№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Аймақ ажарына әр азамат атсалысуы тиІс

Аймақ ажарына әр азамат атсалысуы тиІс

Тазалық мәдениетін қалыптастыру әр азаматтың парызы. Халық даналығында тазалық денсаулық кепілі ғана емес, ырыс пен несібенің бастауы. Біз табалдырығынан бастап төріне дейін таза болуды ұрпағына өнеге еткен текті ұрпақтың өкіліміз. Соңғы жылдары кент келбеті шырайлана түскенімен, тазалық сақталмаған жерде жақсы іске көлеңке түсері анық. Сондықтан тұрғындар сенбілікке сергек қарап, тазалық шарасына біркісідей атсалысуы керек.
Өткен сенбіде облыстық тазалық акциясы өтіп, Жаңақорған кентінің кіреберіс жолдары мен көше жағалаулары тазаланып, барлық ауылдық округтерде сенбілік жұмыстары атқарылды. Сенбілік жұмыстары барысында көшелердегі күл-қоқыстар тазартылып, шөп шабу жұмыстары жүргізілді. Аудан басшысы Мұрат Жолкелдіұлы тұрғындарды сенбілікке сергек қарауға шақырып, жұмысты тазалықтан бастауды жүйелі жолға қойды. Соның нәтижесі болар, газетте жиі көтеріп жүрген тазалық мәселесі өз шешімін тауып келеді. Қоқыс үйілетін аймақтар қатаң бақылауға алынып, көрінген жерге қоқыс тастайтын тұрғындардың іс-әрекетіне шара көрілуі көпке сабақ болды. Тазалыққа үн қосқан басшымыз: – Қанша жерден сенбілік өткізіп, қоршаған ортаны, айналаны ретке келтіріп жатсақ та жас тұрғындардың жауапсыздығынан тазаланған аймақтар қайтадан ластанып жатқандығын көз көріп жүр. Кент ішін айтпағанның өзінде үлкен трасса бойына төгілген қоқыстар ары-бері өткен жолаушы көңіліне кері әсер етіп келеді. Алдағы уақытта құзырлы орындармен кент көшелеріне рейд жүргізіліп, тұрғын үйлер арасында белгіленбеген жерлерге күл-қоқыс төккендерге заң шеңберінде шара қолданылатын болады, – деген еді. Жаңақорған кентінде 170-тен аса көше болғанымен, 132-сі ғана ресми тіркелген. Осы көшеде 90-ға жуық көше комитеттері нақтыланса, қалғанында енді сайланбақ екен. Қалай десек те, тазалық мәселесі бірінші орында тұруы тиіс. – Сенбілікте 15 арнайы көлік қоқыстарды аудан сыртына шығарды. Аудандағы кәсіпорын ұжымдары кент әкімдігімен бірлесе отырып белгіленген аймақтар бойынша шөп шауып, белсенділік танытты. Туған жерге деген сүйіспеншілігі мол аудан тұрғындары өз еріктерімен сенбілікке қатысып, көмек көрсетті. Қай кезде болсын ең бірінші өз ортаңа тазалықпен қарау – адамдықтың басты қасиеті. Сондықтан тазалық мәселесіне бей-жай қарамайық, – дейді кент әкімі Асқар Ибрагимов. Сенбілікке аудандағы білім беру, медицина, мәдениет, спорт, кәсіпкерлік саласындағы мекемелер, аудандық, облыстық, республикалық мемлекеттік органдардың ведомстволық бөлімдері, барлығы 136 мекемелер мен ұйымдар, аудан тұрғындары қатысты. Сенбілікке 3700-дей кісі жұмылдырылып, қоқыс таситын, жүк артатын, су себетін 13- тей техниканың көмегімен кенттің басты көшелеріне тазалық жұмысы жасалды. Жалпы, 132 тоннадан астам қоқыс тазаланып, шығарылды. Сенбілікке немқұрайлы қарайтын мекемелер деназардан тыс қалмады. «ҚазСуШар» РМК Жаңақорған аудандық өндірістік учаскесі мен аудандық қазынашылық басқармасы мекемесі қызметкерлерінің елдік шаралардан тыс қалуы ынтымақты тірлікке ықыластың кемдігін танытса керек. Тазалық сенбілігіне ұжым болып атсалысқан мекемелер ішінде аудандық архив мекемесінің директоры Зағипа Абжелелова: – “Табиғатқа тазалық тән” деген тәмсілдің тереңіне бойлаған адам өзінің өмір сүріп отырған ортасына жауапкершілікпен қарайды. Бұл дегеніңіз, отанды сүю, отбасын қадірлеу, ата-ана мен бауырларыңа деген құрметтің биігі. Бір сөзбен айтқанда, тазару, тазалықты сақтау бүкіл адамзаттың парызы. Біздің ұжымдағы қызметкерлердің басым көпшілігі қыздар болса да, ауызбірлікті тазалық науқанында көрсетіп, ер азаматтармен тең еңбек етіп, кент тазалыған өз үлесімізді қосып келеміз, – деді. ТҮЙІН. Мәдениеттілік пен парасаттылықтың бір парасы аймақтық деңгейде өткен ауқымды қозғалыста анық аңғарылды. Туған жердің табиғаты үшін білек сыбана еңбек еткендердің қарекетін көргенде отаншылдықтың нағыз үлгісін сезіндік. Елдің татулығы мен ынтымағы, ауыз-біршілігі осындай істе сыналады. Бәрінен бұрын, кенттің ажары кіріп, шырайлана түсуіне азаматтық үлесіміз үлкен деп мақтана аламыз.
Мақпал ПАТЕНОВА
14 қыркүйек 2023 ж. 312 0