Соңғы жаңалықтар

№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Инвестиция – игілік көзі

Инвестиция – игілік көзі


Қоғамдағы кез-келген игілікті істер өңір үшін өзекті. Бүгінде аудан өмірінде осындай өзгерістермен жаңашыл ізденістер, байыпты бастамалар жетерлік. Мемлекет басшысы өңірлерді дамыту ісіне қатысты тың тәсілдердің маңыздылығы, сондай-ақ инвестиция тарту жұмысын жүйелі жүргізуде әрбір аймақтың өзі әлеуетін ескеруі турасында нақты тапсырмалар берді.


Өз аймағымызда инвестиция тарту мәселесі бойынша Жаңақорған ауданы алдыңғы орында аталып жүр. Оған құрылыстың қарқыны, ауылшаруашылығындағы тың бастамалар, өндіріс және кәсіпкерлік саласындағы серпінді жұмыстар дәлел. Бұл тұрғыда жан-жақты кәдеге асып келе жатқан жазиралы Жаңақорғанның жер асты байлығының үлес салмағы айқын. Осыған арқа сүйей отырып Президент тапсырмаларынан туындайтын әрбір тарихи құжаттан болашағына бағдар түзеген ел тынысына әркез куә болып келеміз. Шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері артып, тиісінше жұмыссыз адамдар саны азаюда.
Жер жүзінде 7 миллиард адам өмір сүрсе, оның 15 жастан жоғары яғни жұмысқа қабілетті адамдар саны 5 миллиардтан асады екен. Статистика бойынша, жер бетінде тек бір жарым миллиард жұмыс орны бар. Ендеше, қалғаны уақытша жұмыс атқаратындар немесе жұмыссыздар деген сөз. Бүкіл әлем ең бірінші кезекте жұмыссыздықты жоюға құлықты. Осы тұрғыда жаңа, өнімді жұмыс орындарын көбірек аша алған мемлекет қана жеңіске жетеді. Ал, жұмыс орындарының көптеп ашылуы инвестицияға тікелей байланысты. Инвесторлар өзіне пайда әкелетін өндіріске ғана қаржы бөлетінін ескерсек, әрбір жобаларын инфрақұрылымы тиімді жерлерде атқарғысы келеді. Біздің ауданымызда «Қызылордаagroplus» ЖШС тәулігіне 1800 тонна қызанақ өнімін өңдейтін зауытты іске қосуды жоспарлап отыр. Бүгінде әлем елдерінің арасында томат пастасын өндіруде, жалпы қызанақ саласында түрік ағайындар алдыңғы көште. Олар көбіне жылыжай шаруасына дем беріп, қызанақты осында өсіреді. Жылыжайлардағы қызанақтың үлесі 80 пайыздан асып жығылады екен. Демек, бұл елде осы өнімге деген сұраныс өте жоғары біздегі зауыт іске қосылса, қызанақ экспорты да артады. Бұл шаруаларға да тиімді. Өндіріс іске қосылса 150 адам жұмыспен қамтылады. Жобаның 2024 жылы толық іске қосылатынына үміт басым.
«Шалқия» қорғасын-мырыш шығаратын кен орны мен «Самұрық қазына» АҚ бірлесіп қолға алған жоба да өңірге үлкен көмек, қолдау болары сөзсіз.
Көңілге қонымды жұмыстардың қатарына «Qaratau Fruits» шаруа қожалығындағы 35 гектар жерге егілген алма бақты айтуға болады. Шет ел мамандарымен бірлескен жоба суды үнемдеп тамшылатып суару әдісімен егілген. Бүгінде бақ аумағы толықтай қоршалған. Диқаншылықты кәсіп еткен жерлестеріміздің енагат еңбегі және жаңа технологияларды қолдануы көңіл қуантарлық. 15-тен аса жергілікті ауыл тұрғындарын қамтып отырған шаруашылық жұмысы алдағы уақытта агросаладағы мол жетістіктеріне тәнті етіп, облысымызды өз өнімдерімізбен толықтай қамтитын бақ боларына сенім мол. Осы ретте айта кетейік, үстіміздегі жылы компания тағы 50 гектар жерге алма ағаштарын егуді жолға қойып отыр.
Одан бөлек, елге инвестиция тарту мақсатында құс фабрикасы Жаңақорған кентіне жақын маңнан, дәлірек айтқанда халықаралық автодәлізге қабаттас салынғаны белгілі. Мұны «Абдулла» шаруа қожалығы жүзеге асырды. Бұл жоба ҚР Ұлттық банктің республикалық кеңесінде мақұлданған. Жобаның 2 млрд 888 миллионнан астам қаржысы «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ арқылы 6 пайыз жеңілдетілген несиемен қаржыландырылса, қалған 1, 2 млрд теңгесін инвестор өзі салып отыр. Әзірге, құс фабрикасы толықтай жұмысқа кіріскен жоқ. Дегенмен, тиісті мамандардың сөзінше ілгерілеушілік бар. Құс фабрикасы ет бағытын ұстанған, жылына 3,5 мың тонна құс етін өндіруді көздейді. Бір қуантарлығы, жоба толық күшіне енгенде 120-150 жергілікті жұмыссыз азамат жұмысқа қабылданатын болады.
