№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Теріден неге теңге таппаймыз?

Теріден неге теңге таппаймыз?


Қазір біздің елдің нарығында Жапонның, Қытай мен Түріктің, тіпті көрші қырғыздардың тауарлары үлкен сұранысқа ие. Әсіресе тоны мен аяқ киімі базарларды жаулап алғалы қашан. Неге? Өйткені, шет елде тері өңдеу технологиясы қатты дамыған. Ал біз керісінше, төрт түліктің терісі мен жүнін сол мемлекеттерге татымайтын теңгеге экспорттап күнелтіп келеміз.

Бізді қуантатыны, Қазақстанда ауылшаруашылығы мен кәсіпкерлік саласының өркендеуіне мемлекет тарапынан қолдау көп. Бағдарламалар, беріліп жатқан гранттар мен субсидиялар осының айғағы. Бірақ жеңіл өнеркәсіптің дамуы тым төмен. Өңдеу өнеркәсібі, оның ішінде бүгін біз сөз еткелі отырған тері өндірісінің тағдыры қыл үстінде. Осындайда мойындауымыз керек, біз жер асты мен жер үсті байлығымыз бола тұра біраз елге тәуелдіміз. Ірі өндірісті айтпағанда, қарапайым киім-кешек, теріден жасалатын тауарлар бойынша қарапайым қырғыз еліне тәуелділік танытып отырғанымыз тіпті ұят.
Алысқа бармай-ақ қояйық статистикалық мәлімет бойынша қазір Қазақстандағы мал басының көптігі жөнінен Сыр өңірі алдыңғы қатарға адымдап келеді. Оның ішінде, Жаңақорған ауданы көштің басында. Яғни аймақтағы төрт түліктің үштен бірі біздің ауданға тиесілі. Біз сонда да, еттен көрші облыстарға көп тәуелдіміз. Ал теріден тігілетін тауарлар көрші елдерден келеді. Шыны керек, ата-баба дәстүрінде былғарыдан киім-кешек, төсеніш, тұрмысқа қажет түрлі құрал-жабдықтар жасалатын еді. Бірақ біз бүгін төрт түліктің етін жеп, сүтін ішкенге мәзбіз. Терісін болса күл-қоқысқа лақтырып жібереміз. Есесіне біз сол теріден жасалатын дүниелерді өзге елдерден жүз мыңдаған теңгеге сатып аламыз. Шетелдіктер болса, бізден алған арзан шикізат арқылы өз елінің бюджетіне миллиондап ақша құюда.

Теріден не өндіруге болады?

Бұл туралы мәлімет өте көп. Мәселен, ірі қараның терісі әрбір іске арнайы пайдаланылған. Соған қарай олардың әр түрлі атаулары бар. Сиыр терілерін қолөнер шеберлері сиыр, егіз, тайынша және бұзау терісі деп төртке бөліп қараса, жылқы терісін – бие терісі, жабағы және құлын терісі деп үшке бөледі. Түйе терісін атан және бота терісі деп екіге ғана бөлсе, қойды он түрге бөліп атаған. Осы терілер киім түрлерінің бәріне жарай береді. Ешкі терілері төзімді келеді. Сондықтан одан алуан түрлі киім тігеді, бөстек, тулақ, торсық, саба, қапшық жасайды.
Қой терілерінен не өндіруге болатынына қысқаша тоқталсақ. Күздік тері – қазан, қараша айларында сойылған малдың өңі қалың терілері. Бұл теріден тон, шалбар, ішік, бөрік тігуге болады. Соғым терісі – жүндес, қыртысы қалың, мықты терілер. Сеңсең – үш ай мен бес ай аралығындағы қозының қырқылмаған терісі. Көбінесе ішік, тымақ, бөрік, бөстек жасауға қолданылады. Елтірі – туғанына 2-3 ай болған қозы терілері. Одан ішік, тымақ, бөрік, жаға тігеді. Тоқты-шақ терісі – сеңсеңі қырқылғаннан кейін біркелкі майда жүн өскен, 4-5 айдан асқан қозы терісі. Ол – киімнің барлық түрін тігуге жарамды, жеңіл әрі жылы, жұмсақ тері. Одан қаптама тон жасайды. Осылай кете береді. Ең бастысы, бұлар – біздің ұлттық құндылығымыз екенін ұмытпағанымыз жөн.

