Америкада аты озды
Өз заманының дара тұлғасы Г.Потаниннің: «Маған бүкіл қазақ даласы ән салып тұрғандай» деп айтқанындай, кең байтақ қазақ даласында әу демейтін жан кемде-кем. Әйтсе де, шашасына шаң жұқпас кіл мықтылар ғана өнер бәйгесінде өзгелерден оқ бойы озық болары сөзсіз. Талайдың арасынан талантты жазбай танитын Америка еліндегі «International multi-gears competition» халықаралық байқауы бірнеше жылдан бері әлем елдерінен қаншама қатысушыларды жинайтын өнер додасына айналғаны белгілі. Жаймашуақ наурыздың 5-ші жұлдызында атаулы байқаудан сүйінші хабар келіп жетті. Ауданымыздың қос бірдей талантты бүлдіршіні, зеректігімен көзге түсіп, алғырлығымен алда жүрген Бекарыс Бөрібай мен Райана Балтабай «International multi-gears competition» фестивалінен эстрадалық вокал номинациясы бойынша халықаралық байқаудан Бас жүлдені иемденді. Осынау үлкен жеңісті «Арман» мәдениет үйінің директоры Күлән Әбілтанова, дарынды бүлдіршіндер мен қос бірдей шәкірттің ұстазы Құралай Әлиеваға арнайы табыстады.
Әрине әнші болу көп еңбекті, талапты қажет етеді. Ең бастысы, түрлі байқауларға қатысу арқылы өзіңді шыңдайсың. Дауыс ырғағын күту де басты шарттың бірі. Бұл жөнінде қос өнерпаздың жетекшісі Құралай Әлиева өз ойын былай жеткізді.
– «Өнерлінің өзегі талмас» дегенді өмірлік ұстаным еткен жас шәкірттерімнің өнері қашанда сахна төрінде шыңдалады. Жеті нотаның құдіреттілігінен қуат алатын өнерпаздар шоғыры аудан көлемінде жетерлік. Кәдуілгі музыка саласының нағыз майталманына айналу үшін кез келген жас өрен өзі сүйген өнердің негізгі элементтерін игеруге талпынысын шыңдап отыруы керек. Алғаш өнер мектебі табалдырығын аттаған Бекарыс диапазонының жоғарылығымен көзге түсті. Өзіндік тембры бар. Міне, төрт жылдан бері Бекарысқа ұстаздық етіп, әншілік өнердің қыр-сырын үйретіп келемін. Ал, Райананы бір жылдан бері өнерге баулып жүрмін. Ол «Әлшекей» атындағы өнер мектебінде ән айтудың қыр-сырына қанықса, «Арман» мәдениет үйінде түрлі үйірмелерге қатысып, сахна мәдениетін меңгеруде.
Шәкірттерімнің болашағынан зор үміт күтемін. Екеуінің де бойында таланты биік әрі өнерге деген ынта-ықыластары басым. Көздерінде от бар, әрі өздеріне сенімді, сахнаға әбден төселген. Қандай тапсырма берсең де сол мезетте орындап тастағанды жандары сүйеді. Қызығушылықтары жоғары. Дауыстары кез келген әнге келеді. Аудан көлемінде өтетін іс-шаралардың ортасында жүретін осындай шәкірттеріммен мен де мақтанамын. – дейді ұстаз.
«Бұлақ көрсең, көзін аш» дегендей, әрбір баланың бойындағы талантын ұштап, өнерге деген өресін ашуда, ұлттың мәдениетіне жанашыр жастарды тәрбиелеуде ұстаздың орны ерек. Ал, үлкен жеңісті қанжығаларына байлаған қос бүлдіршінмен де тілдескен едік. Алдымен жаны да, дауысы да нәзік Райана Балтабайдың ойын білдік.
– Ән айтқанды жаным қалайды. Мені алғаш өнерге жетелеген ақылшым, ұстазым анам, екінші мені осы ән өнеріне баулыған Құралай апайыма алғысым шексіз. Уақытпен санаспай, түрлі байқауларға бізді қатыстырып, өнерімізді шыңдауға үлкен үлес қосып жатыр. Әрі дауысымызды мұқият тыңдап, әрбір ырғағына дейін терең мән береді. Апайдың еңбекқорлығына, шәкірттерімен ерінбей жұмыс істейтініне ризашылығымды білдіремін, – дейді жас талант.
Ал, байсалды да дара болмысты дауыс иесі Бекарыс Бөрібайдың әрбір сөзінен нағыз шығармашылық адамына тән мінез-құлықты байқағандай болдық.
– Эстрада өнері жүрегіме жақын. Мақсатым – музыкалық білімімді шыңдап, қазақ эстрадасында өзіндік әуенімді, стилімді қалдыру. Менің бойымдағы өнерімді байқап, осы өнерге баулып келе жатқан Құралай Әлиеваның орны ерекше. Үнемі өнерде де, өмірде де ақыл-кеңестерін айтып, маған өмірлік сабақ беріп отырады. Бүгінде қазақ орындаушыларының ішінде Димаш Құдайбергенов, Төреғали Төреәлі сынды талантты әншілердің ән айту мәнері қызықтырады. Димаш Құдайбергенді ерекше құрметтеймін. Әлемдік деңгейге көтерілген орындаушы қазақ ұлтының дарынды екенін танытып жүр. Димаштың ән-құдіреті мексикалықтарды қазақ тілін үйренуге итермелеуде. Мен де өз-өзімді дамытып, әлемге қазақтың қасиетін танытқым келеді, – дейді жас өнерпаз.
Иа, әнші болуды арман еткен таланттардың бойындағы өнері, бұл жолдан алшақтатпасы анық. Ынтымағы жарасып, қаймағы бұзылмаған өнер ордасында осындай жас таланттардың өсіп келе жатқаны көңілге ерекше қуаныш сыйлайды. Әлбетте, осы талаптарынан жаңылмаса, қос өнерпазды биіктен көреріміз анық, «Талаптыға нұр жауар», – дегендей кейіпкерлеріміздің болашақта алар асуы биік, жолы ашық болуына тілекшіміз. Айта кетейік, жас таланттармен сұхбаттасу барысында, жеткен жетістіктерінің де бір төбе екеніне көзіміз жетті. «Бұлақ көрсең көзін аш» дегендей, болшағынан үлкен үміт күттірер жасқа өнерде де, өмірде де ақ жол тіледік.
Әсел РЗАЕВА