Балық та табиғат тартуы
Соңғы жылдары электр аппараты, яғни тоқпен балық аулау деген тәсіл сәнге айналып барады. Біздің ауданда мұндай брокоьнерлер баршылық. Оны талай көзіміз де көрді. Біз бала кезде мұндайды көрген былай тұрсын, естімеген де едік. Қармақ, ау салу, ары кетсе шаңышқымен ұрып ұстау бар болатын. Қазір тоқ, тіпті бомба деген шықты. Бұл осылай жағаса берсе алдағы 5-6 жылда көл-тоған емес, дарияда балық қалмайын деп тұр, дейді сарапшылар. Сондықтан жауапты мамандар іске белсене кіріскенімен, әлі де тыйым болмай тұр.
Әңгімені әріден бастайық. Қазіргі нарықта табиғат байлығы саналған балықтың құны етпен терезесі теңесті. Асып кететіні де бар, мәселен, соғымға сойылған сиырдың еті 1700 теңгеден болса, балықтың жоғары құны 2000 теңгеден асып жығылады. Бағаны Үкімет реттей алмайтынын білген алыпсатарлар ойларына келген бағаны қоятыны анық. Негізінен баға өте қымбат, өйткені, ол балыққа қымбат құн қоятындай саудагерлер еңбегі сіңген жоқ. Бір-екі сағат ау салады немесе тоқпен ұрады да келеді. Ал, көлі бар кәсіп иелерінің ахуалы бөлек. Бұл көлеңкелі кәсіп деуге болады, ал, заңсыздық әрекетті жабайылылық деп айтуға болады. Қазір екі қолға бір күрек табылатын заман, ал, броконьерлер болса оңай олжаны көздейді.
Базардан балықтың қайдан келетінін сұрасаңыз өзіміздің балық дейді. Атыраудың да балығы бар, бірақ көпшілік өзіміздің балықтың дәмді екенін алға тартады. Ол қалай әкелініп жатқанына ешкімнің басы ауырмайды. «Байдың асын байғұс қызғаныпты» болмасын, бірақ тиыннан теңге құрап отырған қарапайым тұрғындарға артық салмақ салу ұят енді. Мәселен, бір отбасыда 5-6 адам болса, бір күндік асына қанша келі кететінін өзіңіз бағамдай беріңіз. Кентте бір нәзікжанды балық бизнесін кәсіпке айналдырып, мемлекеттен қолдау тауыпты. Міне, еңбек деуге болады, адал кәсіптің көрінісі осы. Қазір дария деңгейі қалыпты, суы да толып, диқандардың қуанышты. Бұл балықшыларға да пайда. Сыр өзенінің аудандағы шекарасы Көктөбеден Екіпнді, яғни Шиелі шеарасына дейін жалғасып жатыр. Одан бөлек, 26 көл мен каналдар бар. Олардың әрқайсысының иесі болғанымен, бұзақыларға бұл да кедергі болмай тұр. Ең өкінішісті, осы көл-каналдардың өзегі болған өзендегі тіршілікте болып тұр.
Республика бойынша мұндай заңсыздықтар біздің облыста көп болғаны көңілге кірбің келтіреді. Мұны жауапты сала қызметкерлері растап отыр. Алты айдың қорытындысы бойынша облыстағы ахуал төмендегіше. Өңірде су жануарларын қорғау қағидасын бұзудың 85 дерегі анықталып, 3 қылмыстық іс тіркелген. Рейд барысында балық аулау ережесін бұзған 82 азаматқа қатысты әкімшілік хаттама толтырылып, 10 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынған. Тіркелген 3 қылмыстық істің бірі – электр аппаратымен балық аулауға қатысты. Аталған іске қатысы бар деп Жаңақорған ауданында ВАЗ автокөлігі тоқтатылған. Тексеру барысында автокөліктің жүк салғышынан 3 дана аккумулятор, 1 дана қуаттағыш және үрлемелі резеңке қайық пен 40 келі балық анықталып, айғақ тәркіленді. – Жаңақорған ауданында тоқпен балық аулау дерегі анықталды. Тергептексеру жұмысы жүргізіліп жатыр. Екі айда Қызылорда облысында 85 құқықбұзушылық анықталды. Оның үшеуі - қылмыстық іс. Үш адам ұсталды, – деді жергілікті полиция қызметі басқармасының ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Жасұлан Жакияев.
