» » Теріден неге теңге таппаймыз?

Теріден неге теңге таппаймыз?


Таңертеңгісі. Жұмысқа асықпын. Кенттің орталығына ағылған көліктерге қол көтеріп тұрмын. Көзім екі иттің әрекетіне түсті. Ит иттігін істейді. Иә, аузына түскенін жұлмалауда. Ерекше назарымды аударғаны екі ит қойдың терісін таласа тістеуде екен. Еріксіз осыдан 10 жыл бұрынғы қой мен сиырдың терісін өткізуге таласатынымыз есіме түсті. Ол кезде теріні қабылдаушы еді. Иә, аз болса да теріні пұлдайтынбыз. Ал, қазір ше? Еш қадірі жоқ. Неге? Соны зерттеп көрдік.

Бала кезімде әкеммен орталықтағы мал терісін өткізетін түрік ағайдың үйіне барғаным есімде. Есігінің алды тап-таза, кәсіппен айналысатын адам­ға ұқсамайды. Сөйтсем, терімен айн­алыспай қойғанына он жылдың жүзі болыпты.
– Бізде көпшілігі жалқау ғой. Малды сойғанда терісін оңды-солды кесіп, кейде аш ішегін әкелмейді. Ондай теріні арзанға өткіземіз. Теріні табыс көзі емес, жәй есігінің алдындағы қоқыс ретінде қарап, ертерек үйінен шығарып тастауды ойлайды. Бір айда аз-маз ғана жиналады, оны бір кәдеге жарату қиын. Сол себепті де, кейінгі кездері айналыспай қойдым. Әйтпесе, өзге елдерден сұраныс бар. Дәл қазір айналысып, жүйелі жұмыс жүргізсең, әжептәуір пайда табуға болады. Оған менің денсаулығым жарамайды, – дейді Зейін ағамыз.
Қызық, төрт түліктің терісін қажет етпейміз. Бірақ, нарықта түріктің, жапонның, қытайдың тоны мен аяқ киімін таласа-тармаса сатып алып, «мынау таза былғары» деп мақтанатынымыз жасырын емес. Шетелде тері өңдеу технологиясы қатты дамыған. Олар бізден теріні болмашы қаржыға алады. Теріне былғары айналдырып, сатсақ, пайда екі-үш есеге ұлғаяр еді.
Ақпарат көздерінде, елде 6 миллион­нан астам ірі қара, 16 миллион ұсақ мал бар. Жылына кем дегенде, 5 миллион ұсақ мал, миллионға жуық ірі қара сойылады екен. Бірақ, сойылған малдың еті кәдеге асқанымен, терісі ештеңеге жарамсыз болып қалуда. Әлемдік нарықта сұранысқа ие бренд тауардың бірі саналатын былғары өндірісі біздің елде жұтаң тартып тұрғаны ащы болса да шындық. Өткенге көз жүгіртсек, ата-бабаларымыз тері өндірісін тым ертеден қолға алып, әжептәуір күнкөріс көзіне айналдырды емес пе? Бәлкім, аудан орталығынан тері өңдеу цехын іске қосып, жастарды осы бағытқа баулуды қолға алу керек шығар. Өйткені, аудан мен ауылдағы ағайындар жылқы, сиыр, қой мен ешкі жануарларын сойғаннан кейін оның  терісін керексіз қылып лақтырады немесе өртеп жібереді.
Осы орайда аудандық ауыл шаруа­шылық бөлімімен хабарласып, он­дағы мамандардан «малдың терісін қабылдайтын арнайы орын бар ма?» деп сұрадық.
– Бұрын мал терісін қабылдайтын алып сатарлар болатын. Ал қазіргі уақытта мал терісіне қызығушылық танытып жатқандар жоқ. Бірақ мал шаруашылығын дамыту, тері өңдейтін орындар ашу мемлекет көлемінде қызу талқыға түсіп жатқан мәселе. Сондықтан алдағы уақытта бұл бағытқа басымдық беретін болады, – деп жауап қатты сала маманы Дәурен Абибуллаев.
Ал төрт-түлікті бағып отырған шаруалар ешкі терісінен басқаның кәдеге жарамайтынын айтты. Көктем, күзгі қырқымнан кейін үйілген малдың жүнін отқа жағатын көрінеді
