» » ҚАНДӨЗДІҢ ҚУАТЫ

ҚАНДӨЗДІҢ ҚУАТЫ



Қандөз, Қалғансыр, Қашқанкөл елді мекенінен құрылған Қандөз ауылдық округінде де тындырымды тірліктер бар. Дегенмен шешімін күткен мәселелер де аз емес. Алдымен, ауыл әкімі Роза Исаеваның баяндамасына көз жүгіртсек. Жалпы, ауылдың бір ерекшелігі үш диірмен де халық игілігіне еңбек етіп келеді. 
– Ауыл орталығындағы Б.Сейілбеков көшесінде орналасқан 18 бағаналы көше жарығына 155,0 мың теңге бөлініп, түнгі мезгілде көше жарығы қосылды. Округ бойынша көркейту-көгалдандыру және абаттандыру бағдарламасы бойынша көшелерге қиыршық тас төселіп, ауылдың кіре берісіне көшеттер отырғызылып, онда аяқ су тартылды, – деді Роза Ыдырысқызы баяндамасында.

Ауылдың аяқ су мәселесін шешу мақсатында ұзындығы бір шақырым болатын ескі арық тереңдетіп қазылды. Арықтың басына СНП 500/10 су маторы орнатылып, ауылдың 60 пайызы аяқ су алуға мүмкіндік алды. 
Дара кәсіпкер «Дуйсебаев Е» ет бағытында мал басын өсіру мақсатында мүйізді ірі қараға мемлекеттен субсидия алып, өз кәсібін жүргізіп отыр. Сонымен қатар ауыл азаматы Скаков Ыбырай «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасы бойынша ет өндіру мақсатында 4 млн. теңгеге 16 бас жылқы малын алды. Сондай-ақ, бір дара кәсіпкер 800,0 мың теңге, үш дара кәсіпкер (әрқайсысы) 3 млн. теңгеден несие алып, кәсібін дөңгелетіп кеткен. Ауылдағы кәсіптің саласының дами бастағанын осыдан байқауға болады. 
Кездесу соңы қызу пікір-таласқа ұласты. Ауыл әкімдігі жанынан құрылған қауымдастық төрағасы Өңірбай Ысқақов ауыл әкімінің жұмысына оң баға беріп, ішкі жолды жөндеуге көмектесуін сұрады. 
Дүйсебай қажы Төлендиев ауыл жастарын жұмысқа тартудың маңызына тоқталды. Әсіресе, науқандық жұмысқа жұмылдыруды жолға қойсақ деген ойын ортаға салды. Аудан басшысы бұл ұсынысты қолдай кетті. Бұл ауылда да электр желісін жаңғырту жұмыстарын жүргізу қажет-ақ. Мұны ауыл тұрғындарының өтінішінен ұқтық. 
16 қаңтар 2018 ж. 1 734 0