Қоғамдық кеңестер қандай қауқарға ие?
Ұлттық Сенім кеңесінің құрылуымен бірге жергілікті жердердегі Қоғамдық кеңестер жұмысына да жан бітіп, тамырына қан жүгіре бастағанына оларда көтерілген толғақты мәселелердің түйіні тарқатыла бастауы дәлел. Нақтылап айтқанда әлеуметтік-экономикалық маңызы бар бірқатар проблемалар кеңес аясында талқыға түсіп зерделенуде. Кеңес мүшелері нақты ұсыныстар әзірлеумен бірге қабылданған реформалардың жергілікті жерде жүйелі жүзеге асырылуына да қажырлы жұмыс жасап келеді. Ол ең алдымен Президенттің «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының тиянақты қалыптасуына мүдделілікпен бұқара мен билік арасында көпір орнату сынды маңызды миссиясын алдыңғы орынға қоя білуімен ел жүрегіне жағымды имидж қалыптасьра алатынын бір сәтке естен шығаруға болмайды.
Қоғамдық кеңес жұмысы туралы не білеміз?
Билік пен қоғам арасында сенімді диалог алаңын құруға тырысқан аудандағы аталмыш жұмысшы тобын басқарып келген кеңес төрағасы Ақылбек Жәнібековпен әңгімеміз осы тақырып төңірегінде өрбіді.
– Қызметін тәуелсіз, еркін, ашық және жариялы түрде жүргізетін қоғамдық кеңестер мемлекеттік органдардың халықпен кері байланыс орнату мәселесінде мейлінше мәмілегерлікті де, талапшылдықты да қатар ұстап, ел жағдайының тұрақтана түсуіне барынша ықпал етіп келеді, - дейді ол.
Нақтылап тоқталсақ, 2020 жылы қоғамдық кеңестің 13 рет отырысы өткізіліп, онда 35 мәселе қаралған екен. Ал, 2021 жылы 13 отырысы өтіп, онда 37 мәселе талқыға салыныпты. Карантин жағдайына орай онлайн форматта жиын өткізіліп, маңызды мәселелер талқыланды. Солардың қатарында ең маңызды мәселе – тұрғын үй мәселесі, жер кезегі, әлеуметтік қорғалмаған топтар жайы өзекті болып отыр. Сонымен қатар кеңес мүшелері бағаны тұрақтандыру талабында жанды іс-қимылға көшіп, дүкендерді аралап көріп, нарықты зерделеуде жүйелі жұмыс жүргізіп келді. Аудандық қоғамдық кеңестің бір мүшесі ретінде айтар болсам, кеңес өңірдегі әлеуметтік саланы дамытуда да тиімді пікірталас орталығына айналды. Елге қажет өміршең ұсыныстар түсті. Бұл ретте кеңес құрамындағы азаматтардың кәсіби әлеуеті басты роль атқаратыны белгілі. Осы орайда кезінде өз саласының мықты білгірлері саналған қаржыгер, ауыл шаруашылығы мамандары, халықты әлеуметтік қорғау, білім саласы өкілдерінің қамтылуы және ешқайсының атқарушы орган қызметкерлері қатарында болмауы тәуелсіз ой-пікір, батыл шешімдердің талдануына мүмкіндік беретіні белгілі. Әрбір отырыста қаралған мәселелер бойынша хаттама әзірленіп, тиісті орындарға жолданып отырады. Бұл шаралардың нәтижелері де жоқ емес. Сонымен қатар қоғамдық кеңестің алдында құзырлы орындардың есеп беруі кезінде керітартпа сұрақтар беріп, жеке басы қыжылы бар тұлғаларды жөн-жосықсыз тұқырту арқылы өзінің ішкі есебін түгендеуге тырысатын бақай есептің көріністері де қылаң беріп қалатынын жасыруға болмайды. Көптің уақытын текке алатын көбік сөз бен мағынасыз диалогтан ешкімге пайда жоқ. Мұндайда қазекемнің «Байлауы жоқ шешеннен үндемеген есті артық» деген аталы сөзі ойға оралады.
Алдағы уақытта кеңес қандай мәселелерді алдыға шығаруды жоспарлап отыр?
Жас отбасыларын баспанамен қамту мәселесі мен жұмыссыздықты азайту бағдары бәрінен жоғары тұр. Бүгінде жас отбасылар арасында ажырасушылықтың азаймай отырғаны алдымен осындай тұрмыстық жағдайдың жоқтығы, күнкөріс қиындығынан туындап отырғаны белгілі. Ауданда жастарды жұмыспен қамтуға жеткілікті қамқорлықтар жасалуда. Бірақ осындай қолдау қаржылар нақты иесіне емес, жолдан бұрып әкететін жолбикелердің пайдасына кетуін болддырмас үшін елге жаны ашитын тұлғалардың жұмыла іске кірісуіне тура келіп тұрғаны жасырын емес.
Кемел болашақ білім сапасымен бекемделеді. Сондықтан, ұстаздардың біліктілік деңгейін саралау талабы кеңестің күн тәртібіне ендірілгені жөн. Бүгінде жастарды тұрақты жұмыспен қамтуда солтүстікке қоныс аудару бірыңғай жобасына мемлекеттік субсидиялау екі есеге артты. Жаңадан тағайындалатын қоғамдық кеңес мүшелері осы мүмкіндікті тиімді пайдалану тұрғысында қоғамға ой салуы тиіс.
Сайып келгенде, мемлекеттік бағдарламалардың жергілікті жерде іске асуын зерделеуде кеңес жұмысы инклюзитивті, ашық, жүйелі жүргізілуі керек.
Баян ҮСЕЙІНОВА