» » Жүн өнеркәсібін өрістетуге не кедергі

Жүн өнеркәсібін өрістетуге не кедергі



Малдан өндірілетін маңызды өнімнің бірі – жүн. Жаңақорған мал шаруашылығы жөнінен көш басында келе жатқан аудан. Яғни аймақтағы төрт түліктің үштен бірі біздің ауданға тиесілі. Атап айтсақ, ауданда 77191 ірі қара, 367549 уақ мал, 25038 жылқы, 2575 түйе бар екен. Яғни, аудан халқының 80 пайызы мал шаруашылығымен айналысады десе болады. Әлбетте, төрт түліктің етін жеп, сүтін ішіп, тіпті өзге аймақтарға саудалап та жатырмыз. Бірақ, оның терісі мен жүнін кәдеге асыра алып жатырмыз ба? Жылына мыңдаған бас қой қырқылады. Мал сойылады. Олардың терісі мен жүні ауылдың шетіндегі қоқыста жатады. Бұрын жүннен киіз басылатын, кілем тоқылатын, көрпе, көрпеше тігілетін. Статистикаға жүгінсек, ілгеріде елімізде жылына 100-105 мың тонна жүн өндірілген. Тері өңдеу табысты болған. Бүгінде өзге елдерде қат саналатын малдың терісі де, жүні де кез келген жерде қоқырсып, өртеліп жатыр. Өнім бар, оны өндіріске қажетке жаратуда кенжеміз. Неге? Осы сұрақ төңірегінде ізденіп, мақала жазғанды жөн көрдік.
Бірде Қыраш ауылына жол түсті. Сонда жасы үлкен қариялар қой жүнінің еш қажетке жарамай, қоқыста жатқанына қынжылыстарын жеткізген. Содан бері осы тақырып ойымнан шықпай, жанжақты ақпарат жинап келемін. Байқағаным, өзімізде бар шикізаттың қадіріне жете алмай желге ұшырып, сол жүн-жұрқадан өңделіп келген тауарларды қыруар қаржыға сатып алып жүрген жайымыз көңіл құлазытады. Қызық, қытай, жапон, түркі, қырғыз халықтары түйе, қой жүнін өңдеп тон, күрте тігіп әлемдік нарыққа шығаруда. Көрші Моңғолияда тері, жүнді былай қойып, мүйіз, тұяқтар өңделеді. Моңғолияда қой саны 40 миллионға жақындаған. Солай бола тұра ысырап болған бір уыс жүн мен бір шөкім тері жоқ. Құрылысқа пайдаланатын «стекловата» деген материалды қойдың жүнінен жасап, әлемге таратуда. Байқасақ, шет елде тері өңдеу технологиясы қатты дамыған. Жалпы әлемдік нарықтағы тері шикізаты импортының 30 пайызға жуығы түрік ағайындарға тиесілі екен. Бұл елде бір күнде 3500-4000-ға жуық тері өңделеді екен. Ал оларды тері шикізатымен қамтамасыз етіп отырған кавказдықтар мен қазақтар. Азын-аулақ ақшаға теріні сыртқа экспорттасақ, көп өтпей-ақ 100 мың теңгеден жоғары бағаланатын былғары күртешені қайта сатып аламыз. Ал елтірі тондардың құны 1 000 000 мың теңгеге дейін барады.
Ал біз керісінше, төрт түліктің терісі мен жүнін сол мемлекеттерге татымайтын теңгеге экспорттап күнелтіп келеміз.
                                                                       Жүн мен тері, қайда оның төрі?
Ірі қараның терісін қолөнер шеберлері сиыр, егіз, тайынша және бұзау терісі деп төртке бөледі. Жылқы терісін бие терісі, жабағы және құлын терісі деп үшке бөледі. Түйе терісін атан және бота терісі деп екіге ғана бөлсе, қой терісін он түрге бөледі. Осы терілер киім түрлерінің бәріне жарай береді. Ешкі терілері төзімді келеді. Сондықтан одан алуан түрлі киім тігеді, бөстек, тулақ, торсық, саба, қапшық жасайды. Қой терісінен тон, шалбар, ішік, бөрік тігуге болады.
«Атамекен» Қызылорда облыстық кәсіпкерлер палатасының Жаңақорған аудандық филиалының директоры Асылжан Жолдасбековпен жүздесіп, ауданда жүн өндірісін жолға қоюда мемлекеттік гранттарды алуға ниет білдіріп жатқан талапкерлердің баржоғып сұрадық.
