» » Мал сою пункті іске қосылды

Мал сою пункті іске қосылды


Жаңақорған мал шаруашылығы бойынша Сыр өңіріндегі іргелі аудан. Яғни, аймақтағы төрт-түліктің үштен бірі біздің ауданға тиесілі. Сондықтан мал басын асылдандыру, бордақылау, ет бағытындағы атқарылып жатқан жұмыстар жыл сайын жандана түсуде. Әсіресе мүйізді ірі қараның шаруасы ширай бастады.
Оның айқын дәлелі, жуырда ауданда тағы бір жоба жүзеге асты. Асыл тұқымды репродуктор шаруашылығы саналатын «BarysAgro» ЖШС модульді мал сою пунктін іске қосты. Аудан әкімі Руслан Рүстемов арнайы цех жұмысымен танысып, жаңа ғимараттың лентасын қиды.


Күніне ауысым бойынша 10 ірі қараны союуға арналған мал сою пункті «Байқоңыр әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» Ұлттық компаниясы» АҚ-мен біріге жасалған бірегей жоба. Ұлттық компания Нұрлан Серқожаұлы басқаратын мекемеге 103 млн теңге инвестиция құйып, ет, сүт бағытындағы жұмыстар жүйеленіп келеді. Қазір «BarysAgro» ЖШС-де отандық 50 бас ет бағытындағы «қалмақ» және ет пен сүт бағытындағы 50 бас асыл тұқымды «әулиеата» қашарлары байлаулы тұр.
Ал бүгінгі іске қосылған мол сою пунктің құны – 33,4 млн теңгені құрайды.
– Тәуелсіздік алған жылдан бері ел экономикасы еңсе көтеріп, өндіріс орындары өркендеп келеді. Әсіресе кәсіпкерлік саласына қажетті қолдау көрсетіліп, шағын және орта бизнестің дамуы ілгеріледі. Нәтижесінде елдегі кәсіпкерлік субъектілерінің саны артты, мысалы бір ғана Жаңақорған ауданының өзінде былтыр кәсіпкерлік саны 119-ға артқан. Оның 90 проценттен астамы белсенді қызмет етуде. Сондықтан бүгінгі бой көтеріп, ашылғалы тұрған цехтың қызметі аудан тұрғындары үшін өте маңызды. Яғни қазіргі қажеттілікті өтей алады, өйткені Сыр өңіріндегі төрт түліктің үштен бірі біздің ауданға тиесілі. ІС берекелі болсын, – деп аудан әкімі тілектестік білдірді.
Ашылу салтанатына «Байқоңыр ӘКК» Ұлттық компаниясы АҚ-ның төраға орынбасары Мұхтар Жансейітов және бөлім басшылары мен аудандағы ірі-ірі шаруашылық төрағалары қатысты. Цех жұмысымен танысып көрген делегат жоғары бағасын берді.
– Қазір қожалық меншігінде 200 бас МІҚ бар. Алдағы уақытта «Байқоңыр ӘКК» АҚ бірлесіп, 100 бас асыл тұқымды ет бағытындағы МІҚ сатып алу жоспарлануда. Сондай-ақ, вакуумды және консервленген сиыр етін өндіруді қолға алатын боламыз, – деді «BarysAgro» ЖШС басшысы.
Жалпы жобаға қолдау көрсетіп жатқан «Байқоңыр ӘКК» Ұлттық компаниясы АҚ-ның аудан бойынша басқа да 4 жобасы іске қосылды. Бұл жөнінде Мұхтар Пернеханұлы алдағы жоспарларымен бөлісті.
– Біздің негізгі мақсат – ауылшаруашылығы саласына дем беру. Кәсіпкерлермен бірлесе отырып жобалар дайындау, ішкі және сыртқы нарықты өніммен, шикізатпен қамтамасыз ету болатын. Жаңақорған ауданына алдағы жоспарымыз көп, егін шаруасына да қолдау білдіру үшін жұмыстар жасаудамыз. Яғни алма өсіру, жүгері мен бал шығару сынды жобалар жасауға ниеттіміз. Егер біздің компаниямен серіктестік орнатып, бірегей бастамаларды жүзеге асыруға ынталы кәсіпкерлер болса біз келісім-шартқа отырамыз. Керек қаржысын құйып, ісін дөңгелетуге дайынбыз, – деді компания төрағасының орынбасары.
Тағы айта кететіні, «Байқоңыр ӘКК» Ұлттық компаниясы АҚ-ның алдағы уақытта ауданда әлеуметтік дүңгіршек ашу жоспарында бар екен. Оның ішіне азық-түліктің 19 түрі сатылымға шығады. Нарық бағасынан арзандау бағада құрылатын әлеуметтік дүңгіршектерді тұрақтандыруды келер жылы қолға алатынына сендірді.
Жалпы цехтың мүмкіншілігі көп, шаруа төрағасының айтуынша алдағы уақытта тұрғындар мүйізді ірі қарасын бордақылауына жол ашылады. Өйткені заманауи техникамен жабдықталған мал сою пункті күніне 10 сиыр союға қауқарлы жетеді.
27 қазан 2020 ж. 720 0