№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » ТАБЫСТЫ БИЗНЕСМЕН ДЕГЕН КІМ?

ТАБЫСТЫ БИЗНЕСМЕН ДЕГЕН КІМ?

   Қазір Қазақстанда кез келген адамның кәсібін дамытуға мүмкіндігі бар. Әсіресе Сыр өңірінде шағын және орта бизнесті дамытуда жан-жақты қолдау тетіктері қарастырылған. Ең бастысы, креативті идея, нақты жоспар, айқын мақсат болса, қайтарымсыз гранттар немесе төмен пайызды несие алып, кәсіпті дамытуға болады. Алайда, бизнесті бастағандардың бәрі «табысты» деуге келмейді. Сондықтан «табысты бизнесмен» деген кім? Соған жауап іздесек.

  Жасыратыны жоқ, бүгінде жастардың дені шағын кәсіпке бет бұра бастады. Әрине бұл қуанарлық жағдай. Себебі дамыған елдердің тәжірибесі көрсеткендей шағын кәсіпорындар экономиканың маңызды секторына айналды.
Қазір Жаңақорғанда кәсіпкерлер саны был­тырғымен салыстырғанда арта түскен. Нақты айтқанда, жыл басынан 469 кәсіпкер тіркеліпті. Жалпы ауданда 3141 кәсіпкерлік субъектісі бар. Бірақ олардың бәрін табысты кәсіпкерлер санатына жатқыза алмаймыз.
– Табысты кәсіпкер ең алдымен тәуекелшіл, сосын қажырлы еңбек етуі маңызды. Нарық­тық қатынастарға тез бейімделу үшін ізденіс үстін­де жүруі қажет-ақ. Бәрінен бұрын жаңа­шылдыққа, инновацияға мән бергені абзал, – деді Кәсіпкерлер палатасының Жаңа­қорған аудандық филиалының дирек­торы Марлен Нұртазаев.
Біз жаңақорғандықтардан табысты биз­несмен қандай болуы керектігі жөнінде білдік. Сауалнамаға қатысқан тұрғындардың басым көпшілігі «Табысты бизнесмен – кәсіпкерлігі өрге домалаған, бизнесі берекелі, жаңа идеясы бар, яғни бизнес әлемінде байыған адам» деп жауап қатты. Дұрыс айтады. Тақырыпты тереңдете түсіну үшін аудандағы шағын және орта кәсіпкерліктен нәпақасын тауып ғана қоймай, өзгелерге де үлгі бола алған жандарды тілге тиек етпекпіз.
Сондай кәсіпкерге «Сұңқар» шаруа қожа­лығының төрағасы Құлмағанбет Исаханов­ты жатқызуға болады. Бір ауылға тұтқа болып отырған меценаттың сөзінше, табысқа бастар ең жылдам жолы – өзіңе ұнайтын істі табу және жан-тәніңмен жұмысты сапалы атқару қажет. Сосын өмірде сәттілікке жеткіңіз келсе, өзіңіз сенімді болған нәрсеге қана тәуекел етіңіз. Бастысы, ысырапқа жол бермеу керек.
Ал, жастарды сөзге тартқанымызда, басым көпшілігі кәсіпкерлік бағытты қуаттады. Өйткені бір айлықпен күн көруді құп көрмейді. Сондай жастың бірі – байкенжелік Мақсат Әлиев. Мемлекеттік қызмет саласында тәжірибе жина­ған ол табысты кәсіпкерге айналып келеді. Бүгінде оның шығарған өніміне (жиһаз) сұраныс жоғары.
– Кәсіпкерлік салаға бет бұрғаныма екі жыл да, менің бір түсінгенім, табысты бизнес­менге айналудың екі ғана жолы бар, бірінші – тәуекелшілдікке бару, екіншісі – ізденімпаз болу. Сондықтан табысқа жетуге нақты қадам жасар алдында жоспарды ой елегінен еткізіп, табанды іске көшкен ұтатын заман қазір. Ең бастысы, бәсекелестік ортаға қабі­летті бола білу керек, – деді жас кәсіпкер Мақсат.
Жаңақорған ауданында дайын өнім өндіретін кәсіпкерлер көп емес. Осы ретте, Кейден ауылдық округінде «Кәусар» жүгері сусынын шыға­ратын Сейдмұхаммед Әбжаппаровтың тәуекелшілдігі мен жаңашылдығын ерекше атауға болады.
Кәсіпкерді сөзге тартқанымызда, адамның бойындағы ең басты қозғаушы күш – сәтсіздік алдындағы қорқыныш екендігін айтып, дәл осы қасиет күш-жігерді арттыруға көмектеседі және үздік болуда жігерлендіретінін түсіндірді.
Бүгінде табысқа жетелейтін қолдау тетіктері көп десек, соның ішінде мемлекеттік-жекешілік әріптестікті (МЖӘ) айту керек. Жаңақорғандық кәсіпкерлер МЖӘ аясында белсенді іске кірісті. Солардың қатарында Сүттіқұдықта орналасқан спорт кешені бар. Гүлжайна Рысбаева басшылық ететін 150 орындық жаңа спорттық-сауықтыру кешенінде 13 адам жұмыспен қамтылды. Онда жастар еркін күрес пен әйелдер күресі, тоғызқұмалақ, бокс және гандбол бойынша шеберліктері шыңдайды.
– Алғашында МЖӘ аясында бизнесті дамы­туға болатынына сенбедім. Кейін бағ­дарламамен мұқият танысып, бар қаржыны құйдым. Тәуекел етудің нәтижесінде заманауи талаптарға сай спорт кешені бой көтерді. Үкіметпен келісімге отырып, бизнесті қолдауға кепілдеме алдық. Енді алаңсыз жұмыс жасауға болады, – деді спорт кешенінің директоры.
Табысты кәсіп иелерінің қатарына маусымдық жұмыс жасайтын жандарды да қосуға болады. Мұндай ой бізге аудан тұрғындарынан келді. Сауалнама барысында: «науқандық жұмыс жасайтындар да табысқа көптеп кенеледі емес пе?» деген ой тастады. Расында, мұны да табысты кәсіп түріне жатқызуға болады. Бұл туралы төл басылымда «Маусымдық жұмыстар – табыстың көзі» атты мақала жарық көрді. Онда жас кәсіпкер Данияр Әбенұлының отбасылық бизнесін дәріптеген болатынбыз.
Сауалнама барысында және кәсіпкерлерді сөзге тартқанда түсінгеніміз кәсіпкерлікте өз-өзіне сенімді болғандар нәтижеге жететінін білдік. Ең бастысы, нақты мақсат, тың идеялар қажет. Мұндайда мотивациялық семинар-тренигтерге жүгінуге болады. Бір сөзбен айтқанда, табысқа жету үшін мүмкіндіктер көп. Тек бойыңыздан айнымас ниет пен қайтпас жігер табылса болғаны.

Әлібек ЖАРЫҚБАЕВ.

25 маусым 2019 ж. 2 313 0