№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Ментальды арифметика бізге керек пе?

Ментальды арифметика бізге керек пе?



Шамамен 5-6 жыл бұрын есепті оймен, саусақтарын ашып-жұмып отырып, әп-сәтте шығаратын балаларды телеарнадан көретінбіз. Минут емес, секундқа жеткізбей калькулятордан жылдам есептеген талай бүлдіршін таңдай қаққызғаны рас. Енді, міне 2-3 жылдың аясында біздің ауданда да ментальды арифметика әдісі кеңінен танымал әрі сұранысқа ие болып отыр. Атааналар балаларының бос уақытын тиімді өткізуді ойлап, ментальды арифметика курсына апарып, өзге балалар секілді баласы шетелге барып, жүлделі орын алып келсін дегенді алға тартып әлек. Сол себепті де, қазіргі уақытта ментальды арифметиканың тасы өрге домалап тұр. Жарнамасы да жер жарады. Осы ретте біз ментальді арифметика туралы ізденіп, жан-жақты зерттеп көргенді жөн көрдік.
Ментальды арифметика деген не? 4-16 жастағы балалардың ақылой қабілетін ойда санақ жүргізу арқылы дамытатын әдістеме. Яғни, математика ғылымының бір бөлігі ретінде қарастыруға болады. Осы әдістеменің көмегімен бала күрделі арифметикалық амалдарды (қосу, азайту, көбейту, бөлу, санның түбірін табу) бірнеше секундта ойда немесе арнайы «абакус» деп аталатын шоттың көмегімен есептеп шығара алады екен. Біздің миымыз 2 жартышардан құралады.
Атап айтсақ, оң жақ және сол жақ. Ұшқыр қиялға мидың оң жақ бөлігі жауап берсе, сол жақ бөлігі логикаға жауапты екен. Мидың оң жақ бөлігінің потенциалы айтарлықтай жоғары. Мидың екі жартышарын дамыту үшін менталды арифметиканы жаңа үйреніп келе жатқан балалар шотпен есептеген кезде екі қолының саусақтарын бірдей пайдаланады. Сөйтіп, арифметикалық амалдарды есептеп үйренеді. Бұл кезеңнен сәтті өткен бала амалдарды ойда есептеп үйренеді. Ойда әр есеп жүргізген сайын баланың шоттан тәуелсіздігі қалыптасып, біраз уақыттан кейін ол шотты тек ойында елестету арқылы үлкен разрядты сандарды бірнеше секунд ішінде есептейді екен. Өткенге көз жүгіртсек, бірнеше мың жыл бұрын қытайлықтар «абакус» есепшотын ойлап тапқаны жайында айтылып та, жазылып та жүр. Бұл құрал арифметика саласына көп өзгеріс әкелді дегенді алға тартады. Аталмыш есепшоттың ерекшелігі, мәні кез келген есепті ойша тез шығаруға үйретеді. Бүгінгінің калькуляторы уақыт жағынан одан қалыс қалып қояды деседі. Әйтеуір, бұл әдісті үйренген баланың санаулы секундта бірнеше сандарды оңай алып қосып, көбейіп не бөліп жатқанын көзіміз шалып жүргені ақиқат. Содан болар, «Абакус» бүгінде АҚШ-та, Кореяда, Оңтүстік Азияда кең танымал.
Ендігі кезек бізде...
Аудандағы ахуал қандай? Қазіргі кезде ата-аналар балаларының бос уақытын түрлі үйірмелермен толтырып тастауды жөн көреді. Солардың бірі – менталды арифметика. Оның шынымен де пайдасы бар ма? Әлде жай ғана оқу жүйесінде сәнге айналған ағын ба? Өздеріңізге де белгілі, кент орталығында жеке мектептер ашылып жатыр. Қайсы білім ордасына бас сұқсаңызда алдымен «Бізде ментальды арифметика бар» дегенді алға тартады. Тіпті, редакциямызға кемінде айына 1-2 рет ұстаздар келіп, оқушылардың республикалық, халықаралық ментальды арифметикадан өткен жарысқа қатысып, жүлделі орын алғандарынан хабардар етіп жатады. Тіпті, менталды арифметика мектептері кең етек жайып келеді. Көптеген орталықтар – әлемдегі үздік менталды арифметика мектептерінің филиалы.
