№103 (8814) 31

31 желтоқсан 2024 ж.

№102 (8813) 28

28 желтоқсан 2024 ж.

№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қаңтар 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031 
» » Өміршең мереке өзгеше рух сыйлады

Өміршең мереке өзгеше рух сыйлады


Табиғат пен Адам – егіз ұғым. Жапан түзге жан кіріп, тірілуге талпынып, көктен мейір тілеген, қызыл-жасыл жасанып, Жер – Ана мың түлеген Наурыз шапағаты бұл өңірге өзгеше өңмен қадам басты.
Жүйенің жаңғыруымен бірге алалықтан ада-күде арылып, асқақ мұратына сенімділікпен бағыт түзеген байтақ мекенімізге байрағын тіккен бұл мерекенің екпіні ерекше, шаттығы бөлек.
Бүкіл тұрмысы табиғатқа тәуелді пенде баласы Тәңірдің бұл кеңшілігін ықылым заманнан ұлықтаған.


Қазақ атты қасиетті ұлттың тұңғыш астанасы – Сығанақты санада жаңғыртқан аудан өнер тарландарының арқасында жаңақорғандықтар бұл жолы Бұрындық хан тұсында тойланған ұлы жіңгір салтанаттың дүбірін көзімен көріп, жүрегімен сеніп, алты ғасыр бұрынғы дәуірмен бетпе-бет келгенде бес қаруын асынған, ұлы-қызы жасыннан, құйылған құрыш мінезді, көріп бір көңіл тасынған. Күн болды бүгін расынан!
Наурыз мерекесіне орталық алаңға қарай жылдағы дәстүрмен балаларын жетектеп, түрегеп тұрып ән тыңдап, әкім қарасы ауданның кіл жақсыларына киіз үйін қамдатып, нәсіп болғандар жылы көжеден дәм татып, той тойлаған осы екен деп біраз жерді шаңдатып қайтатын шығармыз деп жорамалдап келген көпшілік қадам сайын көз арбаған көріністерге көңілі қанып, ерекше бір күйді бастан кешті.
Ашық аспан астындағы театр сахнасы алдында Қазақтың алғашқы астанасы қақпасының мызғымас сим­волдық макеті айқара ашылғанда ар жағынан ежелгі Сығанақ қаласының қан базар тіршілігі жалқы сәт жайлау төріне келіп қонақтағандай құндылықтар жа­ғалай қоныс теуіпті. Дөңгелекті сәнді арба, көне қаланың қолөнер бұйымда­ры, кезінде «Жібек жолы» керуенімен төрткүл дүниенің төрінен келіп жететін бұлғын, тиін терілері, жібек-шұға өнімдері, ұстаның соққан теңгесі, не қажет қылды пендесі, жұтынып тұр көрмесі, ол аз десеңіз, ақсауытын киініп, қаруын белге түйініп, алшаң басқан баяғының батырлары шекесінен қарайды, тіріліп тарих талайғы, көз алдымызға әкелді хан отырған сарайды.
Тақта отырған Бұрындық хан жарлығы, қуана қостап құлақ салған барлығы, көк тастың суы еріген күнді киелі, ел-жұрты болып тойлауға пәрмен береді, сол күннен бастап ұлықтап Наурыз мейрамын тамыры ортақ тойлайды Түркі әлемі!
Сахналық қойылымның беташарын ашқан Дала абызының әмірімен алаңға шыққан жұлдыз-жорамалшысы, бақсы-құшынашы, елдің аузын аштырған ғажайып сиқыршысы бағзы заманның құпия шежіресінен сыр аңдатса, сәйгүлігін ерттеген сал-сері де, қыран-бүркіт баптаған құсбегі де ел алдынан сән-салтанатымен көрінгенде көпшіліктің көңілі толқыды. Ерек жаратылған ер мойнымен жүк көтерген қара күштің иесі – палуандар белдесуі жас-кәріні ерекше қызықтырса, қол күресінен күш сынасу сайысы да мәреден түскен жоқ. Арқан тарту сайысы той алаңының думанын одан сайын көріктендіре түсті. Ержүрек ұландардың қылыштасу өнеріне кезек келгенде қараша жұрттың қанында жігер ойнады. Қауышып бір сәт беймәлім күшпен бойдағы. Ішіміз сезді, санада жарқыл сөнбесін, күн туса елдің қорғаны болу ерге сын! Семсердің жүзін сәулесі күннің сүйіп бір, қандағы рух бойында жастың биік тұр!
