Білімді ұрпақ – білікті ұстаз бейнесі

Өзім осы саланың маманы ретінде педагог кадрларды аттестаттаудың жаңа үлгілік қағидаларын қарап, ой талқысынан өткіздім. Ұстаздардың құқығы, беделі, әлеу-меттік жағдайы заңмен бекітіліп, үлкен құрмет көрсетілген соң, оларға қойылатын кәсіби талап та арта түседі. Мектептің жаны – мұғалім. Сондықтан да жаңа ереже педагогтердің үздіксіз дамуына негізделген. Қазіргі қоғамда болып жатқан терең әлеуметтік өзгерістер білім беруді дамытуға жаңаша көзқараспен қарауды, педагогикалық ғылым әдістемелері мен парадигмасын өзгертуді талап етеді.
Осындай өзгерген әдістерді мектеп өміріне енгізетін де, мектепті жақсартатын да негізгі тетік – қабілетті мұғалім. Бауыржан Момышұлының сөзімен айтсақ, мұғалім «болашақтың баласын да, данасын да, ғылымын да өсіреді». Сондықтан, қазіргі қоғам болашағының данасын өсіру үшін мұғалімнің өзі де дәстүрлі сабақ беру әдістерін өзгертіп, жаңа формацияның мұғалімі болуға жан-жақты бетбұрыс жасауы керек. Бүгінгі бәсекеге қабілетті ұлт тәрбиелеуде ұстаздарға жүктелер міндет зор.
XXI ғасырда іздену, талаптану, білім беру, тәжірибемен бөліс, нәтиже көрсету, ынталану бүгінгі күннің талабы. Аттестаттау қағидасы әлеуметтік әділдік, академиялық адалдық, табысты қарым-қатынас, ашықтық пен өзін-өзі дамытуға ынталануды көздейді.
Әл-Фарабидің «Адам мақсатына өзін-өзі жетілдіру арқылы жетеді» деген сөзін ескере отырып алдағы уақыттағы жаңартылған білім беру бағдарлама бойынша жұмысты жүйелі, тиімді жүргізу арқылы оқушылардың тереңде жатқан ойын дамыта, оларды сөйлеуге, сыни тұрғыдан ойлауға, өмірде де тиімді пайдалана алатындай дәрежеде дәлелдеуге үйрету - мұғалімнің мақсаты деп ойлаймын.Ендеше, барша ұстаздарға табыс, сәттілік тілеймін!
Бекжан Шахизатұлы
Жаңақорған ауданы білім бөлімінің басшысы
Жаңақорған ауданы білім бөлімінің басшысы