Шырынкүл шыққан шың
Шырынкүлді бала жастан табандылыққа тәрбиелеген әке сенімін ақтауға деген ақкөз талабы еді. Ол талабы нақ бүгінгі күннің көзқарасымен салмақтап саралағанға қаншалықты қоштауға лайық, немесе лайық емесіне тағдыры төреші, ал сол кезеңнің биігінен бағалағанға қойшының ақ таяғын эстафетаға алып, атакәсіпті жалғауға шыңдап бел бууы жауқазын жастың қайтсем әке көңілінің қалауын тауып, қолын ұзартамын деген мақсаттан туған берік ұйғарымы еді. Сол қайратты қайсарлығының арқасында елдің қалаулысына айналып, есімі аңыз болып тараған Шырынкүлімізді ширек ғасырдан соң шырайлы Шымкент шаһарында тосыннан кезіктіріп, ару ғұмырдың шынайы сырларымен бөліскен едік. Сонымен...
Шырынкүл Салмырзаева 1954 жылы 15 ақпанда Бесарықтың «Сатымсай» разьезінде дүниеге келді. Табиғаты көрікті, түгін тартсаң май шығатын, төрт түліктің жайына бола жаратылғандай жазиралы жайлауды қысы-жазы мекен етіп, құтты даланың қойнында қой өргізген бабалары Әлмырза кеңес үкіметі тұсында бай, құлақ деп қуғындаған соң қолындағы бар малын санап беріп, өзі құсбегі атанып, бүркіт баптап, тазы іліп, түз шарлап, қиян кезіп кеткен. Бала кезінде медреседе оқып, шатырхат алғаны бар, арасында ел көзінен тасаланып, талабы бар бозөкпелерге қалам ұстатып, қара танытып, көкірек көзін ашуды мақсат тұтыпты.
1904 жылы дүние есігін ашқан тұңғышы Салмырзаны жаңа үкіметтің жанторсығына жегіп, шойынжолға жұмысқа кіргізді. Бір есептен әскери қатаң тәртіппен жұмыс істейтін теміржолшылардың броньмен соғыстан босатылуы олжаның үлкені болды.
Кең далада мал өргізіп, мәймілдеген тоқшылықта дәурен сүрген әулеттің киелі салтын жаңғыртып, саналы тірлік бастап, саламатты тұрмыс кешудің оңтайлы тәсілі – төрт түлікті түлетуге табан тіреген Салмырза кейініректе, стрелочник жұмысын өткізгеннен кейін шопан таяғын ұстап, алдына ақтылы қой өргізді.
1972 жылдан бастап көмекші шопандыққа кенже қызы Шырынкүл келіп қосылды. Өзі осы қызына көп үміт артып, көп арқа сүйейтін еді. Арқа сүйегені сол, ер баладан кем көрмей, кеңесіне ден қойып, қандай тірлік жасаса да ақылдасып отыратын болды.
Шырынкүлден басқа үш қызы бар ғой: Аманкүл, Есенкүл, Әтіркүл. Барлығы бұлғақтап бой жетіп, сүйгендерін тауып, кетіп-кетіп қалды. Туған әке жүрек қалауының жібін үзгісі келмеген кенже қызы ғана өмірдің осынау заңдылығының буғауын үзіп, өз тағдырының үкіміне өзі билік етті. Сұлуға сөз салып келген талай серіні қайтарып, басынан сөз асырмай, қасына жан жуытпай, туған шаңырағына тұлға боп туғандай, ата-ана қабағына қаяу түсірмеуді ғана мұрат тұтып, қойшы өмірінің қиындығына қасқая қарсы тұрды.
Мұнысы әкесіне ұнайтындай көрінетін. Сол кісіні риза еткеніңе тоқмейіл көңілмен күндер, айлар, жылдар жылжып өтіпті. Бүгін ойлап қараса қайран әкенің аяулы қызын жан баласына қимай, тастай қатып отырғаны қиянат болған ба дерсің. Ал ол кезде мұны уайымдап, ақыл таразысына салып жатқан Шырынкүл жоқ еді.
Ол кездегі бар есіл-дерті – еңбек еді. Атақ үшін де емес, бар арман-дерті – әке көңілін табу.
Қолынан қиындығын алып, жанының жалауы болсам деген аппақ ниет қана. Сол үшін ерте тұрып, кеш жатып әке көлеңкесінде ебелек қағады. Еркектерше тас түйініп, атқа қонып, түз жортып, тау аралайды. Жұмыстың ауырын өзі арқалайды. Шаршамайды, талмайды.
Талап шаруашылығының №2 фермасына қарасты «Арайлым» комсомол жастар бригадасын басқаратын Шырынкүл өз қарауына 750 бас саулықты әкесінен санап алған күннен жігерін одан сайын еселеп, жауапкершілікті арттырды. 1972 жылдары әр жүз аналықтан 106-дан, одан кейінгі жылдары 150-ден қозы өргізді. Ол кезде де Одақ ғалымдары болып мал басын арттырудың амал-тәсілдеріне ден қойған уағы, қой ұрықтандыру кезінде дәрі егіп, әр саулық бес қозыдан туып, малшы қауымның маңдайын жарқыратты.
