№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » САУДА ӘДІЛ БОЛМАСА – НАРЫҚ БҰЗЫЛАДЫ

САУДА ӘДІЛ БОЛМАСА – НАРЫҚ БҰЗЫЛАДЫ


Бүгінгі нарық заманында әркім өз бетінше жұмыс жасап, кәсібінен нәсіп теруді жөн санайды. Әсіресе, жеке кәсіпкерлігін ашып, өз ісінің өрге домалауын жолға қоюды көздейді. Мәселен, Нұрдилла Мырзаев сауда-саттықты қолға алып, орталықтағы шағын дүкенде көпшілікке өз қызметін ұсынып жүр.

«Әкім әділ болмаса – халық бұзылады, сауда әділ болмаса – нарық бұзылады», – демекші саудасын қанағатпен пұлдайтын Нұрдилла Хайбуллаұлының дүкені бүгінде көпшілік арасында қолжетімді бағасымен белгілі. Орталықтағы шағын орыннан кәсібін ашқан сатушы ертеңгісін таңмен таласа дүкенін ашып, көпшілікке қызметін ұсынады.
– Қанағат қарын тойғызады. Адамға ең алдымен қанағат керек. Сонда сауданың берекесі кіреді. Негізі, тұрғындар «Сіздің заттарыңыз басқаға қарағанда арзан» деп айтып келеді. Өзім арнайылап барып өзге дүкендердің бағасын қараған емеспін. Ең бастысы барға қанағат керек. Бағаны аспандатып көтере алмаймын, халықтың жағдайын да ойлау керек, – дейді кәсіпкер.
Иә, қанағатты жанына серік еткен кейіпкеріміз 2015 жылы жеке кәсіп ашуды қолға алып, орталықтан шағын дүкен ғимаратын сатып алады. Бастапқыда саудасын небәрі 400 мың теңгемен бастаған ол, уақыт өте өзінің сатып алушыларын қалыптастырады. Тұрғындарға ыстық кофе мен гамбургерін ұсынып, көпшіліктің ілтипатына бөленеді.
– Алғашында сауда жасаушылардың дені мектеп оқушылары болды. Олар сабақтан қайтарда тіске басар сұрап, маған қолжетімді бағада гамбургер сатуға ой тастады. Сөйтіп, осы істі қолға алдым. Кейде бір күнде 300-400 данаға дейін фаст-фуд өнімін жасап сататын күндерім болады. Сауданы да көтерген осы іс болды, – дейді кәсіп иесі.
Сатушының бір күнімен танысқанымызда оның өз ісіне адалдығын аңғардық. Әр келушіні жылы шыраймен қарсы алатын ол, кез-келген тұтынушының сұрағанын тауып беруге тырысады. Тіпті, сусындарды да балаларға қолжетімді етіп, бір реттік ыдыстармен арзан бағада сататынына куә болдық. Әр заттың қай уақытта жасалғанын айтып, нәпақасын адал еңбекпен табатынын байқатты.
– Сабақтан қайтарда осы дүкеннен сауда жасаймын. Өйткені, бұл жерде заттар қатты қымбат емес. Оның үстіне сусындар да қолжетімді бағада, – дейді №169 мектептің 3-сынып оқушысы Томирис Сахан.
Көптің алғысын арқалап жүрген Нұрдилланың негізгі мамандығы заңгер. Ол Қызылорда қаласындағы Қазақ гуманитарлық заң колледжін, одан кейін Болашақ университетін бітірген. Еңбек жолын аудандық прокуратурада іс жүргізуші болып бастап, қылмыстық атқару инспекциясында инспектор болып қызмет атқарған. Уақыт өте сауда саласына бет бұрып, өз кәсібін ашуды қолға алған.
– Еңбектің қай түрінде болмасын ерінбесең ризық табасың. Шағын болса да береке дарыса кез-келген істің алға жылжитыны анық. Алдағы уақытта дүкенді үлкейту жоспарда бар, – деді сатушы.
Иә, таңмен таласа оянып, күн батқанда дүкенін жабатын Нұрдилланың саудадағы адалдығы, халыққа қолжетімді баға ұсынуы басқаларға үлгі болар деген үміттеміз...

Айсұлу АЛДАНАЗАР.
19 ақпан 2019 ж. 2 081 0