Соңғы жаңалықтар

№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Медицина адамды, ветеринария адамзатты емдейді

Медицина адамды, ветеринария адамзатты емдейді


Адам денсаулығы қоршаған ортаның тазалығы мен ішер асы­ның құрамына тәуелді. Күнделікті ас-ауқатқа пайдаланатын ет пен дастарқанның берекесін арттыратын ағарған төрт түліктен алынаты­нын ескерсек, ветеринария саласы­ның маңыздылығын бағамдау қиын емес. Осы ретте, ветеринарлық жағ­дайдың жай-жапсарын білмекке Жаңақорған аудандық ветеринар­лық станциясының басшысы Марат Қазыбаевпен арнайы сұхбаттасып, ол басқарып отырған мекеменің негізгі міндеттері туралы жан-жақты ақпарат алдық.

– Мекеменің негізгі міндеті - ветеринария саласындағы нормативтік-құқықтық актілерінің талаптарына сай жануарлар мен құстардың арасындағы жұқпалы індетпен күресіп, жануарлар мен адамдарға ортақ аса қауіпті ауруларды дер кезінде анықтау, ветеринариялық-санитариялық қауіпсіздікті қаматамасыз ету. Ал, үй жануарларын жұқпалы аурулардан сақтау үшін профилактикалық (алдын-ала егу) диагностикалық іс-шараларды уақытылы жүргізу болып табылады, – дейді ол.
– Жалпы, аса қауіпті мал індетінің алдын алу және онымен күресу жұмыстары қалай жүргізілуде?
– Аудан бойынша эпизоотиялық тұрақтылықты сақтау жергілікті атқарушы органдардың ветеринариялық қызметіне тиесілі. Барлық ауылдық округтерде ветеринарлық пункттер мен ветеринар мамандар жұмыс жасауда. Біздің негізгі міндет – аудандағы эпизоотиялық тұрақтылықты сақтау, сонымен қоса аса қауіпті экзотикалық ауруларды болдырмау. Экзотикалық аурулар дегеніміз өзге елдерден келетін ауру түрлері. Осы ретте, тағамдық тұтынатын өнімдердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету маңызды. Қазіргі уақытта аудан көлемінде эпизоотиялық тұрақтылықты сақтау үшін 14 түрлі аса қауіпті жұқпаларға қарсы ветеринариялық препараттар бар. Егу жұмыстары жүгізілуде. Сондай-ақ, мүйізді ірі қараға тейлериозы мен пираплазмозы, уақ малдың бауыр құрты, түйенің трипаносомозы, жылқының гастрофилезі мен сақау сияқты энзоотиялық ауруларға қарсы ветеринарлық дәрі-дәрмектер алу үшін облыстық бюджеттен қаржы тұрақты түрде бөлінеді.
– Шаруалар қорадағы малын жұқпалы аурудан қалай қорғайды?
– Жұқпаны ауыздықтау үшін ең алдымен вакцина салдыру керек. Вакцинация жасаудың өз уақыты бар. Оны күн ысып кеткенде салудың пайдасы болмайды. Кей тұрғындар «малым буаз» деп екпені уақытында алудан бас тартып жатады. Ол дұрыс емес. Екпені уақытында салса жануарда ауруға қарсы иммунитет пайда болады. Төрт түлігіне бұрыннан екпе алып жүрген шаруалар біледі. Олар малын уақытымен тексертіп отырады. Жалпы, мал ауруларын болдырмау тек ветеринар мамандарының ғана ісі емес. Жануарлар иесі ҚР «Ветеринария туралы» Заңының 25 бабында көрсетілген талаптарға сәйкес, уақытылы вакцинация, диагностика жасатуға, ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіруге міндетті. Сонымен қатар қора-жайларды таза ұстап, жем-шөп сақтауда қоршаған ортаның ластануына жол бермей, зоогигиеналық талаптарды сақтауы тиіс. Сонымен бірге жануарларды сатып алғанда, сойғанда немесе сатуға өткізгенде, сойғаннан кейін ветеринариялық-санитариялық сараптама жасамай сатуға, обьектілерге ветеринариялық тексеру жүргізуге кедергі келтірмеуге, сондай-ақ төл алғанда, жануарлар ауырған жағдайда ветеринария саласындағы мамандарға хабарлауға міндетті.