Айнала әп-бәрекелдеген мырза мінез, кесек үн, келісті көрініспен жасанып, ұлы даланың қымбат мұрасын маңдайалдымызда маздатып, мереке мазмұнын мамыражай көңіл күйге қауыштырды. Осы сәт ортаға шыққан Дала абызының: «Жеңіп шыққан сайыста хан жанынан табылған, оққағарлар осылар, іріктеліп алынған. Құралайды көзге атқан хас батыр мен мергендер, атқан оғы мүлт кетпес өзіне серт бергендер» деген аталы сөзінің құны бүгін де кеміген жоқ. Бүгін де бірлігі бекем ел озық, кетпесін десек жер тозып, тұғырын тіктеп намыстың, қайырын ойлап әр істің, ұлттық жадын тіктесе ел, болмысын табар Барыстың!
Қай заманда болмасын елдің жеткен жеңісін, абырой мен беделін жырға қосып ақындар сөзден жақұт тереді. Өнер дүлдүлі, бүгінгінің сал-серісі, әнші-термеші Мұхтар Дәрібаев шалқыта салған ән арғы ғасыр тереңінен өзгеше әсер етті. Қойылым бағдарламасына жоғары бағасын берген аудан әкімі Руслан Рүстемұлының құттықтауы төмендегіше өрілді:
– Баршаңызды ең алдымен табиғаттың жаңа түрге еніп, тіршілік атаулыға үлкен серпін берген Ұлыстың Ұлы күні - Наурыз мейрамымен шын жүректен құттықтаймын!
Наурыз – мыңдаған жылдар тарихы бар мейрам. Бұл мерекені біздің ата – бабаларымыз осыдан үш мың жыл бұрын мерекелеп бастаған екен. Иә, 1926 жылға дейін де біздің бабаларымыз Наурызды тойлап келді. Бірақ кешегі қызыл большевиктер Наурыз діни жоралғылары бар діни мереке деген сылтаумен 1926 жылы оны тойлауға тыйым салды. Осылайша арамызға 62 жыл уақыт үзіліс салып 1988 жылы Наурыз мерекесі қайта оралды. Қазақ халқының көрнекті тұлғалары Өзбекәлі Жәнібеков пен Мұхтар Шаханов Наурыз мейрамының ешқандай діни жоралғы емес, бұл табиғаттың түрленуімен тікелей байланысты мейрам екенін дәлелдеуге айрықша еңбек сіңірді.
Ал, Наурыз мейрамы діни мереке ме? Әрине, жоқ. Жаңа біз айтқандай Наурызды 3000 жылдар бойы Балқан түбегі, Орта Азиядағы қазіргі республикалар, Түркі тілдес мемлекеттер, Қырым аймағы толығымен мерекелеп келді. Парсы тілдес, үнді халықтары да тойлап келді. Шындығында Наурыз бұл тіршілік атаулының жаңаша реңкке ие болып, табиғаттың түлейтін кезі. Соның барлығын біздің ата-бабаларымыз білген. Наурыз деген сөз парсы тілінде «Жаңа күн» деген сөздің мағынасын береді. Ал сонда біздің ата бабаларымыз Наурыздың жаңа күн екенін парсылар айтпаса білмеген бе деген сұрақ туындайтыны анық. Жоқ, олай емес, ежелгі түркілер оның барлығын білген.
Біз Наурыз мейрамын қалай тойлап бастадық? Халқымыздың наным-сеніміне, әдет-ғұрпына, салт-дәстүріне үңілсек ежелден Наурыз мейрамын жыл басы ретінде атап, тойлап келгеніне көз жеткізеріміз айқын.
Ғұлама Мәжһүр Жүсіптің айтуынша Наурыз мейрамын халқымыз 9 күн тойлаған. Тоқсан күн толғатқан қыс маусымы 13 наурызда ескі жылмен шығып, 14 наурызда жаңа жыл кіреді, 9 күн ішінде, яғни, 22 желтоқсанда күн мен түн теңеседі. Осының барлығын біздің Түрік халықтары терең білген, соның ішінде қазақ халқы.
