Соңғы жаңалықтар

№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Балық та байлық көзі

Балық та байлық көзі


Бүгінгі нарықта үлкен сұранысқа ие кәсіптің бірі балық шаруашылығы. Өйткені қазір екінің бірі балық өнімін тұтынады. Әсіресе жиын-той дастарханы балық етінсіз жұтаңдау көрінеді. Сұраныс артқан сайын балықтың бағасы да шарықтап барады. Бірақ осы шаруашылықты қолға алып, кәсіби тұрғыда айналысуға әлі де қауқарсызбыз. Біз бүгін жалпы балық бизнесінің болашағы туралы сөз етпекпіз.


Елдегі балық шаруашылығында өн­дірістік көрсеткіштердің белсенді өсуі байқалады. ҚР СЖРА Ұлттық статис­тика бюросының мәліметі бойынша, 2018-2022 жылдар аралығында Қазақ­стандағы аквашаруашылық қоры үш еседен: 5,7 мыңнан 19,2 мың тоннаға дейін көбейген. Кәсіпкерлер де бұл салаға қызығушылық танытып отыр, өйткені бұл салаға мемлекет тарапынан қолдау көрсетіле бастады. Мәселен, балық өсіретін шаруашылықтар үшін салық көлемі 70%-ға төмендеді, кәсіп­керлер инвестицияның 25%-ын өтеуге, сондай-ақ жем-шөп құнының 30%-ы және шабақ, дәрі немесе бағалы балық түрлерінің аналығы құнының 50%-ы мөлшерінде субсидия алуға арқа сүйей алады. Бұл ҚР Экология және таби­ғи ресурстар министрлігі (ЭТрМ) Ба­лық шаруашылығы комитетінің берген мәліметі.
Бұл бизнес жеңілдіктерінің барлы­ғы «2021-2030 жылдарға арналған ба­лық шаруашылығын дамытудың жаңа бағдарламасы» бекітілгеннен кейін қабылданды. Мемлекет осы кезең­де салаға 268,8 млрд теңге бөлуді көздеп отыр, ал бюджеттен тыс жеке инвестиция ретінде тағы 340,5 млрд теңге күтілуде.

Аудандағы ахуал

Жаңақорған ауданында балық ша­руа­шылығымен айналысатын 23 су ай­дыны болса, соның 8-і тауарлы балық өсірумен, 15 кәсіпшілік балық аулау шаруашылығымен шұғылдана­ды. «Балық шаруашылығын дамыту­дың 2021-2030 жылдарға арналған бағдарламасына» ауданымыздан 6 су айдыны, 1 тоған, 2 шарбақтық балық шаруашылығы енгізілген.
– 2022 жылы Жаманбала-Қамбаркөл және Қалғандария-1 көлдері тауар­лы балық өсіру шаруашылықтарының қатарына қосылды. Келінтөбе ауылдық округіндегі «Ислам» тауарлы балық өсіру тоған шаруашылығы ұзындығы 100-120 метрді құрайтын 12 тоған құрылысын салып, тауарлы балық шабақтарын салған. Осы жылдан бастап межелі өнім алу жоспарлануда. Бұдан өзге Жаңақорған кенті, Жаңауыл елді мекенінен «Сарбасов Сейдахмет» ДК, Жаңарық ауылдық округінен «Перу­за» ш/қ және «Ғафур» ДК, Төменарық ауылдық округінен «QYZYL BALYQ» ДК, Көктөбе ауылдық округінен «Мұ­рат­бек» ДК, Жайылма ауылдық окру­гінен «Томирис» ш/қ тоған балық шаруа­шылығымен айналысуда, – деді ауыл­шаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің бас маманы Жасұлан Тұрапов.
Жауапты маманның сөзінше, биыл «Қазсушар» РМК Қызылорда филиа­лы теңгеріміндегі Жайылма ауыл­­дық округінде орналасқан «Жиделі» су қоймасы және Жаманбай батыр ауылдық округіндегі «Бесарық» су қоймасында шарбақтық балық шаруашылығын құру жұмыстары жоспарлануда. Бұл да жақсы жаңалық.
– «Балық шаруашылығын дамыту­дың 2021-2030 жылдарға арналған бағдарламасы» бойынша жұмыстарды жүргізу барысында мәселелер туын­дап отыр. Біріншіден, су айдындарын­да инфрақұрылым саласы, оның ішін­де электр сымдарын тарту, бағана­лар орнату жұмыстары кедергі келтіру­де. Екіншіден, балық шаруашылығын дамыту үшін су айдынына су кіретін және шығатын бөліктеріне шлюз орнату да күн тәртібіндегі өзекті мәселе. Осы мәселелер шешілсе, үлке олжа болғалы тұр, – деді ол.

Субсидияға қандай құжат қажет?

Аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі­нің жауапты маманы Асылбай Дәулет­ханұлы инфрақұрылымдарын дамытуға байланысты электр желілерін жүр­гізу және трансформатор орнату үшін жобалау сметалық құжаттарын жасап ұсынған жағдайда, облыстық басқармаларға бюджеттік өтінім өткізіп, қолдау тапса қаржы қаралатындығын атап өтті. Яғни кез келген шаруашылық иесі бөлімге жоба-сметалық құжатын өткізуі тиіс.
Аудандық кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің басшысы Қар­жыбек Тәжібайұлы су айдындары иелеріне бизнес жоспар, жоба-сметалық құжаттарын жасап, «Бизнестің жол картасы-2025» бизнесті қолдау мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасына ұсыну арқылы мәселені шешуге болатындығын жеткізді. Сонымен қатар «Байқоңыр» ӘКҚ арқылы бірлескен өндіріс құру арқылы 51/49 проценттік үлеспен белгіленген мерзімге дейін төмендетілген пайызбен қажетті несие ала алады. Жақсы жобалар болған жағдайда гранттарға ұсынуға жәрдемдесетіндігін сөз етті.
Бір сөзбен айтқанда, қос бөлім арқылы да, жоба-сметалық құжатты (ЖСҚ/ПСД) әзірлеп, өткізуге болады. Бірінде субсидия алсаңыз, енді бірінде қайтарымсыз қаржыға қол жеткізесіз. Екеуі де тиімді жол, қолдау тапса қос тараптан да кәсібіңізге инвестиция құйылады. Сөйтіп бабын тауып, ба­лықтан да үлкен бизнеске қадам басуға мүмкіндік бар.
Біз неге бұл тақырыпты қозғап отырмыз? Өйткені, соңғы жылдары балық бизнесі толайым табыс көзіне айналды. Қазір дарияның өзінде балық қалмай бара жатыр. Қарап отырсаңыз, балықтың келісі еттің бағасына жетті. Көп тұтынатын сазан балығының келісі 1800 теңгеден асып жығылады. Сондық­тан қолда тұрған алтынды қадірлеп, ба­лық шаруасын ширату керекпіз. Бас­тысы, мемлекет тарапынан жеңілдік бар.

Әли ТЕМІРБЕК
24 ақпан 2024 ж. 325 0