№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » Түгіскенде өткен той

Түгіскенде өткен той

Шадыман шаттығын жетелеп Әз-Наурыз келді. Самарқанның көк тасы еріп, тіршілік атаулыға жылулық әкелетін молшылық мейрамын бұл жолы түгіскендіктер ерекше атап өтті. Мұнда өткен Наурыз тойы жарқыраған сән-салтанатымен, салт-дәстүрімен ерекшеленді. Ұлттық нақышпен безендірілген алаңдағы киіз үй мен ұлттық аспаптан төгілген ән мен күй ұлық мейрамның мәртебесін паш еткендей. Аудан әкімі Руслан Рустемовтың қатысуымен аталып өткен Ұлыстың ұлы күні аққорғандықтарға ерекше көңіл-күй сыйлады.


Ауылдық мәдениет үйінің алаңында кең ауқымда аталып өткен Ұлы мейрамның көркін бар жақсысын үстіне киіп, бір-біріне жақсы тілек айтқан жандар кіргізгендей. Күнделікті киімдерін қазақы шапан мен қамзолға ауыстырған ауыл тұрғындарының, бозкілемде жауырыны жерге тимеген жас балуандар мен асық ойнаған балалардың, алтыбақан тепкен жастардың көңіл көтеру сәті ерекше көз тартады.
Әжелер орындауындағы «Угай-ай» әнімен бастау алған ұлы той «Саумалық», «Қалау айту», «Қазан шегелеу», «Босағаны майлау», наурыз нақышына айналған «Қыз бен жігіт» айтысына жалғасты. Осылайша ұмыт бола бастаған салт-дәстүрдің мән-мағынасын аша түскен қойылымдарды көпшілік қауым ерекше тамашалады. Ұлы мереке қарсаңында сөз алған аудан басшысы Руслан Рүстемұлы: «Тарихы тереңде жатқан Наурыз мерекесі қазақ жерінде әрқашан тойланған. Алайда бір замандарда оны жоғалтып алдық. Еліміз Тәуелсіздік алғаннан кейін төл мерекемізді қайтадан жаңғыртуға қол жеткіздік. Бұл мереке бірліктің, ырыс пен бақ-берекенің, татулықтың мерекесі. Сондықтан еңбектеген сәбиден еңкейген кәріге дейін асыға күтетін жыл басы Наурыз табалдырығымыздан аттап, төрге озды. Жылуды, жылылықты аңсаған ұлан-ғайыр қазақ даласы ұлық мейрамымен тағы да қауышты. Өзімен бірге жадыраған көктемнің шуақты күндерін ала келген тамаша мейрам Әз-Наурыз құтты болсын. Ұлыс оң болсын, Ақ мол болсын, – деп жүрекжарды тілегін білдірді.
Бұл мерекенің өзгешелігі сол, қыстан аман-есен шыққан ағайын, бір-бірімен көріседі, есендік-саулық біліседі. Әр жаңа жылдан жақсылық, мол үміт күтеді. Сондықтан биылғы Наурыз халқымыз үшін жақсылықтың, молшылықтың бастауы болғай. Жылдан-жылға бай мазмұнға ие болып, мерейі мен мәртебесі арта түскен айтулы мерекеде ақ тілекпен бас қосқан барша аққорғандықтар үшін бірлік пен берекеден асқан ешнәрсе жоқ екеніне тағы бір сәт куә болып тарқастық.

Лаура БИБАСАРОВА
21 наурыз 2021 ж. 617 0