Бірақ, жалпы жұрттың пікірі екіге бөлінгенін аңғарып жүрміз. Біреулері бұл оқу әдістемесі баланың есте сақтау, креативті ойлауын, шығармашылық ойын дамытуға көмектеседі десе, басқалары механикалық есептеудің жағымсыз жақтарын байқап қалып жүрміз дегенді алға тартады. Расымен де, бізде кейбір ата-аналар шетелге шығып келген балаларға қызыға қарап, өз баласының да солардан кем болмауын ойлайды да, баласы қаласын қаламасын, баласы тұрмақ өзі де түсінбейтін атаулы үйірменің есігін қағады.
Осы ретте, белгілі математик Асқар Жұмаділдаевтың ментальды арифметикаға қатысты айтқанын тілге тиек еткенді жөн көрдік. Математика ғылымы – теңіз. Ментальді арифметика сол теңіздің бір тамшысы ғана. Мұны игерген адам сандарды тез көбейтуді біледі. Одан өзге артық-шылығы жоқ. Бір есепті біреу 5 секундта, екінші біреу 1 минутта шығаруы мүмкін. Меніңше, нәтиже дұрыс болса, болды. «Дүниеде пайдасыз нәрсе көп қой. Мысалы темекі. Ол пайдалы ма? Жоқ, бірақ бәрі тартады. Менталды арифметика пайдалы ма? Жоқ. Ол да темекі сияқты керек емес өнердің біреуі. Дәлірек айтсақ, бұрын болған өнер. Бұдан жүз жыл бұрын ешқандай компьютер, калькулятор болмаған. Сол кезде жапондар мен қытайлардың ойлап тапқан өнері. Онда екі таңбалы санды екі таңбалы санға көбейтеді. Сіз оны бір минут көбейтесіз, ол отыз секунд. Ал не болыпты? Оны калькулятормен есептей салған оңай емес пе? Бас сол ақымақ есепті шығару үшін керек пе? Бас тірлік жасау үшін керек. Ал мұндай есеппен кім тірлік жасай алады?» деген сөзі есті адамға еселі ой салары сөзсіз. Әлбетте, ментальды арифметика дұрыс емес, оның білім жүйесінен алып таста демейміз. Тек, соңғы уақыттары қандай жарыс болсын, байқау болсын, барлығында өздері де жетік біле бермейтін ментальды арифметикадан балаларды апарып қатыстырып жатқаны көңілге кірбің салады. Енді осы орайда, ауданымыздағы атаулы пәнге қатысты ұстаздардың ойын ортаға салып көрейікші. Әуелі ментальды арифметикадан балаларды баптап жүрген Айнаш Абсаттарованың ойын білдік. – Ментальды арифметика баланың ойын дамытатын ерекше әдіске айналды. Бұл баланың есеп шығаруын ғана жақсартып қоймайды, баланы көшбасшылыққа баулиды. Өз-өзіне деген сенімділігін арттырып, ақпаратты жылдам қабылдау мүмкіндігін арттырады. Балалар математикалық тапсырмаларды есепшотпен орындайды. Ол абакус деп аталады. Абакусты бас бармақ пен сұқ саусақ арқылы есептейміз. Бас бармақ пен сұқ саусақ баланың екі жақ миын дамытып, жұмысын жақсартады. Бала жылдамдықта есеп шығарып, тез ойлауды, тез әрекет жасауға, тез шешім шығаруға дағдыланады.
Бұл пән баланың ақыл-ойының барынша тез дамуына әсер етеді. Сол үшін ментальды арифметика пәні керек. Бұл халықаралық деңгейде расталған бағдарлама. Ментальды арифметика мамандардың айтуынша, ғылым емес, математикалық тәсіл. Жаңа әдістеме ойды дамытады. қалыптасқанын көрсетеді. Бала ментальды арифметикадан есте сақтау қасиеті ерекше артады. Көз алдына есептерді елестету арқылы есеп шығарады. Десе де, баланың қоғамға қажетті ментальды арифметикадан қалдырмаймын десеңіз, таңдау құқығы өзіңізде. Ең бастысы, менталды арифметика балаға санды сезінуге мүмкіндік береді. Ата-аналар балаларын менталды арифметикаға жиі беретін болды. Оның көмегімен балалар шапшаңдыққа бейімделіп келеді – дейді үйірме жетекшісі. Дұрыс екен. Әйткенмен, мемлекеттік мектептердегі ұстаздардың да ойын білгенді құр көрдік. Сол себепті де, кенттегі №286 мектептің математика пәнінің мұғалімі Мадияр Әбенұлының да сөзі орамды.

