Көлік саудасы қызып тұр

Әлемдік нарықта темір тұлпардың саудасы үлкен сұранысқа ие. Әсіресе, жаңа көліктерге берілетін өтінімдер жыл сайын өсіп келе жатқанын сарапшылар растайды. Бұл қатарда біздің елдің де көші ілгері. «Қазақстанның автокөлік одағының» мәліметінше, 2025 жылдың сәуірінде 19 247 жеңіл және коммерциялық автомобильдер сатылды, бұл былтырғыдан 35,9%-ға жоғары көрсеткіш. Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев та бұл мәліметті растады. Ол ағымдағы жылдың алғашқы алты айының қорытындысы бойынша еліміздің көлік саласы 22,7%-ға өсті деп келтірген.
Жоғарыда көрсеткен мәліметтер нарықтағы ахуал, ал шынайы өмірде ескі көліктердің саудасы бұдан да көп. Алыпсатарлардың дәурені жүріп тұрған шақта бағаның да құбылуы қалыпты жағдай. Тек осы алыпсатарлар мен алаяқтардың аражігін ажырата алмай жүргендер көп алданып қалуда. Біздің ауданда да мұндай алаяқтарға алданғандардың қатары аз емес. Бірақ сонда да сауда нарығы күн сайын кеңейіп келеді.
– Саланың өсу динамикасына жүк тасымалының жалпы көлемінің артуы әсер етті. Бұл көрсеткіш 550,7 млн тоннаны құрап, өткен жылмен салыстырғанда 10,9 %-ға жоғарылады. Оның ішінде автомобиль көлігімен жүк тасымалы 1,8 %-ға, теміржол көлігімен жүк тасымалы 12,4 %-ға және құбыр арқылы тасымал 18,2 %-ға артты. Жолаушылар тасымалы 10,5%-ға өсіп, 928 млн жолаушыны құрады. Жүк тасымалы көлемінің өсуі экономиканың базалық секторының дамуы есебінен қамтамасыз етілді, атап айтқанда тау-кен металлургиясы, мұнай-газ, ауыл шаруашылығы, құрылыс және сауда салаларының есебінен өсті, – дейді көлік министрі.
Қазақстанның автокөлік одағының президенті Анар Мақашеваның айтуынша, сауда өсуімен қатар елде жасалған автомобиль нарықта мықтап орын ала бастады: «Сұраныс құрылымындағы мұндай қатынас отандық көліктер мен отандық автозауыттар ұсынған сан түрлі модельдер сапа, баға және сатып алғаннан кейінгі қызмет тұтынушының күткеніндей болғанын растайды. Дилерлер мен банктердің бірігіп қолға алған бастамалары жаңа автомобильдердің ауқымды аудитория үшін қолжетімділігін арттырып жатыр. Жалпы айтқанда, ел тұрғындарының заманға сай әрі технологиялық модель алуды қалауы мен авторитейлдің ірі ойыншыларының белсенді жарнама кампаниялары, бәрі бірігіп автопарктің жаңаруына ықпал етеді және саланың тұрақты дамуына көмектеседі», – деді А.Мақашева.
Енді бір сәт елде ең көп сатылған көліктерге кезек берсек. Ең көп өткен 10 автомобиль қатарында былтырғы жылмен салыстырғанда еш өзгеріс байқалмаған. Бірінші орында тұрған Hyundai дилерлері дәстүрден жаңылмай, 4 393 дана көлік сатқан. «Chevrolet» әдеттегідей екінші орынға жайғасты. Үздік үштікке «Kia» енсе, «Chery» бренді төртінші сатыға көтерілді. Осылай жалғаса береді. Нарыққа қайта оралған «Skoda» мен «Lada» жақсы пұлдануда. «BYD»-дің де бастамасы жаман емес, бір ғана сәуір айында 136 машинаның кілтін тапсырған. Осы жерде айта кететіні, енді жаңа көлік алғандар да декларация тапсыруға міндетті. Құны 20 000 АЕК-тен асатын мүлікті, оның ішінде «мемлекеттік тіркеуге жататын механикалық көлік пен тіркемені» сатып алғандар табысы мен мүлкі туралы декларация тапсыруға тиіс. Бұл туралы Kolesa.kz сайты жазды. Яғни, құны 78 млн теңгеден немесе 148 мың доллар болатын темір тұлпар иелері автомобильді декларациялау керек. Мұның айлығы шайлығынан аспайтындарға қатысы жоқ.