Тоқсанның шығуы деп неге айтқан? «Тоқсан шықпай тіршілік түзелмес» дейді қазақ. Наурыздың 13-нен 14-не шыққан түні қазақ халқы шырақ жаққан. «Шырағың сөнбесін» деп бір-біріне тілек айтқан. Кісісі қаза болған отбасы қырық күн бойы шырақ жағып қоятын дәстүр қалыптасқан. Осының бәрі бір- бірімен тікелей байланысты. Қазақ отты күннен жетті деп санаған. Ақын Оңайгүл Тұржанованың мына өлең шумақтарына зер салсақ оған көзіміз жете түседі.
Қыран тектес ел болдық бөктері кең,
Күннен ұшып жаныма от келіп ең,
Тілек тілеп жұртына дала жатыр,
Айырылып қалмаңдар деп көк бөріден!
Дана халқымыз отты үшке бөліп қарастырған. От. Ошақ. Күл.
Осы үш ұғым ойдың, сөздің, іс - әрекеттің бірлігін береді. Шынында адамның ойы жақсы болса аузынан шыққан сөзі жөнді болып, іс - әрекеті жақсыға ұласады.
Тағы да отқа қатысты мына жайтты айтпасақ болмас. Кешегі Шалкиіз жыраудың бізге жеткен толғауларында «Мұз үстіне от жаққан, Бұзбай бұлан пісірген» деген жолдар бар. Бұл не деген сөз? Демек, айналайын ата - бабаларымыз анау мұздың астында балдыр деген шөп боларын, мұздың үстін көк сүңгімен ойып, ауасын шығарса астындағы балдырдан метан газы бөлінетінін, оған от жаққан кезде ол мұзға тимей, аспанға шапшып, алаулайтынын жақсы білген. Сол алауға жорық асын пісірген баяғы батыр да ержүрек бабаларымыз.
Шығыс халықтары жылдың басын тышқаннан санаса, қазақ ұғымында тышқанның ең мықтысы балпақ тышқан. Жердің бетіне балпақ тышқан шыққан кезден тіршілік түрленеді, табиғат оянады деген ұғым болған ұлтымызда. Сөздік лексиконымыздағы «балпаң – балпаң басарсың, басуға табан шыдаса» деген тіркес осы балпақ тышқанға қарата айтылса керек. Балпақ тышқан толық дене-тұрқын кішкене аяғымен қалай көтеріп тұр? Осының барлығы біздің ата бабамыздың табиғаттың барлық ерекшелігін білгендігі, сезінгендігі, соны өзінің тіршілігіне ұзатып, өмірінің мәніне айналдыра алғандығында. Араб цифры жүйесіндегі 9 санының таңбалануында да өзіндік бір ишара бар. Нумерология ғылымында 9 деген санды көзіңізге елестетіп көріңіздер, бұл адам деген мағынаны білдіреді, сондықтан да ескі жыл кетті, жаңа жыл кірді, адам түрленді, жаңарды деген сөз.
Біз жастарға Наурыз мейрамын той тойлап, мерекелеу ғана емес, рухани жаңғыру мерекесі екенін түсіндіруіміз керек. Міне, осылайша Наурыз мейрамымың мән-мағынасын, ерекше қасиетін әрі қарай да аша түсеміз, ол тылсым, ашыла береді, ашыла береді.
Наурыз мейрамы – бұл дәстүрдің мерекесі, еңбектің мерекесі. Тіршілік атаулы түрленген кезде табиғатқа жаңаша жан бітіп, адамдар да өзінің тіршілігін жасайды, егін егеді, бұлақтың көзін ашады, айналасына ізгі амалдарын жасайды, қайырымдылық танытады, міне, осының барлығы да наурызбен тікелей байланысты. Адам адамша өмір сүру үшін жаңарып, жаңаша бір мазмұнға, мағынаға ұмтылады. Наурыз - жер - жиһанның жаңару кезеңіне саналатыны да осы себепті болса керек-ті.
Олай болса, қайта оралып, биыл қазақ жерінде 35-ші мәрте тойланып жатқан Наурыз мейрамы халқымызға құт - берекесімен, ырыс-ынтымағымен келсін, – деп құттықтауын жеткізді.