Социалистік міндеттемені асыра орындағаны үшін Талап кеңшарының шопаны Шырынкүл Салмырзаева 1978 жылы «Жарыс жеңімпазы» белгісі және халық шаруашылығы жетістіктері көрмесінің (ВДНХ) қола медалімен марапатталды. Осы жылдары өзіне «Жигули», әкесіне «Фургон» автокөлігін жүлдеге ілді. Ол осы «Социалистік жарыстың жеңімпазы» белгісіне қатарынан төрт жыл ұсынылыпты. 1979 жылдан бастап 1980 жылға дейін Жаңақорған аудандық Советінің депутаты болып сайланды. 1980 жылдан бастап 1985 жылға дейін Қызылорда облыстық Советінің депутаты болып сайланды. 1980 жылы «Коммунистік еңбектің екпіндісі» атанған ол аудандық партия конференциясының мүшесі болды. ХVІІ Қызылорда облыстық одақаралық кәсіподақ конференциясына делегат болып сайланды. «Құрмет тақтасына» суреті ілініп, ВЛКСМ орталық Комитетінің «Бесжылдықтың жас гвардееці» төсбелгісін иеленді.
Ол алғашында Бесарық ауылдық Советіне, кейін аудандық, облыстық деңгейде депутат бола жүріп, туған жер әлеуметтік жағдайын тіктеуге жанашырлықпен жұмыс атқарды. Есінде қалғаны, 76-78 жылдары облыстық энергетика басқармасынан бастап ауданның І хатшысы А.Жанпейісов, электросеть басшысы А.Шонабаевтың есігін тоздырып жүріп, «Сатымсайға» дейін 3,5 шақырымға жарық тартқызып, трансформатор орнаттырды. Сөйтіп қолдан құдық қазып, қауғамен су тартып, отар-отар малды қасықтап суғаратын қас азап бейнеттен құтылып, мотормен су айдап, қатар-қатар астау суға толды.
Елдің әлеуметтік хал-ахуалына алаңдап, мектеп, балабақша мәселесімен де бармаған жері, ашпаған есігі қалмады.
Ел сенімі еліктей жанды әбден ширатып, шынықтырды.
Талдырмаш тұлғасына шық жуытпай, таза табиғат аясында талшыбықтай таранған танакөз анда-санда қалаға жиналысқа барғанында ешкім мұны қойшы екен деп ойламайды. Мұғалім бе, үгітші ме, әйтеуір коммунист бойжеткен ғой, әлдебір дәмегөй көңілдер аққудың көгілдіріндей қызға құмартып, қайтсек оябын табамыз деп ояғынан бір, бұяғынан бір шығып, әлекке түсетіні қызық-ақ еді.
Бір күні облысқа екі күндік семинарға барып, қонақүйге аялдауға тура келген. Арғы аудандардан келген дөкейдің бірі аппақ гүлдей аруды айналдырып болар емес. Фойеде кітапқа үңіліп, дым үндемей, қабағынан қар жауған қаракөз дөңайбат деуге келмесе де дұрыс жауап ести алмағанына назаланған нар қасқаның «Өзіңіз кім болып істейсіз?» деген сұрағына «қойшымын» деп дүңк еткізді.
«Е, малмен мал болып, махаббаттан да мақұрым қалған екен-ау» деп жер болғанын жуып-жаю үшін мұрнымен сөйлеп, мұқатып кете барған оны кері тоқтатты.
–Малды махаббат білмейді деп кім айтты. Дәл қазір қой ұрықтандыру жүріп жатыр, бірге жүріңіз, көрсетейін. Тілін ұққанға қой да сөйлейді, кісіге көз тастап қарайды. Маңырайды, адам таңдайды. Оның бағым-күтіміне анау-мынау жан шыдай бермейді. Нардың нары ғана төзеді. Қойшының көзі қырағы, жүрегі сезімтал, табаны жалпақ, ең бастысы сертіне берік жан болуы керек. Жан тыныштығын күйттейтін, тұяғы тайғанақ тесік өкпенің қолы емес қойшылықты елдің қоры кәсіп қылады деп кім айтты сізге? Қойшыға ұқсау үшін қандай болуым керек сонда? Сіздіңше ақылы бүтін адам жанның рахатын жасап, өз қамын ғана күйттеуі керек қой. Адал маңдай теріне сыйынғаннан айла алыс тұрса не істемекпін?
Әлгі кісі ажырая аңтарылып бөлмесіне жөнеп берді. Ертесіне бұған арнайы келіп: Ат-шапан айыбымды төлейін деп келдім. Сіздің айтқандарыңызды терең ойландым. Ақырында кешірім сұрайын деп шештім. Жаны кіршіксіз таза сұлулар мына өмірдің моншақтай бір жақұты екен-ау, осындай арулар көп болса ғой шіркін, көп болса. Жердің беті жайнап кетер еді-ау.. Жол білген жігіттің сыйлығын кері қайтармады. Қалай болғанда аяқ ұрып, кешірім сұратып, төл кәсібінің қадірін бір көтеріп тастады.
