№96 (8807) 3

03 желтоқсан 2024 ж.

№95 (8806) 30

30 қараша 2024 ж.

№94 (8805) 26

26 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » ЖАС ӨНЕРПАЗДЫҢ ЖЕҢІСІ

ЖАС ӨНЕРПАЗДЫҢ ЖЕҢІСІ


Алматы шаһарында өткен Х-халықаралық «Ғұмырдария» байқауында өзгенттік жас өнерпаз Нұрдана Сейтхан топ жарды. Үздік атанып, бас жүлдені қанжығаға байлаған өнерлі өрен аудан абыройын асқақтатты. «Вокал» номинациясы бойынша жеңімпаз атанған тоғыз жасар бұрымдыны Алматыға жетекшісі Бақытжан Жахудаев алып барды.
– Алматы төрінде Халықаралық «Ғұмырдария» балалар мен жасөспірімдер арасындағы ән-би және өнер байқауы биыл оныншы мәрте жалауын көтерді. Байқауға Қазақстаннан өзге 12 мемлекеттен 600-ден астам жас өнерпаздар қатысты. Әрине барлығының да діттегені – байқау жеңімпазы атану. Эстрадалық вокал тобы бойынша 15 жас өрен бақ сынады. Нәтижесінде «Күнге табыну», «Құс жолы» әндерін нақышына келтіре орындаған Нұрдана байқаудың бас жүлдесіне ие болды. Негізі бұл байқау жас жеткіншектердің өнерін шыңдауға үлкен мүмкіндік – дейді Бақытжан Жахудаев.
Ұстазының айтуынша, Нұрдана 7 жасынан бастап, Өзгент ауылдық клуб үйі жанындағы ән үйірмесіне белсенді қатысады екен. Бұған дейін аудандық «Бозторғай» әнші балалар конкурсына қатысып үздік атанған Нұрдана Сейтхан өткен жылы Халықаралық «Ғұмырдария» балалар мен жасөспірімдер арасындағы ән-би байқауының «вокал» номинациясы бойынша да бас жүлдені жеңіп алған. Болашағынан көп үміт күттіретін өреннің алар асуы әлі алда деп білеміз.
Иә, өлең-жырдың, қазақы өнердің қара шаңырағы – ауылдық клуб үйіі. Мұнда талай таланттардың үлеп ұшқан алтын бесігі. Бұл мәдениет ошағы мектеп оқушылары мен жергілікті жастардың талантын шыңдап отырған киелі мекен. Жеткіншек бойындағы жылт еткен ынтаны дамытуға үйірме ұстаздары қашанда аянған емес. Соның айқын бір дәлелі Өзгенттегі ауылдық клубта тәрбиеленген тоғыз жасар Нұрдананың халықаралық байқаудан екі мәрте бас жүлдені жеңіп алып, аудан абыройын асқақтатуы.

Самат КЕРУЕНБЕК.
22 мамыр 2018 ж. 1 759 0