Таңғы 9.30-дан басталған мерекелік көңіл-күй түске дейін созылып, аудан халқы дән разы болысты. Бауырсақ иісі аңқып, енді бір жерде қазан-қазан палау пісіріліп, құрт-майы дастарханда самсап тұрғаны қандай тамаша. Жетектегі баладан жетпістегі қарияға дейін елмен бірге Ұлыс күнін атап өтті. Үстінде шапаны, басында тақиясы бар ақсақалдар мен оюлы бешбеті, ақ жаулығын оранған әжелер ақ батасын беріп, ел тілеуін тіледі.
– Қазақтың осындай дархан көңіл, кең пейілін нарықтық заман бұзбасын, кешегі бауырмал елдің тілеуі бейбітшілік пен береке, татулық пен тұрақтылық. Осындай игі амалдарды жарастырып, жарылқайтын Наурыз мерекесі құтты болсын. Бүгін немерелеріе бола шыққан едім, алайда, осынау кереметтерді көріп көңіл бір марқайып қалды. Ең бастысы, жұртымыз аман, бейбіт заман болғай! – деді Ақжарқын апамыз.
Иә, Наурыз – жаңару мерекесі. Қар еріп, көк шығып, табиғаттың оянатын кезі. Көктемнің лебі сезілетін уақыт. Наурыз – ежелден келе жатқан, қазақ болмысын айшықтайтын, қазақылықтың бүкіл сипатын бойына жиған, дәстүрдің дәріптеліп, рухтың жаңғыратын мейрамы. Бұл күн табиғат пен адам үйлесімділігі, үндестігінің деңгейін еселей түсетін секілді. Жыл басы ретінде дәл осы наурыздың таңдалып алынуы да тегін болмаса керек. Расымен, ерте көктемде тіршіліктің жаңарғанын, жаңа күннің орнағанын сеземіз. Жер-жаһан қайта түлейді. Қарт кісілер «Қытымыр қыстан аман-сау шықтық» деп шүкір етеді. Шаруа малын көкке жіберіп, көңілі жайланады. Жастар жағы бір-бірімен жүз көріскендеріне қуанса, ойын балалары жазық далада асыр салып, тыныстары кеңіп қалады.
Тарихи көрініспен басталған мерекелік бағдарлама аудандық мәдениет үйі мен ауыл өнерпаздарының өнеріне жалғасты. Аудан аумағында орналасқан өндіріс орындары орталық алаңға дастархан жайып, ас-ауқат ұсынды. Сондай-ақ, әлеуметтік көмекті қажет ететін бірнеше отбасына «Наурыз қоржын», «Наурыз кәде» сыйлығы үлестірілді. Ал аудан әкімдігіне қарасты барлық бөлім және мекеме қызметкері мыңға жуық тұрғынға наурыз көже таратты. Әрине кез - келген мереке спорттық шарасыз өтпейтіні анық. Қол күрес, арқан тартыс, асық ату, гір тасын көтеру сынды ұлттық ойындар ойнатылды.
Тойдың шырайын Бәден Айсынов жетекшілік ететін Әлшекей атындағы ұлт-аспаптар ансамблі кіргізді.
Осындай мағыналы да, мәдени ша­раға демеуші болған «СКЗ-U» ЖШС, «Қызылқұм» ЖШС және «Байкен-U» ЖШС өндіріс орындарының басшыларының қызметін атап өткеніміз жөн. Сондай-ақ, аудан әкімдігі арнайы «Жаңақорған шипажайының» басшысы Бақытжан Амангелдіұлына, ветеринар Марат Қасымұлына, шараны жоғары деңгейде ұйымдастырған аудан әкімінің орынбасары Дархан Есалыұлы жетекшілік ететін аудандық білім бөліміне, аудандық ішкі саясат бөлімі, аудандық емхана ұжымына, Жаңақорған кенті әкімдігіне ризашылығы білдірді.
Ал, той-думанның негізгі сценарийін әзірлеп, қалың жұртты қаһарман рухпен қауыштырған мәдениет майталмандары – Зулфия Шалабаева мен Дінмұхаммед Әбжаппаровтың еңбегін айрықша айтпауға әддіміз жоқ. Тәңір тудырған талант жемісі осындай болса керек-ті.

Баян ҮСЕЙІНОВА.
Әлібек ЖАРЫҚБАЕВ
22 наурыз 2022 ж. 253 0