«Хан» өнімдері сұраныста
Кондитер өнімдеріне, тәтті тоқаштар мен бауырсақтарға деген сұраныс қашан да жоғары. Мұны тұрақты кәсіп етіп, нарықта орнын қалыптастыра алған бизнес өкілдері аз емес. Оның ішінде жастардың үлес салмағы басым. Солардың қатарында «Хан» кондитер дүкенін ашқан ерлі-зайыптылар Рустам Әмірхан мен Әсел Сыбан да бар. Осыдан төрт жыл бұрын басталған кәсіп бүгінде төрт аяғынан нық тұр.
Нан-тоқаш өнімдерінен де әжептәуір пайда табуға болады. Көпшілік мән бере бермейді, алайда, бұл бизнес те табысты бизнестердің қатарына кіреді. Дүкендерде күнделікті өтетін тауарлар тізімінде нан-тоқаш тұрады. Көпшілік күн сайын жаңа піскен нан немесе күлше сатып алғысы келеді. Олай болмаса өнім өтпей қалуы мүмкін. Наубайханадан шыққан нанның сақталу мерзімін ұзақ ұстау үшін бүгінде талықсытпалы мұздату технологиясы қолданылады екен. Міне, осынау технологияны пайдалану арқылы инновациялық, заманауи кәсіпорын ашу бизнесіне қызыққан кез келген адамның мүмкіндігі бар.
– Бастапқыда қорқыныш болды, егер сауда айналымы нашарлап, сұраныс болмаса не істейміз деген сан сауалдар мазалады. Тәуекел етіп, 2020 жылы кәсіпті бастап кеттік. Алдымен «Атамекен» Қызылорда облыстық кәсіпкерлер палатасының Жаңақорған аудандық филиалының директоры Асылжан Жолдасбековпен байланысып, кәсіп бастаудың жолдарын сұрадық. Мемлекеттен қолдау қандай болады, жобаны қалай жүзеге асыру керектігін білдік. Қазір шүкір дейміз, ісіміз ілгерілеп, нарықта үлкен сұранысқа ие болып жатырмыз.
– Күніне қанша тапсырыс келеді?
– Күніне 1500-ге дейін тапсырыс келеді. Нанның барлық түрлері мен тәтті тоқаштар да бар, тапсырысқа сай кез келген өнімді дайындай аламыз. Сосын жеткізіп беру өзімізден. Кент ішінде екі жүргізушіміз бар, қалаған мекен-жайға апарып береміз. Қазір қарауымда 10 жұмысшы бар. Алла сәтін салса кәсібімізді кеңейтіп, қызметшілердің қатарын көбейтуді көздеп отырмыз. Шынын айту керек, жеке кәсіп бастаймын деген жастарға мүмкіндік өте көп. Керек десе, мемлекет тегін қаржы даүйлестіруде. Тек өзіміз жалқауланбауымыз керек.
Иә, мемлекет тарапынан жастарға қолдау аз емес. «Zhas project» жобасы, қайтарымсыз қаржы, 2,5 процентпен жеңілдетілген несие, айта берсек беріліп жатқан мүмкіндік мол. Отбасылық бизнес болған соң Рустамның жары осы кәсіпті нықтап қолға алып, жақсы жұмыс жасауда.
– Оқушы кезімде анамнан бәліш, кекс, нан түрін пісіруді үйрендім. Кейін қызығушылығым артып, торттың түр-түрін пісіріп, тәжірибе жинадым. Алғашқы тапсырыс беруші үйге келген қонақтардың қатарынан табылды. Кәсіп осылай басталды. Тәттілерімнің ойдағыдай шығуы үшін ізденіп, қосымша білім алдым. Кейде күніне 40-50 тортқа дейін пісіремін. Бұл менің сүйікті ісім әрі кәсібім. Менің осы іспен айналысуыма ата-енем, жолдасым бар жағдайымды жасап отыр. Ол кісілердің көмегі болмаса, мен бұл кәсіпті бастай алмас едім, – дейді жұбайы Әсел Сыбан.
Біз тұрақты тұтынушы болмағандықтан, үнемі тапсырыс беретін тұрғындарды іздеп көрдік. Біз тапқан жандардың барлығы дерлік нәзік жандылар.
– Қазір қонақ күтетін болсақ бірден тапсырыс беруге дайын тұрамыз. Бұрындары үйден өндіретін өнімдер қазір кез келген дүкен сөрелерінде самсап тұр. Отбасымызда қызықшылық бола қалса Әселдің тәттілеріне тапсырыс беретініміз рас. Оның қолынан шыққан нан мен торты бар ықылас-ниетін салып істеген еңбегін көруге болады. Торт бетін көркемдеуінен нәзіктік пен талғамды байқайсыз. Мақтағанымыз емес, шын бағасы осы , – дейді кент тұрғындары.
Кәсіпкердің табысты болуының сыры – талап пен талғамда. Кәсіп бастаған азаматтарға осы қасиет. Оны бүгінгіжас отбасылардан көрдік.
Әли ТЕМІРБЕК