» » Тырнақтай Жәндік тынышымды алмасын десеңіз

Тырнақтай Жәндік тынышымды алмасын десеңіз



Биылғы жаз маусымының құрғақ болуының әсері ме, кенеден келген қауіп жылдағыдан еселеп артып, елдің үрейін алып тұр. Жаңақорған ауданы бойынша 2023 жылдың шілде айының 13-ші жұлдызына дейін кене шағудан емдеу орындарына 197 адам қаралған, 2022 жылы осы кезеңде кене шағумен 68 адам қаралса, биыл кене шағу 3 есеге жоғарылап отыр. Себебі кененің көбейетін кезеңі осы айларды құрайды. Осыған орай біз Жаңақорған аудандық санитарлық эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы Шынар Айдарованы әңгімеге тартып, бүгінгі ахуал туралы жан-жақты білуге тырыстық.
– Жаз мезгілінде көкке шығып демалушылар да, суға түсушілер де көбейетіндігі белгілі. Көп жағдайда қауіпсіздіктің алдын алмастан опық жеп жататындар бар. Сондықтан да «сақтықта қорлық жоқ» деген қағиданы жанымызға жақын ұстағанымыз абзал. Соңғы уақытта кене жәндігінен сақтану шаралары көптің назарынан ұмыт қалуда, – дейді ол.
– Кенеден қалай сақтанамыз?
– Кене буын аяқты қансорғыш жәндік ретінде адам өміріне өте қауіпті –Конго Қырым қанды безгегі, кене энцефалиті, туляремия, рикетсиоз сияқты жұқпалы ауруларды таратады. Қансорғыш буынаяқтылар адам мен малдарға көктем мен ерте жазда шабуыл жасайды. Бір ерекшелігі, оның денеге жабысқаны, шаққаны байқалмайды. Кенелер теріге байқатпай яғни ауыртпай жабысады.Жұқпалы ауру адамға кене шаққан кезде ғана емес, оны денеден сығып алып тастау кезінде, және үй жануарларының жүнiн қырыққан кезде де жұғады. Өзiңiздi қауiптен қорғау үшiн қолыңызға резiңке қолғап кию керек, себебi, қауiптi вирусты жаншылған (кесiлген) кененiң қаны арқылы жұқтыруға болады. Егер кене денеге қадалып үлгерген болса, онда оны ажыратқан жөн немесе спирт, иіс су, лосьон тамызуға болады. Вазелинді де қолдануға болады. Түсіріліп алынған кенені ыстық суға салу керек немесе өртеп жіберген дұрыс. Кене шаққан жерді иодпен, спиртпен жақсылап сүртіп, қолды сабындап жуу керек. Кене жоламайтын «Тайга», «Лесная» сияқты майлы заттарды қолдануға болады. Креолин және лизол сияқты май дәрілерінің ерітінділерін түнде мал жататын жерлерді, мал қораларды өңдеу үшін қолданған жөн. Күн жылынып, жер көгере бастағаннанақ қалалықтар мен қала меймандары тауға шығуға, көгалға демалуға ағыла бастайды. Мұндай жағдайда таза ауада тынығушыларға, саяжайда жұмыс жасаушыларға, малды күтiп, баптаушыларға, жемiс-жидек терушiлерге кенелерден абай болуын ескертемiз.
– Кене шаққанын қалай білуге болады?
– Кененiң шағуы – адамды қауіпті ауруларға және көп жағдайда өлiмге апаруы мүмкiн. Кене үйге гүл шоғымен де, иттiң жүнiне iлесiп те келедi. Кененiң қауiптiлiгi сонда, олар адамның киiмiнiң астарына байқатпай кiрiп, денесiне қадалып алып қан сорғанда мүлде ауырмайды, сондықтан көп жағдайда адамдар кененiң шаққанын байқамайды. Ауру сәуiр айынан қазан айына дейiн кездеседi, бiрақ ең қауiптi кезең – мамыр, маусым шілде айлары. Ауру белгiлерi, шаққаннан кейiн 2 аптада (7-14 күн) бiлiне бастайды, кейде 1-2 күннен немесе 45 күннен кейiн бiлiнедi. Себебi, ол ағзаға түскен вирустың көлемiне байланысты. Көпшiлiк жағдайда аурудың жеңiл және орташа түрлерi кездеседi.
– Кененің залалды түрінен жапа шегіп, стационарда жатқан науқастардың шағымынан не түюге болады? Бастысы, қандай сақтық шараны қаперде ұстаған жөн?
– Сырқат жұқтырған үш жағдай ауласында мал-құсы бар, соны қарау кезінде дерт жабысқандығын көрсетті. Ал бір жағдайда үй-іші мал ұстамайды. Дерт қайдан жұғуы мүмкін? Сырқаттың айтуынша, ол аз бұрын ет тілшелеген. Яғни дерт кене шаққан мал етінен адам терісіне қан арқылы жұққан деуге негіз бар. Сондықтан мал сойғанда, ет тілшелегенде пышақ қаны тамырға тиіп, қан бөлінетінін ескеру керек, бұл жұмысты мүмкіндігінше қолға резеңке қолғап киіп атқарған жөн. Дерт жұққанда науқас адамның дене қызуы 38 С-қа дейiн көтерiледi, басы қатты ауырып, бұлшық еттерi сыздайды. Оның ауыр түрлерi де кездеседi. Бұл кезде дене қызуы 39-40 С-қа дейiн көтерiледi, құсқысы келедi, мойнының, қолы мен аяғының бұлшық еттерi сыздап, ауыр тартады. Кенелерден сақтану үшiн төмендегi ережелердi есте ұстағаныңыз дұрыс. Егер кенелер өмiр сүретiн қауiптi аумақта болсаңыз, ашық түстi киiм киiңiз. Шалбарыңыздың балағын носкидiң iшiне, жейдеңiздi шалбардың iшiне салып және мiндеттi түрде кененiң бар-жоғын бiлу үшiн бiр-бiрiңiздi мұқият тексерiңiздер. Егер денеңiзден кененi байқап қалсаңыз, саспаңыз. Кененiң тұмсығын жiппен орап алып, ырғақты қозғалыспен жайлап денеден шығарып алу керек. Кененi денеден күрт тартып алу – вирус жұқтыру қаупiн арттырады. Шаққан жерiн йодпен немесе спиртпен сүрту қажет. Тез арада жақын маңдағы медициналық мекемеге барып көрiнiңiз. Сiзге қажеттi көмек көрсетіледi. Кененiң бәрi бiрдей ауру таратпайды. Дегенмен, вирус жұқтырғыш кене мен жұқтырмайтын кененi ажырату қиын. Сондықтан ең дұрысы, кененiң денеге жабысып, терiге тереңдеп енiп кетуiнен сақтанған жөн.
– Кеңесіңізге рахмет.

                                                                                                                             Сұхбаттасқан: Ақнұр Жолдасбек
15 шілде 2023 ж. 237 0