Мемлекеттік тіл ұлт мерейі
Түркістанда халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының VI құрылтайы өтті. Алқалы жиынға Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаев, премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов, білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов және Парламент мәжілісінің депутаттары мен зиялы қауым өкілдері қатысты. Барлық өңірден келген қоғам қайраткерлері, облыс, қала басшылары бастаған тіл жанашырлары өзекті мәселені талқылады. Араға 10 жыл салып өткізілген құрылтайда мемлекеттік тілге қатысты қандай мәселелер айтылды? Бұл жөнінде құрылтайға делегат ретінде қатысқан халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы аудандық филиалының төрағасы Ізәтілла Нәрзілдаевқа толық баяндап берді.Негізінен құрылтай 5 жыл сайын өтіп тұруы тиіс. Алайда соңғы рет 10 жыл бұрын ұйымдастырылған. Қазақ тілінің болашағына алаңдаған тіл жанашырлары бұл күнді көп күткені анық. Барлығының ойы мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеріп, қолданыс аясын кеңейту. Жиынға қатысқан Мемлекеттік хатшысы халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының қазіргі жұмысы көптің көңілінен шықпай отырғанын жеткізді. Сондықтан қоғам жұмысын заман талабына сай жаңаша ұйымдастырып, қайта жандандыру керектігін басып айтты. Сонымен қатар қоғам алдына жаңа міндеттер жүктеді.
– Алдымен Қырымбек Елеуұлы сөз алып, ана тілдің ақсап тұрғанын ашық айтып, бірнеше мәселе көтерді. Біріншіден, қазақ тілінің қолдану аясын одан әрі кеңейту және оның қоғамдағы ролін арттырудағы маңызды екенін ескеріп, халықаралық «Қазақ тілі» қоғамын Елордаға көшіруді ұсынды. Өңірлердегі филиалдарын кеңейту, материалдық базаларын нығайту, электрондық ресурстарын дамыту маңызды екенін айтты. Саяси партиялар мен мемлекеттік емес ұйымдармен қоян-қолтық жұмыс атқарып, ықпалды ұйымға айналуы керектігін жеткізді. Халықаралық қазақ тілі қоғамы тіл тақырыбынан бөлек, ұлттық жаңғыру, рухани дамыту, ұлттық мүдде, ұлттық намыс мәселесі бойынша да жұмыс жүргізуі керектігіне басымдық берді. Мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейтетін Мемлекеттік комиссия құрылатынын, қазақ тілін үйретудің ортақ мемлекеттік тұжырымдамасы дайындалып жатқанын жеткізді. Тұжырымдаманың мақсаты үздіксіз білім беру арқылы мектептен бастап, тіл үйретудің сапасын арттыру. Бұл жоба мемлекеттік тілді қажеттілік үшін үйретудің алғашқы қадамы болары сөзсіз.
– Жиында басқа кімдер мінберден көрініп, ұсыныс-пікірлерін ортаға салды?
– Қарағанды мен Қызылорда облысының «Қазақ тілі» қоғамы филиалы төрағасы Темірғали Көкетай мен Сәдуақас Аңсат және Парламент Мәжілісі депутаты Геннадий Шиповских пен Қазыбек Иса сөз сөйледі. Қоғамның Орталық Кеңесінің жаңа құрамы сайланды. Жаңа құрамға 18 адам мүшелікке енді. Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының президенттігіне Берік Әбдіғалиұлы ұсынылды. Вице-президент болып, Тіл институты директоры Анар Фазылжанқызы мен Максим Рожин сайланды.
ҚР Үкіметі төрағасы орынбасары Ералы Тоғжанов мемлекеттік тілді дамыту жайын сөз етті. Оразгүл Асанғазықызы мен Асылы Осман және ақын, Парламент Мәжілісі депутаты Қазыбек Иса сөйлеп, Мемлекеттік тіл туралы заң қабылдауды қоғам бағдарламасы мен қаулысына қосуды ұсынды. Мемлекеттік тіл туралы заң қабылдау қоғам бағдарламасы мен қаулысына қосуды делегаттар бірауыздан қолдады Енді Қоғамның жаңа құрамынан жаңа серпін күтеміз. Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы мен комиссияның ең басты мақсаты – мемлекеттік тіл туралы заң қабылдату.