– Біздің ауданда жүн өндірісін бастауға немесе дамытуға ниеттілер жоқтың қасы. Бұл өзекті тақырып. Біз өз кезегімізде кәсіпкерлік палата тарапынан бізге кәсіп бастауға ниеттеніп келген жандарға жүн өнеркәсібін қолға алуларына кеңес береміз. Оның жолдарын түсіндіріп, дайын шикізатты өндіріске айналдырудың пайдасын да ашып түсіндіреміз. Бірақ, бұған қызығушылық танытушылар жоқтың қасы. Тек, Шалқиядан Гүлжан Қамбарбекова деген әпкеміз өзге өңірлерге барып, ондағы жүн өндірісінің тынысымен танысып, тәжірибие жинауға ниетті. Осындай азаматтарға барынша қолдау білдіруге дайынмыз, – дейді.
Мақаланың басында айтқандай, мал шаруашылығының көш басында тұрған ауданға шағын болса да тері өңдеп, жүн түтетін өндіріс орны қажет-ақ. Дәл қазір киім тігіп, базарға шығармай-ақ қояйық. Бірақ босқа ысырап болып жатқан төрт түлік терісін тым болмаса былғары күйінде, жүнін жіп пен матаға айналдырып, нарыққа шығарсақ, ауданның әлеуеті мен экономикасының артуына әсер етері сөзсіз. Бұл үшін жергілікті кәсіпкерлерді қолдап, шетелден заманауи техникалар әкелуге жәрдем берілуі қажет. Кеңестік кезеңде мұндай цех ауданда болғаны рас. Кешегі тоқсаныншы жылдардағы тоқырауда да қызметін көрсетті. Бүгінде ел ішінде ара-тұра жүн түтіп, азын-аулақ көрпекөрпеше тігіп жүрген аналарымыз бар. Бірақ, саусақпен санарлық.
Сондай жанның бірі, жоғарыда біз сөз еткен Шалқиялық Гүлжан Қамбарбекованың үйіне арнайы іздеп барып, емен-жарқын әңгімелескенді жөн көрдік.
– Жоғарғы оқу орнында оқып жүргенде ғалым, профессор оқытушыларымыздың ұлттық өнімдеріміз туралы, соның ішінде жүн өндірісі туралы айтқандары еріксіз елітетін. Кәдімгідей құштарланып кәсіпті қолға алайын десең, аяққа тұсау болатын дүние көп. Сондай жанның бірі менмін. Ойымда сан-алуан идея бар. Бірақ, барлығы қаржыға келіп тіреледі. Біздің ауданда жүн өндірісін қолға алып дамытуға мүмкіндік мол. Өйткені, бізде шикізат жеткілікті. Керек десеңіз, тегін ғой. Сол тегін шикізатты өндіре алмай жатырмыз. Мына, Қытай халқы баклашка, пакет қалдығының өзін пайдаға асырады. Мен де тырысып келемін. Бірақ, мемлекет тарапынан қолдау көріп отырғаным жоқ. Мал шаруашылығына субсидия беріледі, жүн өндірісіне қаралмаған. Ал, мемлекеттік грантты алайын десем жасым сәйкес келмейді екен.
– Жүн мен теріден қандай бұйым дайындап шығарар едіңіз?
– Қазақ атқа міну үшін ер тұрман оның астына ер тоқым салады. Ал, оны таза жүннен жасайды. Синтетикалық жүннен жасалған жабу жылқының арқасын терлетіп, ауа өткізбей жара етіп жібереді. Одан бөлек, мына Шалқияда үлкен кен бар. Онда шахтерлер жердің асты су болғандықтан аяқтарына резеңке етік киеді, табанына ұлтарақ салады. Әйтпесе, табаннан сыз өтеді. Оған базардағы синтетикалық ұлтарақтар жарамайды. Сол сияқты, моншаға барғанда ақ киізден қалпақ киіп жатамыз. Оғанда синтетикалық жүн жарамайды, тазасы керек. Ал, текеметті айтсаңызшы. Оның қадір-қасиетін білмейтін қазақ жоқ шығар.
– Әпке, байқасам біраз жүнді далаға кептіріп қойыпсыз. Соған қарағанда ширатып отырған шаруаңыз бар-ау?