– Ешкі терісінің бағасы 300 теңге. Ендігі кезекте мемлекет тарапынан мал терісін өңдейтін арнайы цехтар ашылса, бізге де үлкен қолдау болар еді. Күні-түні төрт түліктің соңында жүрген малшылардың еңбегі еш кетпейді. Бала кезімізде аталарымыздың малдың терісін бүлдіріп алмай сылатынын талай көрдік. Сосын оны жайып, тұз сеуіп орап тастайтын. Оның да өзіндік әдіс-тәсілі болатын. Сосын әбден иін қандырып илеп, қайыс тілетін, өрімді қамшы жасайтын. Әжелеріміз қой жүнін таза күйінде қапқа салып қоятын. Жіп иіріп, киіз басатын. Өткізетін, болмаса тауарға айырбастайтын. Тіпті малдың тұяғы, сүйегіне дейін кәдеге жарататын. Шыны сол, қазір тері мен жүн бұрынғыдай бағаланбайды, – дейді шопан Омар Құлмырзаев.
Иә, қазіргі жұрт қазақтың қоңыр пимасын қытайдың жылуы жоқ сырмалы етіктеріне айырбастап жібергелі де біршама уақыт өтті. Оның сырты сұлу болғанымен, еш жылуы жоқ. Ата-баба дәстүрінде былғарыдан киім-кешек, төсеніш, тұрмысқа қажет түрлі құрал-жабдықтар жасалатын еді. Бірақ біз бүгін төрт түліктің етін жеп, сүтін ішкенге мәзбіз. Терісін күл-қоқысқа лақтырып жібереміз. Есесіне біз сол теріден жасалатын дүниелерді өзге елдерден жүз мыңдаған теңгеге сатып аламыз. Шетелдіктер болса, бізден алған арзан шикізат арқылы өз елінің бюджетіне қыруар қаржы құюда. Сенесіздер ме, әлемде қой терісін ең көп импорттайтын елдердің көшін тағы да Қытай бастап тұр. Айталық, Гуонжоу қаласы тері өнімдерін тереңдеп өңдейтін кәсіпорындары, са­палы терілерден тігілген аяқ киім фабрикаларымен аты шыққан. Теріні терең өңдейтін кәсіпорында технолог болып жұмыс істеген курстасым Шолпан Зейноллақызымен тілдесіп, оның бүгінгі кәсібі жайында аз-кем ақпараттарға қанық болдым. Оның қазір Астанада ескі аяқ киімдерді жамайтын кішкене нүктесі бар.
– Атажұртқа білім іздеп келіп, осын­да орнығып қалдық. Қытайда жүріп үйренгеніміз өте көп. Ол жақтың адамдары өте еңбекқор, алақандай жерден кәсіп көзін ашып, кәдеге асырады. Өзім Гуонжоудағы аяқ­киім шығаратын зауыттарда технолог болып жұмыс істегенім бар. Онда технологиялық тізбек механизмі дұрыс үйлестірілген. Теріні терең өңдеу, оны бояудан аяқ­ киімге дейінгі жұмыс бір жерде кезең-кезеңімен жүргізіледі. Шикізатпен қамтамасыз ету жағы алдын ала келісімшарттар бойынша шешіліп қойған. Бізде ондай жүйелілік әлсіз. Кәсіпорындардың жабылып қалуы себебі, киімдерде талғамға және сұранысқа қарай үйлестіріп отыратын мамандармен жұмыс жүргізілмейді. Оқуды аяқта­ғаннан кейін, жолдасым екеуміз Нұр-Сұлтан қаласына қоныс аудардық. Содан қолымыздан келетін, аяқ-киім тігу, жөндеу сынды жұмыстармен айналыса бастадық. Бастапқыда тек, жыртылған аяқкиімдерді жамап, желімдеп бере­тінбіз. Күндердің күнінде неге өзіміз аяқ киім тікпеске деген ой келді. Қазір көп болмаса да, айына он шақты етік тігеміз. Одан пайда көп. Өйткені, бізде тері деген теп-тегін ғой. Өте арзанға сатып аламыз. Бір қара малдың терісінен 2-3 етік шығарамыз. Қазір таза былғары етіктің бағасы 50 мыңнан кем емес.Мал терісін ағаш күбіге немесе басқа кең ағаш ыдысқа айранның сары суына, ұн, кебек, тұз салып ашытып, теріні соған салып, илейміз, кептіреміз. Оның да өзіндік жұмыстары бар. Бірақ, үйреніп алған адамға аса киын емес деп есептеймін, – дейді Шолпан.
Айтқаны орынды. Бізде қажетті құрал-жабдықтар бар, тек ниет жоқ. Дайын дүниені сырттан тасымай, өзімізде барды оңтайлы пайдаланатын уақыт жетті. Осыған қарап, қазақ еліне экспортқа бағдарланған емес, импортты алмастыратын бағдарламалар кешені қажет екені сөзсіз. Қарап отырсақ, ауылдық жердегі әрбір үйде талай тері құр тулақ боп жатыр. Сатып алар ешкім жоқ. Қалаға өткізу еңбекті ақтамайды. Тым арзан.
Әсілі, тері өте құнды зат. Бірақ, біз соны бағалай алмай жүрміз.               
Әсел РЗАЕВА
16 қазан 2021 ж. 326 0