Әлекке салған алимент

«Әкелі бала – жаужүрек, әкесіз бала – сужүрек» деген мәтелдің мәні зор. Расында, бала анадан ажыраса мейірімнен, әкеден алыстаса өжеттіктен қол үзеді деген сөздің астары тым терең. Мәселеге мән беріп қарасақ, бүгінгі таңда шаңырақ көтеруге бел буған жастардың басым көпшілігі отбасы алдындағы жауапкершілікке немқұрайлы қарайды. Жыл сайын отбасын құрған жастардың қатары көбейгенімен, олардың ажырасу жағдайы да аз емес екенін АХАЖ мамандары жасырмайды. Өкініштісі, ортада қалған балаға алимент төлемеу үшін сан түрлі айла-әрекетке баратындар арамызда жетерлік. Бүгін әкенің рөлі қандай күйде? Балаларынан бас тартқаны былай тұрсын, алимент төлеуден басын ала қашқандар саны неге артып барады? Осы тақырыпты сараптап көрдік.
Ерлі-зайыптылар ажырасқаннан кейін алимент төлеу жайлы келісімге келе алмаған жағдайда немесе тараптардың бірі алимент төлеуден бас тартса, онда сот арқылы алиментті мәжбүрлі түрде төлеткізу заңда қарастырылған. Заңға сәйкес, алимент бала санына қарай төленеді. Бір балаға әкесі не анасының айлық табысының төрттен бірі, екі бала болса үштен бірі, ал үш және одан көп балаға – айлық табысының жартысы төленеді. Кәмелетке толмаған балаларды асырауға алимент ресми табыстың барлық түрінен ұсталады. Жұмыссыз азамат алиментті күнкөріс деңгейінің мөлшерімен төлейді. Қылмыстық кодекстің 139-бабында алимент төлеуден қасақана жалтарғаны үшін екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
Бауыр еті – баласын күтіп-бағуға қаржы бергісі келмейтіндер де жетіп артылады. Бірі жұмыс істеп жүрсе де «жұмыссызбын» деп жалтарса, екіншілері – жалақысының мөлшерін жасырып, жалған анықтама тапсырады. Мәселен, үш баласы бар А.Н. есімді кент тұрғыны 2022 жылы ажырасқанын айтады. Соттың шешімімен балалардың әкесі тапқан табысының 50 пайызын оларға беруі керек екен.
– Бұрынғы күйеуіммен үш жыл бұрын заңды ажырасып, алимент төлеуі керек екені ескертілген. Жүк көлігін жүргізіп, айына 300-400 мың теңге тауып жүрген кәсіпкер күйеуім жұмыссыз ретінде анықтама өткізіпті. Осылайша үш жылдан бері алимент төлемей отыр. Балаларымды жалғыз өзім өсірудемін. Тапқан табысын жасырып, әкелік міндетінен қашып жүрген жанға не деуге болады? Осы бір жылдың ішінде өз еркімен келіп балаларына қарасқан жоқ. Тіпті заңмен бекітіп берген алиментті де төлеуден қашып жүр, – дейді ол.
Ол сот орындаушысының осы жолсыздықтарға көзжұма қарап отырғанына қапалы екенін жасырмады. Енді сот орындаушысының да, жолдасының да үстінен сотқа арызданбақ. Бұл – бір ғана мысал. Балаларының әкесінен алимент ала алмай жүрген жандар қаншама?
Сот орындаушыларының айтуынша, бауыр еті – баласы үшін қалтасынан бір тиын да шығарғысы келмейтін безбүйрек әкелер жетерлік. Сот алимент өндіру туралы шешім шығарғанымен, оны орындайтындар аз. Еуропаның бірқатар елдерінде, Балтық жағалауындағы мемлекеттерде Үкімет есебінен балаға алимент төленеді де, қашқын әкенің ізіне мемлекет өзі түседі. Санаулы күнде қорғау органдары арқылы борышкерді тауып, еріксіз түрде қоғамдық жұмыс істеуге мәжбүрлейді. Баланың алименті өтелмей, ата-ана бекітілген жұмыстан бас тарта алмайды. Шетелде алиментті өндірудің түрлі жолдары қарастырылған. Мәселен, алимент төлемеген әкенің есепшотын жауып, шетелге шығу сапарын шектеп, тіпті ұялы телефонына ақша аудартпай қояды.
Осы тұста Жаңақорған аудандық сотының кеңсе меңгерушісі Бибайым Нәлібаевамен тілдесіп, нақты ақпараттарға қанықтық.
– Ауданда ажырасу деңгейі жоғары. Жылдан-жылға отбасындағы ажырасу көбейіп барады. 2024 жылы алимент өндіруге байланысты 72-сіне сот бұйрығы шығарылып, алимент төлеуге міндеттелген. Ал, 2025 жылдың мамыр айында 33 алимент өндіру жөнінде сот бұйрығы шығарылған. Меніңше, отбасы беріктігі әйелге байланысты. Ол ана ретінде басқа түскен ауыртпалықты, отбасына келген қиындықты нәзік болмысымен, күш-қайратымен, сабырлығы және шыдамдылығымен жеңсе, жанұя бақытын сақтап қалары сөзсіз. Осы сәтте, жас аналарға, әпке, сіңілілерге жүректе сүйіспеншілікті сөндірмей, отбасы түтіні түзу шығуы үшін инабаттылық пен имандылық қажет екенін айтқым келеді, – дейді ол.
