Көптілділік қатер ме...
Ағылшын тілі –жиырма бірінші ғасырдың тілі. Ағылшын тілі халықаралық қатынаста қолданылатын, дүние жүзіне кең тараған ортақ тіл. Ағылшын тілі біздің мемлекетіміздің халықаралық байланыстарын дамытуға мүмкіндік беретін тұлғааралық және мәдениаралық қарым-қатынастардың аса маңызды құралы деуге негіз бар. Мемлекеттің халықаралық байланыстарының сапалық өзгерістері адамның практикалық және зияткерлік іс-әрекетінде ағылшын тілі сұранысқа ие болу қажеттілігін туғызып отыр. Мұны біз ауданымызда өткен ағылшын пән мұғалімдеріне арналған семинар-тренингте терең ұғына түстік.
Қазіргі уақыт табалдырығын білім мен ғылымды инновациялық технология бағытымен дамыту мақсатымен аттауымыз үлкен үміттің басты нышаны. Сол ғаламдық үрдісті меңгеру үшін жасөспірімдер қажетті деңгейде ағылшын тілін меңгеру маңызды. Болашақ ұрпаққа ағылшын тілін оқыту үшін мектеп ұстаздарына жауапкершілік жүгі еселенді деуге болатындай. Сондықтан болар, Жаңақорған ауданы бойынша білім бөлімінің әдістемелік кабинеттің жылдық жоспарына сәйкес, №125 орта мектепте «Ағылшын тілі сабақтарында жаңа әдіс-тәсілдер арқылы оқушылардың қызығушылығын арттырудың жолдары» тақырыбында ағылшын тілі мұғалімдеріне арналған әдістемелік семинар, семинар тренинг өтті.
Семинардың маңызы туралы түсіндірген аудандық білім бөлімінің әдіскері Бибайша Әбубәкірқызы:
– Оқушыларға ағылшын тілі пәнін оқытуда жаңа әдіс-тәсілдер мен жаңа технология түрлерін қолдана отырып, жаңашыл сабақтар өткізу сол арқылы тілді үйренуге деген құштарлығын ояту қажет. Ағылшын тілі пәнін оқытуда оқушылардың шығармашылық дағдыларын қалыптастыру бағытында жұмыстарды тиімді ұйымдастыру маңызды. Біз ағылшын пәнінің ұстаздарын дамыту үшін жиі семинарлар, сабақтар, оқу курстарын ұйымдастырып, даму динамикасын бақылап отырмыз. Қазірде осы салада әбден төселген, тәжірибелі ұстаздар жетерлік. Сол мамандардың әдістәсілдерін жас тәлімгерлерге кеңес ретінде ұсынып, сауалдарына жауап берудеміз, – деді.
Семинарда ұйымдастыру кезеңі, түрлі бағытта ашық сабақтар өткізіліп, жан-жақты талқыланды. Ерекше айтарлығы, «Оқуға құштар мектеп жобасы» аясында «READx» жоғарғы сынып оқушыларыны Ағылшын-Американ жазушыларының шығармаларын оқып «Reading Review» өткізді. Бұл жоба өте тартысты болды және жаңашылдығымен қуантты. Тақырыпты тарқатар болсам, ағылшын мұғалімі Нурия Бердазимова 9 – сынып оқушыларымен бірге «Scince and Technology» ашық сабағын, Жанар Төлекова 8-сынып үшін «Work and Job», Гүлмарал Байболқызы 7 – сыныппен бірге «Clothes and fashion», Асылзат Нуратаева 6 – сыныпта «Means of transport», Айшабибі Қалилаева 5 – сыныпта «Seasons and months», Назерке Батырханова 4 – сыныпта «Slow machines» тақырыбында заманауи білім беру әдісін байқатты. Осы жоба алдағы уақытта басқа мектептерде жалғасын табады. Семинарға қатысып, тәжірибе алмасқан №86 мектептің мұғалімі Алия Берділлаева:
– Әлемде өз еліңнің дәрежесінің биік екенін мойындату үшін, жеті тілді жетік меңгеру артық етпейді. Мәдениетті, жан-жақты, ұлтжанды, рухани дүниесі бай жастар тәрбиелеп шығару ағылшын тілі пәні мұғалімдерінің басты мақсаты. Жаһанданған заман елімізді барлық елдермен бәсекелесе дамуға итермелейді. Тілдің қажеті артқан сайын, осы қажетті қамтамасыз ету үшін арнайы шараларда жиі ұйымдастырылып тұрады. Бәсекелестікте тек мықтылар ғана жеңіп шығады, ал бәсекеге шыдай алмайтындар жеңіліске ұшырайды. Біз бәсекеге қабілетті білімді жастарды тәрбиелеп шығарсақ, басты арманымыз сол болмақ. Мен осы семинарда осыны терең ұғына түстім, – дейді семинардан алған әсерімен бөлісіп.
Шара соңында №125 мектептің мектеп директоры Болат Шерімбетовке және ағылшын тілі пән мұғалімдеріне қатысушылар өз қоржындарына түрлі жаңа әдіс- тәсілдермен толықтырығанын айтып алғыстарын білдірді.
Мақпал МАРҚАБАЙ