Өрт – тілсіз жау
Күн жылынса өрт қаупі туындайды. Әсіресе, дария жағалауында және тазалық айлығы кезінде осы мәселеге абай болған жөн. Тазалық айлығы кезінде тиісті өрт қауіпсіздігі ережелерін қатаң сақтаған жөн. Әсіресе аулаларды, үй аралары мен көшелердегі қоқыстарды жинауда сақтық шараларын естен шығармау қажет. Мүмкіндігінше, қоқыстар мен қоралардағы шөп қалдықтарын (сабан) көлікке тиеп, арнаулы орындарға шығарған абзал. Тұрғындардың ашық от жағып оны бақылаусыз қалдыруынан, балалардың отпен ойнауынан немесе қалдық сабанға түскен сөндірілмеген темекі қалдығынан үлкен өрттің пайда болуы туындайды.
Сондықтан, қалдық шөпті немесе қоқыстарды өртеу тек жеке үйі ғана емес, айналадағы көршілерге де қатер төндіретінін естен шығармайық. Болатын өрттердің басым көпшілігі тұрғын үй секторларында орын алуының себептері тұрғындардың өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтамағандығынан, балалардың отпен ойнауынан, электр жабдықтарын монтаждау, және техникалық пайдалану ережелерінің бұзылуынан туындайды.
Өрттен қорғану, сондай-ақ адамдардың өміріне қауіп төндірмеу үшін бірқатар қарапайым ережелерді қатаң сақтау қажет, олар:
– тұрғын үйге және бау-бақша учаскелеріне іргелес аумақты құрғақ шөптен және қоқыстан алдын ала тазартыңыз;
– тұрғын үй құрылыстары аумағында, сондай-ақ орман алқаптарының жанында қоқыс төгуге жол бермеңіз;
– тұрғын үйлерде, саяжай учаскелерінде және орман алқаптарында қоқысты өртемеңіз;
– өрт қаупі бар кезеңде орманға шығуды шектеңіз, от жақпаңыз және ашық отты пайдаланбаңыз, темекі тұқылын тастамаңыз;
– балалардың отпен ойнауына жол бермеңіз;
– құрғақ шөп пен жапырақтарды арнайы белгіленген жерлерде және мұқият бақылауда өртеңіз;
– сөндірілмеген от қалдырмаңыз. Оған мұқият су құйып немесе құммен бастыру керек.
Өрт туындаған жағдайда, бастапқы кезеңде оны сумен немесе дымқыл маталы көрпемен, кез келген басқа тығыз синтетикалық емес материалмен жабу арқылы жоюға болады, мүмкін болса, тиісті өрт сөндіргішті пайдалану керек.
Өрттің тілсіз жау екенін бәріміз түсінсек те, оның нағыз мәнін ұғына бермейміз. Бұл тұрғыда ауылдық жерлерде далада жаңа шөп шығу үшін жер өртейтін әдет бар. Мал азығы үшін бәлкім дұрыс болар. Алайда, бұл шара кейде қараусыз қалып далалық өрттерге ұласып кету оқиғалары кездесіп жатады. Абай болайық!
Төтенше жағдайлар кезінде "101" немесе "112" нөміріне қоңырау шалу қажеттігін ұмытпаңыздар.
Жаңқорған ауданының
Төтенше жағдайлар бөлімі