***
Хош. Әкенің қатал қағидасы хас аруды қатайтып, қайратын жанып, қайсарлыққа баулыды делік. Ал анасы... Айтыскер ақындығы бар. Өзі шаңқобыз шалушы еді. Тал бойына далаға тән дархан мінез дарытып бұлғақтап еркін өсіп келе жатқан қаракөзін өрімтал шағынан өнерге баулып, оймақ ойып, кесте тоқуға желкелеп жегетін анасының бар ойлағаны заты қыз баланың олақ болмағаны, барған жерінде жаманат келтірмей, бір отбасын шырқ үйіріп дөңгелетіп кетсе деген тілек қой. Еңбегі еш кеткен жоқ. Кенжесі кілем, алаша тоқу, киіз басу, өз көйлегін өзі тігіп кие алатын іскерлікті меңгеріп алды.
Тоқсан үшінші жылдары шаруашылықтар тарап, мал-жаннан мәніс кетті. Біздің Шырынкүліміз жасы қырықтан асқан шағында шымкенттік бір азаматпен көңіл қосыпты. Қазір о да қасында емес екен. Соның балаларын ес қылып, қатыс жасап тұратынын жеткізді.
Өзі Шымкентте бір мекемеде техқызметкер. Жағдайы да жаман емес көрінеді.
Біздің қоғамда дені-қарны сау, қайраты бойында, жігерлі маман жерде қалып жатқан жоқ. Тіпті жақсы өмір сүруге болады. Мәселе, тірі жанға тәуелді болмай, тып-тыныш ғұмыр сүрумен шектелмейді екен. Ар-ожданын тербетіп, ақыл-ойына маза бермейтін сансыз сауалға келіп тірелетін кездері көп.
Соңғы кезде сол баяғы әке аманатына деген адалдық тағы да тұрымтайдай жанына тыншу бермей жүр.
Ежелден атақоныстары болып келген «Сатымсайдың» әр талы, әр бұтасы түсіне енеді. Аталары Әлмырза «Қызылқұмды» түгел кезіп, картасын сызған адам. «Қараойы» бар, «Алаңқағы» бар қай жерінде тас жатыр, қай жерінен су шығады, асасын жерге шаншып айта беретін кісі болған. Көкірек көзінің кемелдігі Кеңес үкіметіне жақпай, іштей тұншығып өткен кісі еді. Бабалардың көзіндей – Сатымсайда енді бүгін Шырынкүлдің ақ таяғына ие болып әкесінің інісінің балалары отыр.
Салқын самалды ауасы таңғажайып, нағыз тынығу орны болар Сатымсайдың бауырына сол кездің өзінде ақшаңқан үй тігіліп, аудан элитасының үлкен жақтан келген құрметті меймандарды күтіп жіберетіндерін талай көз көрді. Бұл аймақ ол сұлулығынан әлі де ажырамаған, мал-жанға жайлылығы екібастан.
Атакәсібін аманат еткен әкесі етегіне орап, дәулет-дарағын, құтты таяғын еншісіне берген ерке қызы болса елімді тауып, әке қараорнына, малдың соңында жүрген бауырларыма қамқор болсам ба екен деп тағы ойлайды. Сауырын сипаласа төсі иіп кетердей болып, аялы алақанды күткен атамекенді табыс көзіне айналдырмақ болғандардың киелі жерге көзін сатып, құлқыны ауып жүргенінен де хабардар. Туған өлкенің несібесіне біткен бұл аймаққа бірақ алақолдық жүрмейді.
Үкіметтен несие алып ата кәсіпті дамытса аймақ халқын ет-сүтпен қамтамасыз етерліктей төрт түліктің жайылымына таптырмайтын жер ғой деп бір түйеді.
Баяғыда ғой, бұл қатал әкенің қабағын бағады, ал шопан-әке ауа райының қабағын бағар еді. Ертеңгісін екі қолын артына байлап, солтүстіктен соғар самалға жүзін тосып, «малды мына бағытқа айда» деп әмір беретін. Сонысы айна-қатесіз дұрыс келетін. Кейіннен өзі де табиғаттың тілін түсінетін болды ғой.
Біздің кейіпкеріміз кейде Шымкенттен әрі жол түскен сайын «Келіншектауға» қарап терең мұңға шомады. Таудың тарихы мынадай: Қызын ешнәрседен кенде еткісі келмеген әке бар жасау жабдығын алтындатып, тең-теңге тиетіп, шығарып салып тұрғанда: Қызым не арманың бар? – деп сұраған екен мейманасы тасып. Разы болып, рахмет күткен қызы: «итаяғым алтын емес» деп кінәрат тауыпты. «Тас боп қал» деген екен әкесі іштей күйініп. Содан тасқа айналған көштің сұлбасы екен мына «Келіншектау».
Әкесін разы ету жолында жас өмірін сарп еткен саңлақтың алдында тағы да бір аманат жолы ағараңдайды. Жетер ме... жеткізер ме...
Баян ҮСЕЙІНОВА.