– Иа, түйенің жүнінен көрпе тігемін. Қойдың жүнінен жіп иіріп беремін тоқымашыларға. Бұл іске дамытқым келеді. Бірақ, көп нәрсеге қолбайлау көп. Мысалы, менде жүнді түтетін аппарат бар. Оған қосымша жүнді жуып, текемет басып шығаратын апараттар алғым келеді. Қазір, бұрынғыдай ешкім бар күшін салып текемет баспайды. Мен қазіргі әдіспен, сәннің озық үлгілерін қолданып түрлі-түрлі киіз басқым келеді. Ал, оған техника болмаса, көп қол күші керек. Егер қажетті аппаратты алсам, 2-3 адамды қабатыма алып, жүйелі жұмыс жүргізуге болады. Қазір технология дамыған ғой. Мысалы, бұрындағы тұшпараны түюге уақыт көп кететін. Әр данасын қолмен бүгіп отыратын едік. Ал, қазір апаратқа салып жібереді де, тарсылдатып бүгіп шығарады. Жүн де сол секілді. Аппарат болатын болса, көп дүниелерді жасауға болады. Мысалы, түйенің жүнін келісін 1000 теңгеден сатып алып, жақсылап жуып, сабап көрпе жасаймын. Қойдың жүнін де келісін 1000 теңгеден сатып алып жуып-тазалап, түтіп, иіріп нәски тоқитын келіншектерге келісін 2000 мың теңгеден, түйенің жүнін иірім 3000 мың теңгеден сатамын.
– Егер сізге мүмкіндік беріліп, қажетті құрал-жабдықтар алсаңыз қандай істі қолға алар едіңіз?
– Ол кезде қолға алатын дүние көп қой. Қаржының барлығын мал бордақылауға, етке бөле береді үйіптөгіп. Етті жеп-жеп, жүнін лақтыратын уақытқа келдік қой. Дей тұрғанымен, жүннен жаңа дүниелер жасап жатқандар да аз емес. Мысалы, жүнді түрлі-түсті бояуларға салып, көздің жауын алатын картиналар, әдемі сувинерлер, аяққа киетін байпақ, бәпіштер мен түрлітүрлі ер тоқымдар жасап жатыр. Оны да біздің жасауымызға болады, егер қажетті құралдар болса. Мен кәсіпкерлік палатаға барып өз ұсынысымды айтып жүрмін. Тіпті, өзге аймақтарға барып, ондағы жүн өндірісінің жұмысын көріп, тәжірбие алмасайық деген идеяны ұсынып жүрмін.
Иә, Гүлжан апаймен сөйлесе отырып, ол кісінің жүн өндірісіне деген қызығушылығының жоғары екенін әрі нағыз сегіз қырлы, бір сырлы шебер екенін байқадық. Егер мемлекет тарапынан қолдау білдірсе, ауданда жүн өндірісі дамитынына көзіміз жетіп қайттық.
Расымен де, жүннің қадірін қашырып алдық. Қарапайым қойдың жүнінің өзі қандай еді. Кезінде әр үйдің қариясы ұршықты иіріп, киіз басушы еді. Қой жүнінен киіз басылып, жіптерінен киім тігіліп, кілем, бау-басқұр тоқылатын. Жүн – қойдан қырқып алынатын ең маңызды өнім. Қойдан басқа жүн, түбіт, қылқылшық беретін олардан төрт түлік түрі бар, өнім қой жүнімен салыстырылғанда өнім аз түседі. Төрт түліктен алынатын барлық жүн мөлшерін салыстыра қарағанда, бүкіл өнімнің 80-90 пайызын қойдан алады. Өндірілетін барлық жүн түрінің 10-15 пайызы ғана түйе, ешкі, жылқы түлігінің үлесіне тиеді. Мұның өзі қазақ жерінде көне замандардан бері қой өсірудің қаншалықты маңызды болғанын көрсетеді. Қазақ халқы үшін қойдың еті де бағалы. Ал, жүні жеңіл өнеркәсіпте үлкен сұранысқа ие. Айтулы жүннің сапасына әлемде сай келетін жүн жоқ десек, қателеспеген болар едік. Қой демекші, ауданда қой шаруашылығымен шұғылданатын қожалықтар аз емес. Соның бірі әрі бірегейі ұзақ жылдан бері шопан таяғына иелік етіп келе жатқан Алтай Ағаділов. Негізі әкесі Ағаділов Арым осы тынымсыз тірлікпен 31 жыл айналысып, атадан балаға жалғасқан ата кәсіпті игеріп келе жатқан шопандар әулеті.