Аудандағы ахуал
Бұл тақырып бойынша Жаңақорған орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемесі «КММ»- нің директор орынбасары Ермұханбет Баязитовпен тілдескен болатынбыз. – Орман шаруашылығы мекемесімен мемлекеттік орман қоры учаскелерінде 2023 жылы балық аулау заңнамасын бұзу бойынша рейдтік іс-шаралар ұйымдастырылды. Нәтижесінде 5 жағдай анықталып, ҚР ӘҚБтК-нің 383 бабының 1 бөлімімен 5 әкімшілік іс қаралып, 86000 теңге айыппұл салынып толық өндірілді. Мәселен, Жаңақорған ауданының азаматы Б.Н 2023 жылдың 05 сәуір күні резервтік көлде балық аулау қағидаларын бұзғаны үшін әкімшілік хаттама толтырылып, 17 мың теңге айыппұл салынды. 2024 жылы балық аулау заңнамасы бойынша рейдтік іс-шаралар ұйымдастырылып, нәтижесінде 2 жағдай анықталып, салынған 36920 теңге айыппұл толық өндірілді. Тағы бір мысал, О есімді азамат 2024 жылдың 14 сәуір күні заңсыз балық-аулау ережесін бұзғаны үшін әкімшілік хаттама толтырылып 18460 теңге айыппұл салынды, – деді директордың орынбасары.
Аталған 383-бап туралы толық түсіндіре кетейік. Бұл бап балық аулау және балық ресурстары мен басқа да су жануарларын қорғау қағидаларын бұзу деп аталады. Балық аулау қағидаларын, сондай-ақ балық ресурстары мен су жануарларын пайдаланудың басқа да түрлерiн жүзеге асыру қағидаларын қылмыстық жазаланатын іс-әрекет белгiлерi жоқ бұзушылық – жеке тұлғаларға – 10, шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiне – 30, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – 50, iрi кәсiпкерлiк субъектiлерiне 100 айлық есептік көрсеткіш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады. Осы баптың бірінші бөлігінде көзделген, әкiмшiлiк жаза қолданылғаннан кейiн бiр жыл iшiнде қайталап жасалған әрекет үшін жеке тұлғаларға – 20, шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiне – 50, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – 70, iрi кәсiпкерлiк субъектiлерiне 150 айлық есептік көрсеткіш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады. Енді 335 бап бойынша түсіндре жасасақ. – 335-бап.
Балық ресурстарын, басқа да су жануарларын немесе өсiмдiктерін заңсыз алу деп аталады. Балық ресурстарын, басқа да су жануарларын немесе өсiмдiктерін заңсыз алу, егер бұл іс-әрекет айтарлықтай залал келтіре отырып, жарылғыш немесе химиялық заттар, электр тогы не балық ресурстарын және басқа да су жануарлары мен өсiмдiктерін жаппай жоюдың өзге де тәсiлдерi қолданыла отырып жасалса, мүлкi тәркіленіп, белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан 5 жылға дейiнгi мерзiмге айырылады. 3000 айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не 800 сағатқа дейiнгi мерзiмге қоғамдық жұмыстарға тартуға, не 3 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге, сол мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы көзделген. Бірнеше рет жасалған дәл сол іс-әрекет – мүлкі тәркіленіп, белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан 5 жылға дейiнгi мерзiмге айыра отырып, 4 мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға немесе сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, бір мың сағатқа дейiнгi мерзiмге қоғамдық жұмыстарға тартуға, 4 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге, сол мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған, – деді Е.Баязитов.
Әлібек ТЕМІРБЕК