Ауданымызда осы мәселемен тікелей айналысатын сот орындаушыларымен кездесіп, мәселенің мәнісін зерделеп көрген болатынбыз. Әуелі Нұрсәуле Мейірбекованы сөзге тартып, тақырыпқа тереңінен үңілдік.
– Қазір менің қарауымда 300 борышкер тіркелген. Олaрдың 201- і жұмыс орнына жолданған, 48-і төлеуде, оның 38-і ерікті түрде бөліп төлейді. Осы ретте айта кетейін, алименттің өндірілуіне учаскелік полиция қызметкерлерінің еңбегі зор. Күн-түн демей жүйелі жұмыс жүргізуде. Негізі алимент төлеуден бaс тaртқан жандар екі aй мерзімде қатесін түземесе әкімшілік жaзa қолдaнылaды. Бұрындары әулеттің, ауылдың ақсақалдары, жасы үлкен қариялар бұндай жағдайда істі сотқа жеткізбей, ерлі-зайыптыны ортаға алып, ақылдарын айтып, татуластырып отыратын. Көршілес Арал ауданында бізге қарағанда ажырасу әлдеқайда аз. Бізде 700-ден аса борышкер болса, Аралда 200-ден аспайды. Себебі, ата-баба дәстүрін жалғастырып қариялар ортақ шешімге келтіруге тырысып, «Билер алқасы» жақсы жұмыс жасайды. Меніңше, біздің ауданымыздан да «отбасы» немесе «ана мен бала» орталығы секілді орынның болғаны маңызды. Осы мақсатта тиісті орындарға өтініш білдіріп, ұсыныс жасалу қажет. Өзім осы алиментпен 2017 жылдан бері айналысып келемін. Бір байқағаным, сән салонында, кафе, мейрамханада жұмыс істейтін қыз-келіншектер алиментке көп жүгінеді. Борышкерлердің көбі төлеген алименттерінің балаларына емес, ажырасқан әйелдерінің ойын-сауығына жұмсалатынын айтып шағымданады. Бұл жерде ата-ана балаға жақсы тәрбие беріп, тұрмысқа шығып жатқан қызға ақылын айтып, мейлінше отбасын сақтауға жұмыс жасау керек, – дейді Нұрсәуле Дәуітқызы.
Сот орындаушының сөзіне қарасақ, ауданда алименті жоқ ауылдар да бар екен. Мәселен, Қосүйеңкі, Бірлік ауылдарында алиментке өтінім бергендер тіркелмеген. Ол ауылда ажырасу болған күннің өзінде, ауыл ақсақалдары өзара талқылап, баланы қамқорлықсыз қалдырмайтынын алға тартты. Ауданда алимент өндіруден алда тұрған Келінтөбе, Манап, Түгіскен, Төменарық сынды ауылдарда ажырасу мен алиментті талап ететіндер көп болып шықты. Бұл ойланарлық жайт.
Сот орындаушы Ақмарал Нұрғалиева күн сайын алимент өндіру ісі бойынша кем дегенде 2-3 өтініштің түсетінін алға тартты.
– Дәл қазіргі уақытта осы мақсатта 204 борышкермен жұмыс жасаудамын. Оның 19-ы қарызын төлемей қашып жүр. Борышкерлер бала алдындағы парызын өз еркімен өтеуге құлықсыз, күштеудің, жүйелі жұмыстың арқасында амал жоқ төлеп жатыр, – дейді жауапты маман.
Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, елімізде алимент төлемеген борышкерлердің қарызы 6 миллиард теңгеден асады. Сот орындаушылардың айтуынша «көкек әкелерден» алимент өндіру қиынға соғады. Тіпті, кейбір әкелердің берешегі миллион теңгеге дейін жеткен.
Aйтa кету керек, жaлпы сот орындaушылaрының қолындa бірнеше жылдaн бері қaрызын төлемеген 10 мыңғa жуық іс тіркеуде тұр. Бaлaсының тaғдырынa aлaңдaмaйтын әкелер мен сәбиін өмірге әкеле сaлa жетімдер үйіне тaстaйтын мейірімсіз aнaлaрдың бейнесі осылай көрінуде. БҰҰ дерегіне көз жүгіртсек, Қазақстанда ерлі-зайыптының ажырасу үлесі әлемдегі «жетілікке» ілініпті. Алдымызда Ресей, Гуам, Молдова, Беларусь, Латвия және Украина ғана бар. Сарапшылардың есебінше, Қазақстанда әрбір сағат сайын 6 ерлі-зайыпты айырылысады. Қалай болғанда, ойрандалған отбасының артында аңыраған бала мен берешек батпағына батқан азаматтар қалатыны көңілге қаяу салады. Осы тұста тәуелсіз заңгер Дәулет Тұрабаевтың ойын білген едік.