– Аңсат Әбдіқадырұлының ұсынысы орынды ма?
– Әрине, «Тілдер туралы» Заңда: «мемлекеттік тілді белгілі бір көлемде және біліктілік талаптарына сәйкес білуі қажет кәсіптердің, мамандықтардың және лаузымдардың тізбесі бекітілсін» деп жазылған. Өкінішке қарай сол тізбе бүгінге дейін бекітілмей келеді. Заңды Үкімет ұсынып, Парламент талқылап, Президент бекітеді. Заңның халыққа өте қажет осындай бабтары 24 жыл бойы орындалмаған деді. Екінші, бізден басқа елдердің барлығы дерлік мемлекеттік тіл туралы заңын қабылдап алды. Біз әлі жалтақтап отырғанын ашына айтты. Жақында халық санағының нәтижесі шықты, қазақ ұлтының үлесі 76 пайызды құрады. Ендеше халықаралық қағидаға сүйене отырып, бұдан былай қабылданатын заңдар мемлекетті құраушы қазақ халқының мүддесін қорғауы керек. Әр өңірде тіл мәселесін көтеріп, өз ұлттық құқықтары мен ана тілін қорғап жүрген ондаған топтар бар. «Қазақ тілі» қоғамы солардың бәрінің басын қосып, Ассоцияция құрып, игі істе көшбасшылық миссиясын атқаруы тиіс. Қонақтарымыз билейтіндей біз жаман үйдің кейпінде болмай, өзімізді жұртқа сыйлата алуымыз керек. Міне, жерлесіміздің ұсынысы осылай түйінделді.
– Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамдық бірлестігінің 2021-2025 жылдарға арналған бағдарламасының мән-маңызы мен мақсаты неде?
– Миссиясы – қазақ тілін мемлекеттік тіл мәртебесіне орнықтыру, мақсаты – ана тіліміздің қолданыс аясын кеңейтіп, толық таралуына ықпал ету, оқыту, зерттеу және жүйелеудің ғылыми-әдістемелік негізін әзірлеу. 12 түрлі міндетті орындауды жоспарға енгізді. Келер жылдан бастап, нақты жұмыстар жүзеге аса бастайды. Әр бес жыл сайын атқарылған іске есеп беріліп, меже мен міндет айқындалып, алдыға басқа мақсаттар қойылады. Осыған сай қоғамның жаңа бағдарламасы мен жарғысы қабылданды. Бұл құрылтай делегат ретінде қатысқан әрбір тұлғаға үлкен жауапкершілік жүктеді, болашаққа айқын бағдар түзеп, бірге қадам басатын уақыт.
Тіл – халықтың басты қарым-қатынас құралы. «Балық тілсіз болса да, халық тілсіз болмайды» деген Қадыр Мырза айтқандай, тілсіз халық түгіл жеке тұлға өмірін елестету қиын. Тіл тағдыры ел тағдырымен біртұтас болғандықтан, тілдің мәңгі жасауы халықтың ұлттық құндылықтарын жоғарғы дәрежеде дәріптеуімен сипатталады. Дербес еліміздің тарих тамыры тереңге бойлаған, қасиет оты еш сөнбес ұлттық тілі әр қазақ патриотының жүрегінде сөйлеп тұр. Қоғаммен біте қайнасып өмір сүретін кез келген толыққанды адам қазақ тілінің жоғары сұраныста еместігіне көп қарсылық білдіріп жатпайды.
Қорытындылай келсек, қазақ тілінің бүгінгі ахуалы күрделі мәселе. Қазақ тілі қолданыста деген сөз тек қағаз жүзінде орындалуға апара жатқанадай. Мемлекет тарапынан жасалған қолдауларды дұрыс пайдаланып, тіл мәртебесін көтеру ел азаматтарының әрбірінің қастерлі борышы.