Есірткімен күресте елдік іс-қимыл қажет
Облыс аумағында есірткіге қарсы күресті ұйымдастыруға байланысты «Есірткісіз аймақ» жобасы құрылып, кешенді жұмыстар қолға алынғаны белгілі. Аудан прокуроры Дабыл Аянұлымен сұхбатымыз аудан көлемінде заңсыз есірткі айналымы мен есірткіге қарсы күрес талаптары төңірегінде өрбіді.
– Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күрестің кешенді жоспары бекітілген. Оның негізгі мақсаты есірткінің қоғамға аса қауіпті түрі нашақорлыққа тәуелділікті ерте анықтау, есірткі қолданатындарды уақтылы құрықтау, – дейді аудан прокуроры Дабыл Аянұлы.
– Қазіргі таңда Қызылорда облыстық прокуратурасымен Қызылорда облысы әкімдігінің 2023 жылғы 29 наурыздағы №8 бірлескен өкімімен бекітілген «Есірткісіз аймақ» жобасын іске асыру бойынша аудан әкімінің 17.05.2023 жылғы №49-ө санды өкіміне сәйкес жұмысшы топ құрылып, нұсқаулықтарға сәйкес барлық елді мекендерде есірткі алқаптарын анықтау бағытында жұмыстар жүруде. Прокуратура, полиция, жергілікті атқарушы органдар, орман шаруашылығы, төтенше жағдайлар, ақпараттық коммуникация қызметкерлерінен құралған топтың міндеттері айқын. Бір бағытта мүдде біріктіргенде ғана есірткінің жолын кесуге болады.
Осы жоба аясында 2023 жылдың 10 айында есірткі қылмыстарының 10 дерегі анықталды. Анықталған қылмыстарды саралайтын болсақ, ҚР ҚК-нің 300 бабының 2 бөлігі – есірті затын заңсыз баптау және өсіру заңсыздық әрекеті бойынша 5 дерек, ҚР ҚК-нің 296 бабының 2-бөлігінде көрсетілгендей, есірткі» психотроптық затын сақтау әрекетімен 5 дерек анықталды. Есірткі қылмыстарынының осы анықталған 10 деректің 9 дерегі бойынша заңды шешім қабылданса, 1 дерегі әлі де зерделену үстінде.
Жалпы, Жаңақорған ауданы көлемінде наркотикалық өнімдердіі тұтынушы есебінде тұрған 19 тұлғаның барлығы есірткінің марихуанна түрін пайдаланып отырғаны анықталды.
– Есірткінің жолын кесуде оны өсірумен айналысатын топтарды құрықтау маңызды. Осы бағытта қандай жұмыстар атқарылып жатыр?
– Аймақта есірткінің заңсыз айналымын құрықтауда күшейтілген режимде жұмыстар атқарылуда.Барлық техникалық мүмкіндіктерді қолдана отырып, оның ішінде әрбір мекендерде ғарыштық түсірілімдер жасалып, есірткі егуге қолайлы табиғи ерекшеліктер жіті назарға алынуда. Ауданға қарасты 24 ауылдық округ және кентті қосқанда жалпы территорияны төрт аймаққа бөліп, ғарыштан жасалған түсірілімдер арқылы есірткі алқаптарын анықтауға тырысып келеміз. Cолардың ішінде Төменарық аймағын есірткі алқабына қолайлығы жөнінен қаупі басым деуге болады. Мұнда жайылымдық жер 11 мың 600 га жерді алып жатыр, көлі бар, оған қоса бес скважина, 23 құдықтың айналасында есірткі егуге қолайлылық басым, екінші аймақ бойынша Байкенже мен Қыркеңсе, үшінші және төртінші аймақта Қандөз бен Талап елді мекендері қаупі басымдығы бойынша ерекше қадағалауда тұр. Жалпы аймақтар бойынша ғарыштық электронды түсіру қондырғысы арқылы зерделеніп мониторинг жасалуда.Сонда анықталғаны, Төменарық аумағында есірткіге ұқсас 222 өсімдік табылып,сотқа дейінгі зерделеу, тексеру жұмыстары жүріп, сараптама тағайындалды. Есірткі аумағын әшкерелеу мақсатында атқарылып жатқан бұл амалдардың барлығы жеке назарымда.
– Аталмыш жоба аясында әрбір аймақта есірткінің заңсыз айналымын анықтау шарасына еріктілерді де тарту мақсатымыз бар. Бұл нақты нәтиже беретін қадам болмақ Ауылдағы адамдардың не істеп, не қойып жүргенін көршісі мен қоңсы-қолаң артық білетіні дау тудырмайды. Еш жерде жұмыс жасамай, қапелімде қалтасы қалыңдап шыға келетін аяқалысы күмәнді ағайынды алды тар, алапат қатерден арашалап қалуда қатарымызда жүрген азаматтардың барлығы бірдей мүдделі болып, есірткінің жолын кесудің мүмкін амал-тәсілдеріне барынша үлес қосқаны дұрыс дер едім. Бұл ретте ауданның әрбір тұрғынына үлкен жауапкершілік жүктеледі. Өйткені жас өркен өміріне де үлкен қауіп төндірер тажалмен күрес бұқаралық сипат алғанда жұмыс нәтижелі болмақ.
