№93 (8804) 23

23 қараша 2024 ж.

№92 (8803) 19

19 қараша 2024 ж.

№91 (8802) 16

16 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
» » Халыққа берген уәдені орындау - маңызды міндет

Халыққа берген уәдені орындау - маңызды міндет



Аудан әкімі Руслан Рүстемов еңбек демалысынан келгеннен кейін ең бірінші Жаңақорған кентіндегі ауыз су мәселесін қарады. Нақтырақ айтқанда, техникалық кеңес өткізіп, онда мердігер компания басшысының алдына нақты талап қойды.

Аудан басшысының сервистік ауыз су желісін тарту жұмысына алаңдауы негізсіз емес. Өйткені кент тұрғындары 30 жылға жуық уақыттан бері ауыз суды күтіп отыр.
Кеңеске техникалық бақылаушы Жиенәлі Сәрсенәлі мен «Қаз құрылыс сервис» ЖШС-нің иесі Шынболат Ештаев және құрылыс саласының ардагері Алшынбай Тұртанов қатысты. Ал, аудан әкімінің орынбасары Ерділла Сұлтанбеков, аудандық тұрғын үй-коммуналды шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Қайрат Сапарбаев жұмыстың жүру барысын сөз етті.
Жасыратыны жоқ, Жаңақорған кентінің ауыз су мәселесі кешегі кеңестік кезеңнен бері өткір күйінде қалып келді. Бүгінде кенттің аумағы кеңейіп, халық саны артты. Яғни суды тұтыну көлемі де артты деген сөз.
2020 жылы «Ауыл – ел бесігі» бағдар¬ламасымен «Жаңақорған кен¬ті¬нің тұрғын үйлеріне су құбырын жеткізу сервистік желісін салу» жобасы басталған еді. Алайда өткен жылы мемлекеттік сатып алу конкурсына түскен екі компанияның арасындағы соттасу процесіне байланысты бірнеше айға жұмыс тоқтатылды.
Тек Руслан Рүстемов әкім болып келгеннен кейін жұмысқа мән беріліп, қыркүйек айынан жұмыс қайта басталды. Жылдың аяғына дейін мердігер компания жұмысты аяқтап, тапсыруы тиіс еді. Уәде құр сөзге айналып, аяқтай алмады. Сосын жобаны 2021 жылға өтпелі етуде жоғары тарапқа өтініш айтып жүріп, қол жеткізілді. Солай бола тұра, жұмыс әлі баяу жүруде. Бұл қарқынмен биыл да жұмыс аяқсыз қалатын түрі бар.
Аудан әкімі Руслан Рүстемов осыған маңыз беріп:
– Белгіленген уақытта жұмысты толық бітіру керек. Қажет болса, екі ауысыммен жұмыс істеңіздер. Бригада және техника санын арттыру керек. Сіздің бірнеше айыңыз ғана қалды. Енді келесі жылға өтпелі ете алмаймыз. Жұмыс графигін құрып, жұмыс көрсетіңіздер. Басты міндет – халыққа берген уәдені орындау үшін жұмысты мерзімінде аяқтау керек Ешқандай сылтау қабылданбайды, – деп мердігер компанияның басшысына нақты талап қойды.
Бұл жоба 194 шақырым су құбырын жүргізіп, 5441 дана су есептегіш орнатуды қамтиды. Әрине, ауқымды жұмыс. Мердігер компания жауапкершілігіне міндет алды ма, сапалы аяқтауы тиіс. Бұдан басқа жол жоқ. Алайда, межелі уақытта сервистік желі аяқталуы күмәнді. Мұны жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Қайрат Сапарбаев та жасырмады.
– Жыл басында белгіленген 194 шақырымның тек 130 шақырымына ауыз су құбыры жүргізіліп, 5441 тұрғын үйдің 3000-ға жуығына ғана су кіргізілді. Жұмыс өте баяу жүруде. Белгіленген жұмыстың тек жартысы ғана орындалды. Енді бар-жоғы екі айдың ішінде жұмысты толық аяқтауы тиіс, – дейді сала басшысы.
Мердігер компанияның басшысы Шынболат Ештаев:
– Бірнеше күнде төрт бригадамен бастаймыз. Біз талап үдесінен шығу үшін күш-жігерімізді саламыз, – деді.
Компания басшысы уәде беруден шаршамайды екен. Осыған дейін үш рет «бәрін қатырамын» деген сөзін естіген едім. Осындайда «Көтере алмайтын шоқпарды беліңе байлама» деген аталы сөз ойға оралады.
Әсел РЗАЕВА
28 тамыз 2021 ж. 298 0