Соңғы жаңалықтар

№24 (8735) 23

23 наурыз 2024 ж.

№23 (8734) 19

19 наурыз 2024 ж.

№22 (8733) 16

16 наурыз 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Наурыз 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
25262728293031
» » БАЙҚАУ БӘСІНДЕ БИІКТЕН КӨРІНДІК

БАЙҚАУ БӘСІНДЕ БИІКТЕН КӨРІНДІК


«Мінеки, Мейірманның ізбасарлары». Осындай атаумен қазақ сатирасына елеулі үлес қосқан Мейірман Нұрекеев атындағы әзіл-сықақ отауларының ІІ-республикалық байқауы Шиелі шаһарында өтті. Өткен жылы аймақтық байқау ретінде бастау алған әзіл жарысы биыл ауқымын кеңейтті. Республикалық деңгейде ұйымдастырылып, Батыс Қазақстан, Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл облысы, Маңғыстау өңірі мен Қызылорда облысынан әзілдің түбін түсіретін 9 әзіл-сықақ отауы бақ сынады. Тоғыз команда бақ сынаған өнер додасында түрлі-түрлі тақырып қаузалып, қоғамның өзекті мәселелері әзілмен әрленді.
Байқау шарты бойынша бір ғана көрініске негізделген жарыста Жаңақорғанның намысын қорғаған Кейден ауылдық клубы жанынан құрылған «Күлеміз бе, қайтеміз?» әзіл-ысқақ отауы оза шауып, топ жарды. Сатира сайысының бас жүлдесі мен қомақты қаржыны қанжығасына байлап, аудан абыройын асқақтатты. Кейден ауылдық клуб үйінің директоры Балмұхаммед Әбжаппаров жетекшілік ететін әзіл-отаудың құрамында, аудандық мәдениет үйінің майталман қызметкерлері Құралай Мұсахметова, Сайран Ділманов, Кенже Әкімбаева, Мұхтар Дәрібаев, Жасдәурен Сабырханов, Айдарбек сынды өнерпаздар бар.
– Бұл байқаудың біздер үшін берері мол. Өйткені, «Тамашаны» тамаша еткен Құдайберген Сұлтанбаев, Тоқсын Құлыбеков, Мейірман Нұрекеев ағаларымыз сахнада өзара бір үйлесім тапқан өнер иелері еді. Олар сомдаған әрбір бейне әлі күнге көрерменнің көз алдында. Бізде осы аға буынға қарап бой түзедік. Ал, Мейірман Нұрекеев бейнелеген образдар тым бөлек болатын. Мәселен, Мейірман ағамыздың «Тамашадағы» шалдың рөліндегі кішкентай ғана; «...Еее, мейілдерің, маған бәрібір ғой» деген бір ауыз сөзінен көп нәрсені аңғаруға болады. Әсіресе, сатира саңлағы ретінде ел есінде мәңгілікке сақталары айқын, – дейді жаңақорғандық өнерпаз Мұхтар Дәрібаев.
Осылайша, аудан намысын қорғаған «Күлеміз бе, қайтеміз?» әзіл-ысқақ отауы көп алдында «Ата-ананың қадірі» атты көріністі сахналап, қазылар қауымының жоғары бағасына ие болды. Сондай-ақ, осы әзіл отаудың жетекшісі Балмұхаммед Әбжаппаров байқаудың «Ең үздік өнерпазы» номинациясымен марапатталды.
Иә, өлең-жырдың, қазақы өнердің қарашаңырағы саналатын ауылдық клуб үйлері – талай таланттардың түлеп ұшқан алтын бесігі. Әрі түрлі мәдени-рухани шаралардың шымылдығын түрген қасиетті шаңырақ. Бұл мәдениет ошағы мектеп оқушылары мен ауыл жастарының талантын шыңдап отырған киелі мекен.Оның айқын дәлелі – Кейден ауылдық клубы жанындағы «Кейден құрамасы» көңілді тапқырлар клубы жақында ғана ауданның оқушылар лигасында жеңімпаз атанды. Бұған дейін, аудандық «жайдарманшылар» арасынан топ жарып, үздік үштіктің қатарынан түскен емес.
«Жас келсе, іске» демекші, Балмұхаммед Әбжаппаровтың туған өлкесіне барып, тоқсаныншы жылдардың басында негізі қаланған «Күлеміз бе, қайтеміз?» әзіл-ысқақ отауын қайта қолға алып, ауыл руханиятының жандануына өзіндік үлесін қосып жүргені көпке үлгі.

Әбдісамат ӘБДІШ.
22 мамыр 2018 ж. 1 384 0