Экспортқа қарағанда импорт көлемі артты

Рас, себебі сыртқа экспортталатын өнімнің басым көбі шикізат, ал бізге келер өнім дайын тауарлар. Мәселен, бүгінде былғары киім импорттауда көш басында келе жатқандар үштігін Италия, Түркия мен Қытай түйіндейді. Жалпы әлемдік нарықтағы тері шикізаты импортының 25 процентке жуығы Түркияға тиесілі. Бұл елде бір күнде 3000-ға жуық тері өңделеді екен. Ал оларды тері шикізатымен қамтамасыз етіп отырған кавказдықтар мен қазақтар. Азын-аулақ ақшаға теріні сыртқа экспорттасақ, көп өтпей-ақ 40 мың теңгеден жоғары бағаланатын былғары күртешені қайта сатып аламыз. Ал елтірі тондар құны 500 мың теңгеге дейін барады. Бұл жөнінде ел ағасы Алшынбай Тұртанов ойымен бөлісті.
– Жалпы Түркияға 50-жылдары теріні қазақтар алып барған. Сондықтан теріден өнім шығаруды түріктер қазақтан үйренді деп айтуға болады. Осыдан бірнеше жыл бұрын түрік еліне сапарлап барғанымда Хасан Оралтай тері өндірісін шығаратын цехқа алып барды.
Мұстафа Өзтүріктің әкесінің інісі Көксеген Ерен деген кісінің үйіне бардық. Сонда байқағанымыз, бүгінде тоқсанға келген қазақ қариясының қос ұлы осы кәсіпті дөңгелетіп отыр. Тек қой терісі мен жүнінен тауар шығаратын шағын фабрикадағы 20-ға жуық қыз-келіншектің барлығы қазақ қыздары. Өнімдері сапалы, әрі арзан, – деді ел ағасы.
Оның сөзінше түрік еліндегі қазақ ағайындары теріні кавказдықтардан алады, бірақ олардың терісі жұқа, жыртылып кете беретін көрінеді. Ал қазақ қойларының терісі күнге әбден қақталған. Сондықтан олар қазақ қойларын саудалауға құмар. Бірақ біздің елде оны экспортқа кедергі көп. Жалпы істеймін деген адамға осы экспорттан көп нәпақа табуға болады. Мәселен, олар бір теріні 1000 теңгеден пұлдайды. Ал бізде олар ит-құсқа жем болуда. Міне, бауырлас елдегі кәсіптің бір түрі осы. Сиыр мен жылқының терісін айтпағанда қойдан қыруар табыс тауып отырған елден үлгі алуға болады.
Бұл тұрғыдан тіпті бізден қырғыз­дар да асып түсіпті. Олардың халқы жеңіл өнеркәсіппен шұғылдануды жақсылап қолға алды. Қырғыз үкіметі жеңіл өнеркәсіп секторын барлық салықтан босатып, алаңсыз жұмыс істеулеріне бар мүмкіндікті берген. Соның нәтижесінде аталған сала күрт қарқын алып, тауарларын сыртқа шығарып жатыр. Ресей нарығының 7 процентін қырғыздар қамтамасыз ететіні жасырын емес. Тіпті АҚШ-қа да шығаруда. Ал біз қолда бар алтынның қадірін білмейміз. Білеміз-ау, бірақ соған қолдау көрсетпейміз. Бір ғана мысал, Жаңақорғанда Оразай деген жас кәсіп иесі аяқ киім цехын ашты. «Маde in Zhanakorgan» деген брендпен нарыққа шықты. Бірақ дәуренін көпке апармадық.
Біздің елде кәсіптің бұл түрімен айналысатын кәсіпорындар да жоқ емес. Бірақ тері өндірісімен айналысатын 100-ден аса кәсіпорынның 10-нан астамы ғана өңдеумен айналысады. Оның алтауы өңделмеген теріден дайын теріге дейін қайта өңдеу жүйесімен жұмыс істейді. 3 кәсіпорын қой терісінен дайын бұйымдар шығарумен айналысса, қалғаны жартылай былғары фабрикаттарын шығарады. Мәселен, түстіктегі тері өңдеумен айналысатын «Turan-Skin» зауыты өндірістік қуатын арттырып келеді. Кәсіпорын бір күнде 2 тонна ірі-қара терісін кәдеге жаратып отыр. Былтыр 200 млн теңгенің былғары өнімін шығарған. Қазір кәсіпорын өз елімізден ғана емес, шет елдерден де тапсырыс қабылдауда. Бірақ бұл тым аз. Сондықтан не істеу керекпіз?
Шынын айту керек, біз отандық өнімді алудан көбіне бас тартамыз. Сапасы нашар дейміз, екінші жағынан қымбат деп жатамыз. Одан қала түртпектеп, түтеп жібереміз. Екінші жағынан біз бір нәрсе ойлап табудан қатты қорқамыз. Әйтпесе мемлекет былтырдан бастап қайтарымсыз қаржыны көп берді. Әрине 500 000 теңге желеу болмайды, бірақ «тиыннан тау тұрғызуға» болады ғой. Былтыр ауданның өзінде мал бордақылауға қаншама жобалар қорғалып, миллиондаған ақша көкке ұшқаны жасырын емес. Біздің ауданда былтыр 70 мыңға жуық ірі қара, 241 560 бас қой, 16 мың жылқы, 1638 түйе есепке енген. Соғымға кететінін қаншама, бірақ тегін терісін кәдеге жаратып, пұлдап жатқандар жоқ. Ал алыпсатарларға өткізу тіпті де тиімсіз көрінеді.
Осыншама малы бар ауданға шағын болса да тері өңдеп, жүн түтетін өндіріс орны қажет-ақ. Дәл қазір киім тігіп, базарға шығармай-ақ қояйық. Бірақ босқа ысырап болып жатқан төрт түлік терісін тым болмаса былғары күйінде, жүнін жіп пен матаға айналдырып, нарыққа шығарсақ, ауданның әлеуеті мен экономикасының артуына едәуір септігі тиер еді. Бұл үшін жергілікті кәсіпкерлерді қолдап, шетелден заманауи техникалар әкелуге жәрдем берілуі қажет. Кеңестік кезеңде мұндай цех ауданда болғаны рас. Кешегі тоқсаныншы жылдардағы тоқырауда да қызметін көрсетті.
Көрші Түркістан облысы мен Шиелі ауданында мал басы бізбен шамалас. Сондықтан терінің саудасы тұралап қалады дегенге қорықпасақ та болады. Атакәсіптен аяқ тартуға еш себеп жоқ. Онда неге шегініп қаламыз? Теріден теңге табатын уақыт жеткен тәрізді...

Әлібек ЖАРЫҚБАЕВ
28 қаңтар 2020 ж. 1 140 0