– Барлық ауылдық округтерде ветеринариялық станциялар бар дедіңіз. Мамандар жеткілікті ме?
– Иә, қазіргі таңда барлық ауылдық округтердегі 26 ветпунктте меңгерушілері, бас эпизоот дәрігер, 65 ветдәрігер мен ветфельдшер мамандары бар. Аудан бойынша 94 ветеринар маман жұмыс істейді. Барлық ауылдық округ қажетті мамандармен қамтамасыз етілген. Мамандар жеткілікті.
– Тұрғындарға айтарыңыз бар ма?
– Мал иелері бірдейлендіруге қатты мән беруі керек. Осы мақсатта ветеринар мамандар үй мен қораны жағалап жүреді. Әркімнің жауапкершілігі әртүрлі. Келіскен уақытта үй иелері болмай қалады. Кірген жағдайда қорадағы мал түгел болмай шығады. Сұраса өрісте жүр дейді. Бір күнде бітіретін шаруаға екі-үш күнін жоғалтып жатады. Алыс ауылдарда құмның арасында жатқан малын жасыратындар да бар. Төрт түлік мал сырғаланбаса немесе таңбаланбаса есепте жоқ болып табылады. Мал иесі бірдейлендіруден өткеннен кейін барып ауыл шаруашылығы саласындағы көмек алуға толық мүмкіндігі болатынын ескерген жөн. Мал иелері жануарларын уақытында, толық жинақтамау салдарынан, аса қауіпті жұқпалы және энзоотиялық ауруларға қарсы алдын ала егу, диагностикалық тексеруге қан алу жұмыстарын жүргізу барысында қиыншылықтар орын алуда. Біз мемлекеттік мекеме болғаннан кейін қызметкерлер жұмыс күндері жұмыста болады. Ал, көпшілік жексенбі күндері малдарын базарға апарарда құжатын күні бұрын қамдағаны жөн. Ол дұрыс емес. Сатылатын малдың құжатын ертерек алса дейміз. Тағы айтарым, тіркелмеген малға құжат берілмейді. Тұрғындар қорасындағы мал төлдесе 7 күннен кейін бізге хабар беріп, жаңа туған жануарды базаға тіркету керек.
– Жаңа бір сөзіңізде ауданда жаңа мал қорымын салу бойынша жұмыс жасап жатырмыз деген едіңіз. Ол шаруа қалай болып жатыр?
– 2007 жылы қазіргі Саяжай мөлтек ауданының тұсында мал қорымы салынған еді. Ол уақытта бұл аймақтар бос болатын. Қазір тұрғындар көбейді. Ол жер биологиялық қалдықтардың толуына байланысты жабылды. Қазір жаңа мал қорымын салу үшін мемлекеттен жер бөлінді. Алдағы уақытта сол жер 10 метр тереңдікке дейін қазылып, жан-жағы қоршалып, стандартқа сай жұмыс жасайтын болады. Жалпы, аудан бойынша 16 типтік жобада салынған, ветеринариялық-санитариялық талаптарға сай мал қорымы бар. Осы ретте тұрғындардан мал қорымының қақпасына тиіспеуін сұраймыз. Оның есігін сындыру арқылы қоғамға қатер төндіретінін түсінсе екен. Ашылған қақпадан ит-құс кіріп өлексені жейтін болса, одан елге үлкен қауіп төнуі мүмкін.
– Сұхбатыңызға рақмет.

Айсұлу Алданазар
02 сәуір 2024 ж. 201 0