№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Табиғат талан-таражға түспесін

Табиғат талан-таражға түспесін

Қаратауды ұлттық брендке жатқызуға болады. Неге десеңіз, біріншіден, қарт таудың қатпар-қатпар тастарында мыңжылдықтардан бастау алатын тарих қатталған. Екіншіден, ондағы шүйгін шөбі, мөлдір суы, тұнық ауасы адам рухына күшқуат беретін тылсым сыры бар. Үшіншіден, таудың тасы мен топырағы табыстың көзіне айналды. Әлбетте, табиғаттың байлығын кәдеге жаратып, жергілікті халық содан нәпақасын тауып, тіршілік еткені жөн-ақ. Бірақ әр нәрсенің обал сауабы болады емес пе? Бүгін біз Қаратаудың тауының табиғи байлығына тоқталып, қалам тербеуге ниет еттік.
Жақында Қаратауды бойлап, табиғат аясына шықтық. Байқап келеміз, Қаратауымыз қазылыпқазылып бір жақ мүйісі жоқ болуға айналыпты. Күндіз-түні темір тісін салған соқа тасты да кеміріп барады. Көрген көзде кінә бар ма, көңіл құлазыды. Таудың тасын тиеп алып тартып кетуге дайын тұрған жүргізушімен аз-кем әңгімелестік. Сөйтсек, Қызылорда-Жезқазған жолына төселіп жатқан тастың барлығы да осы Қаратаудың тастары екен ғой. Одан бөлек, өңірімізде жүргізіліп жатқан қарқынды құрылысқа сұраныс өте жоғары екен. Иа, Қаратаудың қара тасы қай ісіңе де жарап тұр. Оның сапасы, сан түрлі қасиеті және бар. Жолға төсесең де, тұрғын үй құрылысына пайдалансаң да, химиялық қосынды жасасаң да таптырмайтын шикізат. Әсіресе таудың тасынан түрлі фракциялы қиыршық тас, құмды тас қоспасы, жуылған құм, доломит, әктас сынды өнімдер өндіріледі.
Бүгінде таудың тасын өңдеп, оны елдің әр өңіріне жөнелтіп жатқан перспективалы компаниялар қатарына қиыршық тас өндіретін «КДСМ Қыран» ЖШС жылдық қуаты 300 мың тонна. «УАД» ЖШС жылдық қуаты 300 мың тонна, әр түрлі фракциялы қиыршық тас шығарады. «Мелиоратор» ЖШС жылдық қуаты 100 мың тонна, «Сарман Тастақ Жаңақорған» жылдық қуаты 100 мың тонна қиыршық тас, 50 мың тонна жуылған құм шығарады. «Кызылорда Электрстешн» ЖШС жылдық қуаты 50 мың тонна қиыршық тас, 20 мың тонна жуылған құм шығарады. «Доломит Тас» ЖШС, «Нұртас и К» ЖШС, «Казпром Шалкия», «Шалкия тас» ЖШС жатқызуға болады. Тау тастарынан құрылысқа қажетті материалдар шығаратын өндіріс аймақтарға арнайы барып, Қаратаудың тастары қандай мақсатта пайдаланатынын және қай жерлерге жіберілетінін білдік. Халықаралық маңызға ие «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» көлік дәлізінің бойына жақын Сүттіқұдық ауылдық округінің тұсында орналасқан «Сарман-Тастақ-Жаңақорған» ЖШС жол құрылысына қажетті қиыршық тасты Арал, Қазалы ауданына дейін жіберіп отыр. Кәсіпорынның негізін қалаған Батырхан Ағманов:
– 2006 жылы Сүттіқұдық ауылы тұсынан «Тастақ» деп аталатын аумақтан жер телімін алып, қиыршық тас өндіруді бастадық. Әрине, алғашқы кезде өнімді сынақтық көлемде шығардық. Ол кезде италиялық «Тодини Конструкциони Дженерали С.П.А» АҚ-мен екі жақты келісімге отырдық. Оларға сапалы бетон қоспасы үшін жуылған жоғары сортты құм қажет болды. Біз өндірген өнімнің сапасы италяндықтардың талабына сай келді. Бүгінде біздің өнімдерге сұраныс жоғары. Гептес, яғни жолға төсейтін қиыршық тасты Қызылордаға, ал жуылған құмды Түркістанға жіберудеміз. Айына орта есеппен 1015 мың тонна, жылына 100 мың тоннадан аса шикізат өндіреміз. Қазірде бұл жұмыстарды ұлым Темірхан мойнына алып, жетекшілік етіп келеді, – деді.
Әлбетте, өңіріміздің экономикалық дамуына өндірістің үлесі басым шығар. Бірақ жергілікті тұрғындар оның игілігін көрсе керек еді. Олай болмай тұр жерімізде жатқан табиғат игілігіне қолжетімді бағада алуға қолдау қарастырылмаған. Ауданымыздың белгілі азаматы Үмбет Абибуллаев: «Қаратаудың 70 пайызы доломит тастары. Бұл не үшін керек? – Әуежай ұшақтардың ұшып, қонатын жолағы төзімді болуы шарт. Осындай асфальтты жолақтың құрылысына доломитті пайдаланады. Жолдардың беріктігін арттыру да таптырмайды. Сондай-ақ Байқоңыр ғарыш айлағына доломит тасы аса қажетті. Себебі ғарыш кемесі өте үлкен жылдампықпен жоғарыға көтеріледі. Сол кезде астындағы жерді қопарып жібермес үшін осы доломит тасы төселеді. Міне, осыдан-ақ біздің Қаратау тасының қасиетін бағамдауға болады. Бұл тас өте қатты, сындырған кезде бөлшектеніп кетпейді, бұрыш-бұрыш болып бөлінеді. Содан болар, бір кездері Қытайдың өзі Қаратаудың тасын тасымалдап жатты, – дейді.