Осы ретте, аудандық кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің басшысы Марлен Нұртазаевпен тілдесуді жөн көрдік.
– Инвестицияның ел үшін зор игілік екені ақиқат. Инвестиция өңірге тек қаржы әкеп қоймайды. Тұралап тұрған тірлікті жандандырып, қосымша жұмыс орындарын ашуға үлкен септігін тигізеді. Кез келген саланы дамыту үшін оған қаржы құю қажет. Инвестиция тарту жөнінен біздің аудан облыста қаладан кейінгі орында тұрмыз. Әуелі «Шалқия» қорғасын-мырыш шығаратын үлкен кен орны ауданның ғана емес, облыстың экономикасына оң ықпал етіп отырғаны белгілі. Онда өндіріс өндіретін зауыттың құрылыс жұмыстары жүріп жатыр. 2026 жылы іске қосылады деп күтілуде. Жоба іске қосылғанда 300-1000 жуық адамға тұрақты жұмыс орны ашылады. Одан бөлек, Қыраш ауылындағы «Qaratau Fruits» шаруа қожалығындағы алма бақтың жұмысы жүйелі. Биыл қосымша 50 гектар жер беріліп отыр. Алдағы уақытта 40 мың тонна алманы сақтайтын қойма салуды жоспарлап отыр. Ал, құс фабрикасын 2025 жылға дейін іске қосу жоспарлануда. Алдағы уақытта да қаралып жатқан жобалар аз емес. Біздің басты мақсатымыз инвестиция игілігін әрбір тұрғын сезінуі қажет. Мәселен, тері және жүн қабылдау ор¬нын ашу аудандағы өзекті мәселенің бірі. Бізде шикізат қабылдайтын осындай арнайы орындар көп болса, тұрғындар да сабылып қиналмас еді. Сол үшін біз бар күшімізді осындай игі бастамаларға жұмсауымыз қажет. Жаңа бағыттағы жобаларды жүзеге асыру, сол арқылы жаңа жұмыс орындарының санын арттыру аса маңызды, – дейді ол.
Расында, инвестиция тарту салық түсімдерін арттырумен қатар, халық тұрмысын түзеуге бағытталған қадам екені сөзсіз. Жаңақорған кәсіпкерліктің көкжиегі кеңейген аудан. Өткен жылдың өзінде инвесторлардан бөлек, өлке азаматтарының өзі түрлі кәсіпкерлік нысандар салып, аудан қазынасын кеңейтті. Оның көшінде балалар паркі бар, елдімекендердегі спорт кешендері мен кенттегі жеке мектеп және балабақшалар осының дәлелі. Соның ішінде Қожакент ауылының тумасы, аудандық мәслихат депутаты Изатулла Үсеновті айтуға болады. Бір ауылға екі бірдей спорт кешенін салып берді. Одан бөлек қаншама игі істері бар, әсіресе, егін саласындағы еңбегін ерекше айтуға болады.
Осы ретте айта кетейік, ҚР Ұлттық Банкінің мәліметінше, өткен жылы еліміз шетелдік инвесторлардан 2,5 млрд доллар қаржы алған. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңіне қарағанда 44%-ға артық. Елдің батыс бөлігінде инвесторлар негізінен мұнай өндіру саласына, оңтүстік Астанада сауда мен қаржы секторына инвестиция құйған. Қазақстанға қандай елдер инвестиция құяды? Тікелей инвестициялардың көп бөлігі елімізге Еуропа мен АҚШ-тан келеді. Биылғы жылдың бірінші тоқсанындағы қаржы құю құрылымына сәйкес, Қазақстан үшін инвестициялардың басты “экспорттаушысы” Нидерланды болды (үлесі – 20,5%). Екінші орынға 19% көрсеткішпен АҚШ жайғасты. Үздік үштікке Швейцария енді: елімізге инвестицияланған әрбір оныншы доллар осы елден шыққан.
Республикамызға капитал түсетін үздік 10 елдің қатарында Ресей мен Қытай да бар. Егер 2022 жылы Украинамен қақтығыс нәтижесінде экономикасы құлдыраған Ресей Қазақстанға тікелей шетелдік инвестицияларды 19,7%-ға қысқартса, осы жылдың бірінші тоқсанында бұл үрдіс өзгерген. 2023 жылдың алғашқы 3 айында ресейлік кәсіпкерлер Қазақстан экономикасына 653,1 млн доллар салды. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 30,4%-ға көп.
Жалпы, инвестиция кез-келген эконо­ми­каның «күретамыры» дейтін болсақ, ауданға бетін бұрған инвесторлардың аз еместігі қуантады. Мемлекет басшысының өзі барлық салалардың дамуына стратегиялық көзқараспен қарау қажеттігін әрдайым ескертіп келеді. Сол себепті, алдағы уақытта бұл бағыттағы жұмыстарды одан әрі жандандыру міндет.

Әсел РЗАЕВА
24 ақпан 2024 ж. 205 0