Сондықтан да жалпы жұртшылықты жұмыла тізе қосып, түбі қайғыға батырар қарасораның тамырын қиюға жанашырлықпен атсалысуға шақырамын.. Осы ретте айналамызға сергек көңілмен қарап, нобайы есірткіге келетін қай өсімдікті көзіміз шалса да прокуратураның “Сенім телефонына” қоңырау шалудың маңызды екенін ұмытпайық. Сонымен қатар аудан аумағындағы елдімекендер мен кент аймағында есірткі құралдары жәнепсихотропты заттарды өткізетін орындарды анықтау, әшкерелеу оны таратушылар мен тұтынушылардың жолын қиып, тиісті жауапқа тартылуына үлес қоса білу ұрпағымызды сақтаудың бір жолы.
– Болашағымызды қауіпті кеселден қалай сақтандырамыз? Бұл бағытта насихат, түсіндіру жұмыстарының бұқаралық сипаты жөнінде не айтасыз?
– Жұмысшы топпен бірлескен іс-шаралар нәтижесінде әлеуметтік желілерде сайттарға күнделікті мониторинг жұмысы жүргізіліп, соның нәтижесінде есрткіні жарнамалайтын сайттар анықталып отыр. Жыл басынан бері «Есірткі қылмыстарының алдын алу шаралары туралы әлеуметтік желілерге насихаттық – түсіндірмелік жазбалар, есірткіні тұтынудың зияны мен оны қолданған жағдайда заң алдындағы жауапкершілігі туралы бейнероликтер жарияланды. Мұнымен қоса мектептерде балалармен аталмыш тақырыпта тәрбие сағаттарын өткізіп, жасөспірім санасына есірткінің қаупі мен қатері барынша насихатталып келеді.
– Есірткі егілген аймақтарды анықтауда жаңашылдық қадамдар, адами және техниканың әлеуетін жетілдіру бағытында айтып өтсеңіз.
– Ағымдағы жылдың бірінші маусымынан бастап ішкі істер министрлігі мен республикалық «Көкнәр» жедел профилактикалық іс шарасы аясында тікұшақты пайдаланып тау беткейлері мен құмды жерлерде есірткі алқаптарын анықтау жұмыстарын жүргізуді бастадық. Аудан көлемінде заңсыз есірткі алқаптарын өсіруге қолайлы жерлерді «Қара сора» жедел профилактикалық іс-шара барысында жұмылдырылатын барлық органның күш-құралдары, оның ішінде «Ұлттық ұлан» арнайы жасақ сарбаздары, облыстық полиция департаменті есірткіге бизнесіне қарсы күрес басқармасы және қылмысты іздестіру тобы қызметкерлерімен бірлесіп жоспарлы түрде шолу жұмыстары жүргіізіліп келеді. Сонымен қатар «Есірткіге қарсы бекеттер» орналастырылып, жүйелі жұмыстар атқарылуда.
«Қара сора» жедел профилактикалық іс-шарасы аясында анықталған барлық есірткі алқаптары орындарының геокоординаттары жасалып, ол бойынша облыстық полиция департаментінің Есірткі бизнесіне қарсы күрес басқармасына жолданып, ағымдағы жылдың маусым айының қазан айының 1 мен 31 аралығында республика көлемінде өтіп жатқан «Қарасора-2023» жедел профилактикалық іс-шарасы аясында «Қазақстан Ғарыш сапары» акционерлік қоғамына осы геокоординаттарыды қайта қарау жөнінде ұсыныстар беріліп отыр.
– Есірткіні тұтынушыларды қадағалау жөнінде не айтасыз?
– Жалпы, аудан көлемінде барлық есепке алынған есірткіге тәуелді тұлғаның 180-і жұмыспен қамтылған, мал бағады, басқа да жеке кәсіптері бар. Бірақ осы азаматтардың кәсібін жүргізу бағытында қосымша «көлеңкелі» іске тәуекел етпесіне ешкім кепілдік бере алмайды, сондықтан ауыл әкімдері мен учаскелік инспекторларға қадағалауды күшейту талаптары қойылды. Аудан көлемінде орналасқан 44 білім беру ұйымдарындағы жоғары сынып оқушылары мен колледж студенттері арасында осы тақырыпта құпия сауалнама жүргізу жөнінде нұсқау беріліп, ювеналдық полиция бөлімшесінде денсаулық сақтау және психолог мамандарымен бірлесіп, ата-аналармен мектеп оқушылары арасында түсіндірме жұмыстары жүргізілді.
– Есірткіні заңсыз баптау және өсіру деректері далалық аймақтармен қатар тұрғын үй жанында кездескен жағдайлары бар ма?
– Қазіргі уақытта есірткіні далалық аймақтарда өсірумен қатар жаңа сорттарын кез келген орында, тіпті жертөле, ыдыстарға отырғызып та өнім алуға болатын жаңа түрлері белгілі болып отыр. Сондықтан да оның орнын табу мен құрықтауда тың тәсілдерді жетілдіріп жұмысты ширатуға тура келеді.
Есірткімен күрес – арнайы мекеме, ұжымдардың ғана міндеті емес, бүкілхалықтық сипат алуға тиіс міндеттілік. Бұл бағытта Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес зерттеп-зерделеу жұмыстары тиянақты жүргізілгенде нақты нәтиже болады.
Сұхбаттасқан
Баян АЛАУДИНҚЫЗЫ