Осы жерде санаға бір ой салмақ салды. Мәңгілік ешнәрсе жоқ, әні-міне дегенше табиғи ресурсымыздың да сарқылатынына көзіміз жетті. Қаратаудың әрбір тасы – табыс көзі десек те, қарт таудың тасын көзсіз, есепсіз игерудің зияндығы жақтары жоқ па? Бұл сұрақ та біздің назардан тыс қалмады. Осы ретте редакциямызға арнайы келіп қалған ел жанашыры, тәуелсіз заңгер Әбдімаулен Сабырхановтың да ойын білген едік.
– Қандай құрылыс саласында да тастың араласпайтын жері жоқ. Үйдің іргетасынан бастап, қабырғалық, тіреулік, тастамалық материалдарда, еден төсеген кезде – бәріне де осы тас жүреді.Темір бетон бұйымдарының, жол құрылысының да негізгі шикізаты – осы қиыршық тас. Қиыршық тастың табиғи бітімі тәуір болғанда ғана құрылыс бұйымдарының сапасы артады. Міне, біздің Қаратаудың етегі толған табиғи байлық, тастың сан алуан түрі бар. Бірақ, кейінгі кездері бетқаратпай, жөнжосықсыз жаратуды әдетке айналдырдық. Шыны керек, Үсенбау тауының баурайына барып, Қаратауға көз салып көріңізші. Тіршілікпен біте қайнасқан Қаратаудың жартысынан көбі жоқ болып кеткен. Осы қарқынмен жүре беретін болсақ, алдағы он жылдықта ол таудан дым қалмайды. Жер бетіндегі әрбір жаратылыстың өзінің рөлі бар емес пе? Жаңақорғанға келетін желге тосқауыл әрі пана болатын осы Қаратау еді ғой. Байқасаңыздар, соңғы кездері табиғат тосын мінез танытып, өңірімізде жел жиі тұратын болды. Бұны адамдар өз қолдарымен істеп жатыр. Сондықтан да, ертеңгі күні ұрпағымызға не қалдырамыз, соны ойлануымыз керек, – деген сөзі көңілге қонды.
Иә, біздің тасымыз да табыс көзімізге айналды. Бәлкім, Жаңақорған халқының несібесі болар. Бүгінде Сыр өңірінде Жаңақорған ауданы өндірісінің қуатымен мақтана алады. «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ қарасты уран компанияларынан бөлек, «Премиум класс строй» ЖШС, «Қуат Әк» ЖШС әк өндіріп отыр. Қарт таудың тастарынан қиыршық тас өндіретін мекемелердің де өндірісі өркен жайғанын байқап келеміз. Әсіресе, республикалық маңызы бар жолдар, жалпы құрылыс саласында біздің аудан өнімдері үлкен сұранысқа ие. Олардың қатары артып, өрісі кеңейіп келеді. Әк зауытының да жыл сайынғы жұмыс жүйелі. Мамандардың сөзінше, 980-1000 градуста тастан әк бөлініп шығады. Әкке даламит тастары пайдалынады. Жыл өткен сайын өнімге сұраныс артып келеді.
Мәселен, 2023 жылға қарағанда 2024 жылы әкке сұраныс 10 есеге артыпты.
Жә, өндірістің жайын біліп, енді табыстың көзін сараласақ. Ол үшін қиыршық тастардың нарықтағы бағамын білу маңызды. Бұл жөнінде қиыршық тас тасымалдайтын жүк көліктерінің иелерінен білдік.
– «Аудан орталығында үш түрлі тас өндіріп жатыр. Әсіресе жуылған құм, яғни көлемі 0,5 болатын өнім түріне сұраныс өте жоғары. Себебі өнім жақсы жуылады екен. Бағасы да қолжетімді, сапасы да жақсы. Оның бағасы – 15 мың теңге. Қиыршықтас тас – 25000 мың теңге, ірі тас – 55 мың теңге, сары қиыршық тас – 15 мың теңгеден сатылуда. Бізде сұраныста қиыршық тастың үш түрі өтімді. Яғни, 0,5, 5,10 және 5,20 көлемдегі құрылысқа қажетті қиыршық тастар. Қазір Түркістанда құрылыс қарқынды жүруде. Тіпті, бізде өндіріліп жатқан тастар, Қырғызстанға дейін барып жатыр», – деді тасымалдаушы Оңдас Кеңесұлы. Әрине, құрылысқа қажетті түрлі фракциялы тастарды өндіріп, табыс тауып, ортақ қазынаға қаржының түскені жақсы. Алайда оның экологиялық зардабын ойлап қойған да дұрыс. Мәселен, тау қойнауындағы түрлі өсімдіктерге қиыршық тас өндірісінің әсері қандай? Жануарлар дүниесіне ше?
Мақала жазу барысында Қаратаудың тасы Қытай асып, Қырғызстанға барғанын білдік. Қытайда да, Қырғызстанда да таулы аумақтар көп. Бірақ біздің таудың тастарын сұратып отыр. Оның бір ғана сыры болуы мүмкін. Ол – Қаратаудың тастарында темірдің мол қоры болғандықтан өте берік болады. Сосын құрамында минералдықшикізаттар молынан кездеседі. Бастысы, Еуразия даласындағы ең көне таудың бірі. Яғни тастары мыңжылдықтар көшінде төзімділігімен әбден сыналған. Бірақ осынау табиғи байлығымызды әп-сәтте талан-таражға салу қаншалықты дұрыс?

Әсел РЗАЕВА
06 шілде 2024 ж. 52 0