№34 (8745) 30

30 сәуір 2024 ж.

№33 (8744) 27

27 сәуір 2024 ж.

№32 (8743) 23

23 сәуір 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031 
» » Мерейі биік Майра

Мерейі биік Майра


Өз еңбегіне, жігеріне сеніп іс бастаған адамға ең бірінші серік – қанағат пен төзім. Осының бірі кем болса ісі өрге баспай, өрісі тарыла түспек, ақырында нәтиже де болмауы мүмкін.
Сүттіқұдық ауылында белгілі кәсіпкер Майра Бердікеева замандасымызды бүгінгі деңгейге жеткізген қасиет – осы екі мінез-дағдыны сүйеу тұтқан табандылығы болса керек.


Өз бетінше кәсіп қылып, тиыннан теңге құрау талабына 2007 жылдары ден қойыпты. Жалғыз өзінің бағым-күтіміне қарап келген жанұядағы төрт бірдей бүлдіршінді тарықтырмай, ешкімнің қолына қаратпай, елдің алды етіп өсіру талабынан тағдыр-талайына таяныш тапқандай, белді буынып, алдына батыл мақсат қоя білді.
Нарықтың талабы – нар жолында жүк қалмас тәуекелдікті жас жанына жар етіп, тіршілік толқынына ілесуге ұмтылған ізденімпаз азамат алғашқы кезде жеке және шаруашылық авто­көліктері үшін солярка, бензин сатуды жолға қойды. Келе-келе тұрғын үйінің бір бөлігін арнайылап жасақ­тап, тұрғылықты халыққа күнделікті қажет азық-түлік дүкенін ашты. Бұған қоса алғашында 2-3 кг-нан бастаған пельмен дайындау кәсібін бірте-бірте ұлғайтып, тұрақты бизнес көзіне айналыпты. "Майра-пельмен" жеке кәсіпкерлігі негізінде 2017 жылдан бастап заңды тіркеліп, жүйелі жұмыс жасауда. Қарауында 8-10 адамға дейін қамтуға мүмкіндігі бар. Қазірде Жаңақорған және Шиелі кентінде төрт дүкенді қамтамасыз етуге қауқары бар кәсіпкерлік нысаны күніне 320 келі пельмен тағамын дайындап үлгіріп отыр. Өнім қолжетімдігін қамтамасыз ету үшін өз көлігімен тасуды жолға қойған Майра ханым тасымал тәртібін санитарлық талапқа сай икемдеп, көлік салонын мұздатқышпен жабдықтауға күш салды.
Өзінің адал еңбек, маңдай терімен жетілдірген асыл жанның тағылымын ақтаған ұл-қыздарына да аналарына қолқанат болудан артық мәртебе жоқ. Үлкен ұлы қазірде Семей қаласында жеке кәсіпте, ал екінші ұлы Мақсат ауылда шаштараз қызметін жолға қойыпты. Үшінші ұлы Жаңабай Нұр-Мүбәрак университетін тәмамдаған, дін саласының өкілі. Оқытушы. Алма­тыда тұрады.
– Кәсіпті жолға қоюда Үкіметтен қандай жәрдем-көмектер бар? – деп сауал тастадық замандасымызға.
– Бұдан көп бұрын кәсіпкерлерге арналған бір реттік қайтарымсыз 255 мың теңгені алып, екі мұздатқыш сатып алдым. Бұдан өзге мемлекеттен қаржы алған емеспін. Тек өз еңбегіме сүйеніп келемін, – дейді ол.
Азық-түлік дүкенінде күнделікті тұтынатын тауарлар қаз-қатар тізіліпті. Іс басында өзі жүретін Майраның қарекеті ауылда атаулы әлеуметтік көмекке иек артып, есік көзінде отырар қолы бос жандарға көп үлгі. Елге сөзбен емес, іспен өнеге болудың артықшылығы осы.

Баян ҮСЕЙІНОВА

13 сәуір 2022 ж. 270 0