№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Сана тазармай, дала тазармайды

Сана тазармай, дала тазармайды


«Таза Қазақстан» республикалық акциясы ел көлемінде қолдау тауып, әрбір азамат өзі тұрған мекенді қоқыс қалдықтарынан тазартуға белсене үлес қосып жатқанына куә болып келеміз. Біздің өңірімізде де көше тазалығын міндетіне алған арнайы өкілдерден басқа сенбі сайын аудандық бюджеттік мекемелер мен салалық ұжым қызметкерлері бір кісідей көше тазалығына шығып, өздеріне белгіленген аумақтарда артық күл-қоқыстан арылтуға жұмылып келеді.
Өткен сенбі күні басым күш кенттің күншығыс жағындағы темір жолдың қос қапталын, полигон маңайын тазартуға бағытталды. Таңғы сегізден бастап жиналып, көше тазалауға кіріскендер қатарында аудандық қаржы бөлімінің қызметкерлерінің қарқынды қимылы, сол сияқты «Жаңақорған тазалық» мекемесі, кент әкімі аппараты ұжымының ынтымақты тірлігі көпке үлгі болды. Қоғамдық қызметтің қарауында кент тазалығы жұмысына тартылған 40 шақты әйел-азаматтың жұмысын үйлестіруге тер төгіп, жетекшілік етіп жүрген Болатбек Мырзахановты полигон маңайындағы алаңқайда кездестірдік. – Тазалық – ластамаған жерде сақталады, – дейді ол.
Қоғамдық қызметке тартылған азаматтардың бүгін айнадай етіп тазартып кеткен жерлерде ертең қайта қоқыстың шашылып жатуы, бәрін былай қойғанда кісінің бір-бірінің еңбегін сыйламауының көрінісі сынды. Мұндай деңгеймен, мұндай түсінікпен таза аймақты қалыптастыру мүмкін бе? Тіпті кейде көше бойларында жекелеген тұрғын үйлердің сыртқы аумағын қоқыстан арылтуға тырбанып кіріскендерге шекесінен қарап, көмектесуге талап та қылмайтын тұрғындардың саналық тұрғыдан ортақ іске жанашырлығы мүлде төмен екендігіне анық көз жеткізгендей боламыз. Кейде көзіңше қолындағы қоқысын көліктің терезесінен лақтырып кете барар кейбірінің қылығы мүлде ерсі. Мұндайда көше тазалығына қасақана мін түсіргендерге мейлінше жаза түрлерін қатаңдату мәселесі де қажет пе деп қаласың.
Десек те, желкеден аңдып, ізінше жазалап отырар заң талабынан гөрі кісінің жеке басы ар-ожданы, ортақ мекенімізге деген сүйіспеншілігі анағұрлым қастерлі, анағұрлым қымбат емес пе? – дейді ол. Осы жерде тағы бір тазалыққа жауапты кісінің мына бір әңгімесі ойға оралды. Бірде ол Мәскеуге сапарында аялдамада тұрып, темекі шегеді де тұқылын сонадайда жатқан шелекке лақтырады. Ол діттеген жерден сәл аулағырақ барып түседі. Сонда бір қарт әжей бұған жақындар келіп: "Сен өзің азиат сияқтысың ғой. Бұл жердікі емес екенің көрініп тұр. Біз жерімізді бұлай ластауға дәтіміз бармайды, сен де сыйла оны» деген екен. Мына сөз намысын шоқтай қарып, содан бері қоғамдық тазалықты сақтауға келгенде қиыс қылыққа бармау көңіліне тастай тұрақтап қалыпты,.
Міне, өмірлік сабақ деген осы. Бұл тақырып тұрғысында ауданымыздың үлкеніне де, кішісіне де аз насихатталып жатқан жоқ. Неге содан бір нәтиже шықпайды? Қоғамдық тазалықшылардың шағынатын тағы бір мәселесі, қазірде қоныс шетіндегі ашықтау алапта қадам сайын мал өлексесі өз алдына, сойылған малдың лақтырылған бас-сирағы мен терісі пырдай шашылып жатады екен. Күннің ыстығында онысы сасып, жанына жақындау мұң болғанда оны жиып көлікке артудың азабын айтыңыз. Аузы-мұрнын буып алған қыз-келіншектерді түршіктіретін, көбіне мұрттай ұшырып ауырып тұрғызатын бір көріініс осы.