– Маған кейбір ер азаматтар «Алимент төлемеудің жолы бар ма?» деген сұрақпен келеді. Ондай кезде ол азаматтарға, егер ол бала сенің балаң болмаса, алимент төлемеудің жолын қарастырайын. Ең әуелі ДНК тапсырып, өзіңнің туған балаң ба, соны анықта деймін. Ал, өзіңнің қаның болса, балаңның алдындағы жауапкершіліктен қашпа, ол сенің міндетің деп түсіндіремін. Осыдан біршама уақыт бұрын ауданда «Анаға хат», «Әкеге хат» деген үлкен шаралар ұйымдастырдық. Шараға қатысқан жастар әке-шешенің, үлкен кісілер баланың қадірін түсініп, керемет тәрбиелік мәні бар, көпке ой салар көріністер қойылған еді. Осындай іс-шараларды жиі ұйымдастырып, абыз ақсақалдармен дөңгелек үстелдер өткізіп тұру керек. Кейбір борышкерлер жұмыс жасамаймын, менің атымда ешқандай мүлік жоқ, сондықтан мен төлеуге міндетті емеспін деп басын ала қашады. Бірақ ол бала алдындағы міндетінен ешқашан қашып құтыла алмайды. Әр отбасында отбасының берекесі, әйел затының қамқоршысы болуы тиіс ер-азамат, Абай атамыз айтқандай, «ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүректің» пәрменімен әрекет етсе мұндай келеңсіздіктер болмас еді, – дейді.
Аудандық әйелдер кеңесінің төрайымы Ақмарал Маликовадан отбасын сақтау, ажырасудың алдын алу, борышкер әкелермен қандай жұмыстар атқарылып жатқаны жөнінде білген едік.
– Статистикалық мәліметтерге қарасақ, жылдан жылға тұрмыстағы текетірестің көбейіп жатқанын байқаймыз. Отбасындағы келіспеушілік, ерлі-зайыптының арасындағы түсініспеушілік қай кезде де болған ғой. Бірақ үлкендер «бас жарылса бөрік ішінде, қол сынса жең ішінде» деп, отбасындағы мәселені сыртқа шығармайтын. Кейінгі кездері әлеуметтік желінің қолжетімділігі, ұялы телефонның салдарынан не болса соны жұртқа жариялап, қоғам арасында талқыланып жатыр. Осы уақытқа дейін қандай да бір отбасында жанжал туындаса, үйдің үлкендері ортаға түсіп, тіпті ушығып бара жатса ауыл ақсақалдары араласып, жастарға ақыл айтатын. Жастар сол ақсақалдардың сөзіне тоқтайтын, артық іске бармайтын. Бұл тақырып әлеуметтік желіге шықпақ түгілі, әулет арасынан аспайтын. Жастарға айтатыным, отбасындағы мәселені отбасында ғана талқылап, ашуға емес, ақылға бой алдырса деймін. Аудандық әйелдер ұйымы ауылдарда дөңгелек үстелдер, түрлі шаралар ұйымдастырып жатырмыз. Осы жылы біршама жұмыстар жоспарлануда. Біз бұл олқылықты жоюда мағыналы көріністер, сырласу, сұқбаттасу, тиісті мамандардың кеңесін ұйымдастыру сынды біршама істерді жүйелеп қойдық. Осы бағыттағы жұмысымыз оң нәтижесін береді деп сенеміз, – деді.
Алимент төлеуден бас тартқан адамдар діни тұрғыдан да қатты сынға ұшыраған. Ал, шариғатта не дейді? Аудандық «Құмсаһаба» мешітінің ұстазы Ержан Сейтжаппаров:
– Әрбір ата-ана балаға жауапты, перзент оларға аманат. Кішкентай балалардың нәпақасы белгілі бір жасқа жеткенше әкеге жүктеледі. Нәпақаға баланың тамағы, киімі, ауырса емдету секілді шығындар жатады. Тіпті кәмелет жасына жетіп, оқуы немесе мүгедек болуы себепті жұмыс істеуге мүмкіндігі болмаса, әкесі баласын нәпақамен қамтамасыз етуі керек. Ал қыз баланы тұрмысқа шыққанға дейін бағып-қағады. Әкесі ажырасып кетсе де баласының алдындағы жауапкершілік пен міндеттен босатылмайды, – дейді.
«Торғай жауын жауса – балапанын қорғайды, бұршақ жауса – өз басын қорғайды», демекші қатері басымдау бұршақ жауғанда бауыр еті – баласына қорған бола алмай, қара басының қамын күйттеп кететін шарасыздық біздің ер азаматтардың басына туғандай. Көпке топырақ шашудан аулақпыз. Біздікі, әкелер жауапкершілігін сезінсе деген ой. Қазіргі уақытта жұмыссыз қалған борышкерлерге мемлекет тарапынан қолдау жасалып, оларды жұмыспен қамту орталықтары арқылы жұмысқа орналастыру мүмкіндігі бар. Адам өмірінің қызығы ғана емес, мәні, мағынасы болып табылатын перзент алдындағы парызымызды неге ұмытамыз?
Әсел РЗАЕВА