– Меніңше, ойда тез санау математиканы жақсы игергеннің көрсеткіші емес. Әлбетте, бұл жерде ментальды арифметика дұрыс емес деген сөз емес. Бірақ, баланың жылдам алып қосқанын ғана емес, логикасын да қоса дамыту керек. Ол жәй ғана математиканың бір тармағы. Оған мүлде баланы баулуға болмайды деуден аулақпын. Әлбетте, пайдасы да бар. Бірақ, байқасам көп атааналар қол оның мән-маңызын жете түсіне бермейді. Мысалы, өзім №286 мектепте сабақ беремін. Сабақтан тыс уақытта баланың логикасын дамытуға бағытталған үйірме аштық. Ол жерде балаға ата-ана ешқандай қаражат төлемейді. Қазіргі уақытта 1-3, 4-5, 6-7 сыныптар аралығындағы балдармен жұмыс жасап жатырмын. Баланы бір жақты емес, жан-жақты дамытқан жөн. Сонда бала математиканың мәнін түсініп, кез келген есепті қиындықсыз шығаратын болады, – дейді ұстаз.

Ата-аналар не дейді? Жаңа әдіс жөнінде жұрттың пікірі әралуан. Бірі балаға қажет десе, бірі бүлдіршіннің жүйкесіне салмақ салатынын алға тартады. Шындығында балалар күні бойы компьютердің алдында отырады. Ұялы телефоны тағы бар. Одан қалса, теледидар көріп, сабақ оқиды. Мәселе, аудан тұрғыны баласын бірнеше жылдан бер атаулы үйірмеге беріп жүрген ана Элмира Әбсәләмованың ойы біздің таң қалдырды.
– Үлкен ұлым жай есептерді тез шығарғанымен, мысал есептерге келгенде қиналып қалады. Ол үшін әдеттегі математиканы да терең оқытамыз деген жоспар бар. Тез есептеудің салдарынан жазуы да нашарлап кетті. Менің ойымша, физика мен математикаға ерекше мән беру керек. Сол арқылы біз баламыздың болашақта сәтті маман болуын қамтамасыз етеміз. Математикаға деген құштарлығы сөнбесе, арнайы физмат мектебіне аударамыз деген ой бар, – дейді.
Ал, тағы бір тұрғын Әлия Темірқызы бала түгілі бұл пәнді өзі де түсінбейтінін, жәй қызығушылықпен бергенін жасырмады.
– Баламды 1 жылдан бері ментальды арифметикаға беріп жүрмін. Несін жасырайын, өзім жетік түсіне бермеймін. Қатарластарының барлығы да атаулы үйірмеге барып, жарыстарға қатысып келіп жатқасын бердім. Оның әзірге пайдалы не зиян екенін білмеймін. Бірақ, жарыстарға өзіміз қалтамыздан ақша шығарып апарып жатырмыз, – дейді ана. Сондай-ақ, менталды арифметиканы үйренуге қанша уақыт кетеді десеңіз, аптасына бір рет екі сағаттан баратын болса, 3-4 жыл қажет. Егер бала 7 жаста болса, қажетті 10 деңгейді 3-4 айда, немесе 12 деңгейді сол уақытта игереді.
Түйін. Балаңызды ментальді арифметикаға бересіз бе, бермейсіз бе өзіңіз шешіңіз. Қаржыға қараңыз, неге бейім екенін анықтаңыз. Бұл, меніңше, ең дұрыс қорытынды. Бірақ жан-жақты ақпаратпен қаруланып алғаныңыз жөн.

Әсел Рзаева

12 маусым 2023 ж. 191 0