Иә, қазір темір тұлпарсыз тірлік те өнбейді, шаруа да шешілмейді. Бұл заман талабы, өйткені көлік тұрмыспен қатар, табыстың да көзіне айналды. Біріншісі, такси қызметінде болу, екіншісі, алып сатарлықпен айналысу, үшінші өзге де сервис құралы бола алуы. Осылай нәпақасын тауып жүргендер аз емес. Алайда қазақ нөмірлі көліктердің бағасы күннен-күнге шарықтап, қалтаны қағып барады. Есесіне, шет елдік нөмірлі көліктер қолжетімді. «Колеса.кз», «Олх» және басқа да әлеуметтік желі жарнамаларында көлік сатушылардың қарасы тым көп. Алушылар да қалысар емес. Бір күнде бір сайтта 100-ге жуық көлік сатылымға шығады. Бұл зерделеу ғана, бейресми қаншамасы базар төрінде пұлдануда. Елдегі бағадан бастайық. Біздің аудандағы автокөліктің тең жартысы орыс ағайындардың өнімі. Яғни, «Жигулиден» бастап, «Ладаның» кез келген түрін табасыз. Баға өспесе, кемімеген. Мәселен, «Жигули 2106, 2107» маркалы көліктердің орташа құны 1 млн теңгенің айналасында. Одан төмен бағадағылардың жағдайы мәз емес. Ал, жапондық және неміс техникаларының тәуірі 5 млн-нан асып түседі.
Біздің ауданның тұрғындары Қызылорда, Түркістан мен Шымкент базарына әр жексенбі сайын жол жүреді. Өйткені базардағы көліктердің көбісі ескі, әрі қайта өңделген. Жастармен тілдесіп те көрдік, олардың сөзінше қазіргі кәсіптің оңайы такси қызметі екен. Оған ең ыңғайлысы «Жигули» көлігі, таза болса болғаны, әйтпесе онлайн арқылы такси шақырушылар қазір көліктің тазалығына үлкен мән береді.
Жеңіл автомобильдердің басым бөлігі Алматы облысында, қазір өңірде 60 мыңнан аса көлік бар. Одан кейін Алматы қаласы келеді, Елорда төрінде де көлік көші өзгеден кем емес. Ал көлік санының аздығы бойынша Сыр өңірі үздік үштікке енген. Бір қызығы, біздің аймақтағы жаңа көліктердің басым көбі қытайлық техникалар. Бағасы да қолжетімді, тек тілін түсінсеңіз болғаны.
– Өзім көлік жөндеумен айналысамын, шыны керек, қазір көлік бағасы шарықтап тұр. «Ескі көлік есіңді шығарады» демекші, қазір жүргізушілер ескі көлікпен әлек болғысы келмейді. Жаңасын алып, тіршілігін түзеуге ниетті. Бірақ жаңа темір тұлпарлардың нарықтағы құны аспандап тұр. Ал қытайлық көліктердің біз біле бермейтін құпиясы көп, бұзылған жағдайда кейде тілін түсіну қиын, – дейді Нұрталап ұста.
Иә, қазіргі нарықта неміс пен жапон көліктеріне үлкен бәсеке бола білген қытайлық техникалардың саудасы едәуір өсті. Өйткені бағасы екі есе арзан. Тек бұзылған жағдайда жақсы жөндей алатын мамандар аз. Кейінгі кезде Жапонияда көлік өндірісі жиі тоқтайтын болды. Күншығыс елінде де көлік саудасы 18 пайызға төмендеген. Оған коронавирус салдарынан жеткізу қызметінің баяулағаны және жартылай өткізгіштердің тапшылығы себеп. Таяуда әйгілі «Тойота» жергілікті зауыттардағы өндірісін уақытша тоқтатқан. Өйткені Шанхайдағы локдаун кесірінен бөлшектер жетіспеді. Сарапшылардың айтуынша «Тойота» енді жоспардан ауытқып, 100 мың көлікті аз жасауға мәжбүр. Еуропада жаңа көліктердің сатылымы төмендеп барады. Бұл әсіресе Франция, Италия, Испания мен Германияда қатты байқалады. Логистикалық қиындықтардан бөлек кәрі құрлықты қазір инфляция қысып тұр. Сол себепті тұғындар жаңа темір тұлпар алу жоспарын кейінге қалдыруды жөн санайды.
Тағы бір мәселе, салыққа салғырт қарайтынымыз. Қазір біздің ауданда көлік салығы 15 млн теңгені құрайды. Бір қуантарлығы, бұл өткен жылмен салыстырғанда екі есе аз. Былтырғы қарызымыз 30 млн теңгеден асып жығылған. Бұл құзырлы органның шешетін шаруасы. Бізге маңыздысы, көліктің бағасы. Ескі көлік есіңді шығарады дегендей, несиеге рәсімдеп болса да, су жаңа көлік мінгісі келетіндер көп. Сондықтан көлік саудасының бүгінгі нарығына көз тастадық.
Әли ТЕМІРБЕК