыныстарға кент әкімі Есдаулет Сейілов жауап берді.
– Алтынсарин аумағында­ғы көпір облыстың теңге­рімінде болатын, енді аудан қарамағына өтті, алдағы уақытта жұмыс жасайтын боламыз. Жоба-сметасын жасап, келер жылдың бюджетіне енгіземіз, – деді.
Айта кетейік, Алтынсарин аумағынан Қорғантоғайға дейін, керек болса Сыр беткейдегі ауылдар мен аудан орталығын жалғайтын, дария үстіндегі көпірінің жолының ой-шұқыры өте көп. Жеңіл көліктерге қиын. Осы мәселені уақыт оздырмай шешетін болса, онда «құда да тыныш, құдағи да тыныш». Тек сапалы болғаны дұрыс, өйткені бұл жолдарға жөндеу жүргізгеніне де көп бола қойған жоқ. Нақтысын айтқанда, өткен жылы ғана асфальт төселген-ді. Ал биыл жолдың тоз-тозы шықты. Кент әкімдігі мұны неге бақыламайды, мердігер компанияның жауапкершілігі қайда? Мұны аудан басшысы Руслан Рүстемов кеңейтілген техникалық кеңесте ерекше тоқталып, мердігер компания қайтадан өз қаражатының есебінен асфальт төсеуге міндеттеген еді. Бұл – орынды талап.

Әлібек ЖАРЫҚБАЕВ
19 қыркүйек 2020 ж. 1 033 0