Мұның жайына келсек, Жаңақорған аудандық ветеринарлық станса басшысының орынбасары Жомарт Нұрхожаев былай деп түсіндіреді:
– Аудан тұрғындарына сойған малының терісін арнайы тастайтын орынның жоқтығы өте қиын болып тұр. Бұған дейінгі арнаулы орын толып кетуіне байланысты көміліп, 2007 жылдан бастап қолданыстан шықты. Енді жаңадан орын салу үшін кенттің күншығыс бетінен арнайы салынатын полигон маңайында жер белгіленді. Бұл арнайы скотомогильник құрылысының сметалық құжаты әзірленіп бітсе, облыстық қаржы басқармасынан қозғалыс болады деп сендіріп отыр. Тек осыған дейінгі қадамдар ауданда тиянақталып нақты нәтижесін әлі тапқан жоқ. Егер осы орын салынып бітсе тұрғындар мал терісін де, өлексесін де сол аумаққа тастап, мәселе шешімін тапқан болар еді» дейді. Сенбілікке жиналғандар түске дейін белгіленген аумақта жұмысын тәмамдап, тарқасып жатқанда қоқыс қалдықтары тазарып бітпеген полигон аймағында сасық ауаға тұншығып жұмысын жалғауға мәжбүр «Жаңақорған Тазалық» мекемесі мен қоғамдық қызмет қарамағындағы азаматтардың айтқан шағымын жөнсіз дей алмайсыз. Олар кент тұрғындарының жауапсыздығына налиды.
Жалдамалы көліктердің жүк салғышқа тиеген тұрмыстық қоқыс қалдықтарын полигонға жетпей жарты жолда аударып кететін жабайы қылығынан қоқыс үстіне қоқыс жамалып, күні бойғы еңбектері еш кететіні туралы білдік. Әзірге полигонның егесі «Нұршаһ» мекемесінің басшысы Нұрлан Сәдуақасов «Мен полигон тазалығына өз қаржымды жұмсап қарап отырмын. Айналасында белгілі аумақты аукционға аламын деген ниетім түбегейлі шешілген жоқ» деп өз мойнына ешқандай жауапкершілік ала алмайтынын ашық білдірді. Бізде аты бар да заты жоқ осындай орындардың шалажансар сықпыты «сен салар да мен салар, атқа жемді кім салардың» анық мысалын әйгілеп, әлі бір жолға түспей жатыр. Ол айналып келгенде жалпы елге, елдің тұрмысына, сыртқы келбетіне, мәдениетіне мін арқалатып тұр. Көлік атаулы полигонға бұрылған тұстан бастап кезекші қою керек пе, жоқ осы аралықта бейнебақылау қойылу қажет пе, әйтеуір қоқысты кез келген жерге тастаудан арланбайтын теріс ниеттілерді тап бастырмай құрықтайтындай нақты шешім қабылдану керек сияқты. Әйтпесе, күн сайын тазалыққа жегілсе де жұмысының ұштығына жете алмай, нала болып жүрген тазалықшылардың құқын аяққа таптаудың тоқтар түрі көрінбейді.
Жұмыстың басы-қасынан жиі табылуға тырысатын аудан әкімі орынбасары Бектас Нуридинов «Қаратау-1» аймағындағы ескі полигонды жауып кенттің күншығысынан күл-қоқыс тастайтын жаңа полигонды ашу жұмыстары жүріп жатқанын, ол салынп біткен соң барлығы да ережедегідей атқарылып, тәртіп орнығады деген ойымен бөлісті. Дегенмен, көпшілік халық болып тазалық мәселесіне қырағы болудың мәні зор екенін айтты. Кең дала, табиғат аясы, кентің ішкі тазалығы, барлығы да алдымен осындағы тұрғындардың сана мәдениетіне байланысты екенін ұмытпауымыз керек, – деді ол.
Сана тазармай, дала тазармайды.

Баян ҮСЕЙІНОВА
06 тамыз 2024 ж. 415 0