Осы тұста шаруақожалығының иесі Алтай Ағаділовты сөзге тартып, қой жүнін кәдеге асыра алып жатыр ма, мәнжайды сұрадық. – Қолға пышақ ұстап мал союға кіріскен сәтте әкем, "терісін бүлдір алмай іре, тон тіктіреміз" дейтін. Ол кезде он теріге бір тон тіктіруші еді. Ал аталарымыз теріні өздері илеп, одан өрім қамшы жасайтын. Ол кезде қой жүні кәдеге асты. Әжелеріміз қой жүнін жуып, жіп иіріп, одан шұлық тоқитын. Қой етіне сұраныс көп, оны өздеріңіз жақсы білесіздер. Бірақ, терісі мен жүнін қабылдайтын орын жоқ. Бұрындары Түркістан қаласынан жігіттер келіп жүнінде, терісін де жинал кететін. Оның өзі әжептәуір пайда әкелетін. Соңғы төрт жылдың көлемінде ешкім келіп алмайды. Өзіміз апарып өткізетін жер де жоқ. Әлбетте, ішіміз ашиды. Бір қойдың жүнін қырқудың өзі оңай емес. Қойды екі мезгіл қырқамыз. Көктемде жабағы, күзде күзем жүнді пайдаға жаратамыз. Жабағы жүн іске аспауда. Күземнен киіз үйдің туырлығы, үзігі, түндігі, басқа да жабдығы басылады. Бұрындағы аналарымыз киіз басып, қолғап-шұлыққа жүн иіретін. Жүннің игілігін өз отбасымыз ғана көруде. Жолдасым өзіне қажетін алып, жуып-тазалап көрпе-көрпешеге жаратады. Ал, қалған отар-отар қойдың жүні қажетсіз болып қалып жатыр. Ал, бірлі-екілі өткізетін жерге апарғаныңмен бағасы құрап жарытпайды, май-пұлды да ақтамайды, – дейші шаруақожалық иесі.
Қазір тері-жүн жинаушылар да ауыл аралауды тоқтатқан. Аралаған күнде қой терісін оның ішегіне бола алады. Терімен қосып болмашы тиын-тебенге қабылдайды.
Осы тұста, аудандағы тері қабылдайтын жерлерді іздестірдік. Сөйтсек, жалғыз ғана жер бар екен. Ол жерді де арнайы барып, өз көзімізбен көріп қайтты. Жап-жас Байсал Изатов есімді жігіт тонна-тонна темірлерді қабылдап жатыр екен. Аман-саулық сұрасып, келген жөнімізді айттық. Кәсіп иесі сұраныстың жоғын алға тартты.
– Бұрындары сұраныс өте көп болатын. Қазір ілуде біреу ғана. Көбіне Қытай мен Қырғыз азаматтары алып кетеді. Біз теріні де, жүнді де қабылдаймыз. Тек, сиыр терісі ғана қабылданады, 1000 теңгеден, ал жүнді келісі 1500 теңгеден аламыз. Бірақ, жүнді тек өз науқанында ғана аламыз. Біз қабылдап алғанымызбен кейде өткізе алмай қаламыз. Бізден көбіне Түркістанның жігіттері алып кетеді. Теріні арнайы тұзға салып, алты айға дейін сақтаймыз, – дейді жас кәсіпкер.
Мал баққан ата-бабамыз тұрмыстіршілігінде, әсіресе, қойдың терісі мен жүнін көбірек пайдаға асырып, киім қылып, төсеніш етіп, барлық керегіне жарата білген. Бүгінде сол жүн мен тері қадірсіз қоқымға айналып, қай жер болса сол жерде керексіз үйінді болып жатқаны жанға батады. Қорыта келе айтарымыз, осыншама малы бар ауданға шағын болса да тері өңдеп, жүн түтетін өндіріс орны қажет-ақ. Дәл қазір киім тігіп, базарға шығармайақ қояйық. Бірақ босқа ысырап болып жатқан төрт түлік терісін тым болмаса былғары күйінде, жүнін жіп пен матаға айналдырып, нарыққа шығарсақ, ауданның әлеуеті мен экономикасының артуына едәуір септігі тиер еді.

                                                                                                                                                      Әсел РЗАЕВА
15 шілде 2023 ж. 215 0