» » Құс қанатындағы арман

Құс қанатындағы арман



Өмір-теңіз, ойым-кеме,
мен-жолаушы асыққан,
Аялдау жоқ, сәтке де
өн бойымда тасып қан.
Ғажап теңіз жүрген сайын
жүрегіме жыр тастап,
Сырын жайып көз алдыма,
тереңіне жүр бастап.
Міне, бұл керемет өлең жолдарын қолына алған қаламының құдыретімен өмірге әкеліп, артына өшпес із қалдырған Қор­жын­бай Кемелбеков ағамыз еді. Ол кісі бар болғаны отыз екі жасында жарық өмірді тәрк етті. 1945 жылы қазіргі «Сүттіқұдық» ауылында дүниеге келген. Ауылдағы орта мектепті бітірген соң 1964 жылы Қызылордадағы педагогика институтының қазақ тілі мен әдебиеті факультетіне оқуға түседі. Өлең жазуды мектепте жүргенде бастаған ол мұнда келген соң жас ақындардың ортасына түсіп, шеберлігін шыңдайды. Жоғары курста оқитын Базарбай Исаев, Зордан Салықбаев, Серік Сейітмағанбетов және группаластары Тынымбай Нұрмағамбетов, Ділдахан Торғаева секілді ақын-жазушылармен өлең өрісіне өрлей береді. Осы тұста облыстық «Ленин жолы» газетінің мәдениет бөлімінің меңгерушісі Қом­шабай Сүйенішов талапкер Қор­жынбай Кемелбековтің бір топ өлеңін жариялап, жас ақынға сәт сапар тілейді. Бұл, әрине, оны шабыттандыра, ширата түскендей еді.
Оқып жүргенде курстасы Маржан Жармахашқызына үйленіп, 1968 жылы институтты тәмамдаған соң, «Бірлік» кеңшарындағы орта мектепке оқытушы болып орна­ласады. Қоржынбай мектепте әдеби-драмалық үйірме ашып, әдебиет пен өнерге құштар шәкірттердің талабын ұштайды. Осы үйірменің мүшелері Ертай Бекқұлов, Жолтай Әлмашев, Іскендір Ертаев, Құдайберген Ерта­совтар кейін белгілі журналист, жазушы болып шығады.
Қоржынбайдың ұйымдас­тыру­шы­­­­­лық қабілетін, жұмысқа деген құл­шы­нысын, жеке басының үлгісін бағала­ған мектеп басшылығы оның келеше­гі­нен үлкен үміт күтіп, оны мектеп директорының тәрбие жөніндегі орын­басары етіп тағайындайды.
Осылайша жалындап жүрген жас ұстаз ақынды айықпас дерт ай­налдырып, ақырында алып тынады. Сөйтіп соңына сүйіп қосылған жан жары Маржан, ұлы Үсейін, қызы Бағжанды және жүрегін жарып шыққан жырларын қалдырып, небәрі 32 жасында бақи дүниеге аттанады.
Ақынның құдай қосқан қосағы Маржан Жармахашқызына ел-жұрт дән риза. Ол ақынның ұрпағын жетілдіріп, абыройлы азаматтардың қатарына қосты. Ең бастысы, Қоржынбай ақынның жырларын 70 жылдай көзінің қарашығындай сақтап, бүгінгі күнге жеткізді. Ол Қоржынбайдың тұстас әріптестерімен, басқа да жанашырларымен ақылдаса отырып, «Көп күттім көктемімді» атты жинақты жарыққа шығарды. Кітаптың аты айтып тұрғанындай, ол Қоржынбай Кемелбеков ақын жырларының көптен күткен көктемі еді. Жинақ 3 бөлімнен тұрады. Бірінші бөлім «Балалық шақ», екінші бөлім «Арғымақ арман» деп аталады. Ал үшінші бөлімде ақынның балладалары мен поэмалары топтастырылған. Бұған қосымша төртінші бөлім «Көз көргендер сөйлейдіге» ақынның әріптестерінің, жолдас-жораларының, жақын-жуық ағайын-туыстарының естеліктері енгізілген.
Төртінші бөлімге енген мате­ри­алдардың ішінде кезінде Қоржын­байдан бір курс төмен оқыған, бұл күнде белгілі сыншы Бақыт Сар­балаевтың көлемді мақаласында ақын­ның өлеңдері мен поэмаларына жан-жақты, терең талдау жасалады. Онда: Жоғары оқуға жаңа түскен бірінші курс студенті, он тоғыз жастағы жас ақынның 1964 жылдың 28-қараша күні ақ қағазға құйылған өлеңі – Алып ақын Абай айтқан талаптарға жауап беріп тұрған жұп-жұмыр жыр. Сыртқы ұйқас сұлу ғана емес, мінсіз. Ал, ішкі ұйқас одан бір кем емес. Сондықтан да мына өлеңді  жиырма тоғыздағы Жұбан Молдағалиев, отыз тоғыздағы  Мұқағали Мақатаев жазды десең де жарасатындай. Тамаша моншаға кірсең тазарып, аппақ дәулетті де сәулетті үйге кірсең ағарып шығатындай, Қоржынбайдың мына өлеңін оқыған соң тазарып сала бересің. Жер беті жұмақ көрініп, өмір сүурге құлшынып, армандап, биіктей бастайсың. Еңбексіз тыныстау, текке келген ырыс, тегін байлық қадірі жоқ мың күндей болса, өмір сәні-достық пен махаббатта. «О, тағдырым, доспен бірге күлейін, бауырлармен шаттанып жүрейін. О, тәңірім, мәңгі жанар махаббат бер, Өмір мәні-жарық дүниедегі өз жолыңды тауып, тағдыр маңдайыма бұйыртқан міндетімді атқаруды жаз. Солай етпесем, жер үстінен лақтырсаң да өкінбең» дейді. Жастық максимализм бе? Әрине. Бі­рақ – жастық-сонысымен де жастық. Қоржынбай жастықтың осындай тынысын тап басып, өз «арманын жер бетіне уыстап шашып» жарқыратып айта алған соң ғана мына жыр-маздақ өлең боп түзілген.
Ақындықты осылай сәтті бастап, асуын бағындырып, асқарына кө­те­ріле бастаған жас ақын Қор­жынбайдың қазынасы мол екенін көреміз, – деп, еске алады замандас досы.
Ал заманында Қоржынбайдың шәкіртіндей болған, бұл күнде қазақтың белгілі ақыны Есенғали Раушанов естелігінде былай дейді:
«Жоқ мұнда әсем талдар көк тіреген,
Өзен жоқ жарқабақты тепкілеген.
Жұп-жұмсақ топырағын
белден кешіп,
Қайнаған ыстығынан от күрегем.
Балалық өтіпті ыстық құм кешумен,
Жарысып бірде желмен,
бірде сумен.
Кеудемде жанға жайлы әуен қапты,
Самалмен даладағы тілдесумен».
Өлеңнің авторы Қоржынбай Кемелбеков екенін кейін білдім. Бұрынғыдан қалған сөз «Қанша жасап өлсе-дағы ақынды жас еді деп еске алыңдар, туғандар!». Қоржынбай аға шынында да жас кетті. Отыздан енді асқан шағында бақилық болыпты. Ол кісінің Қызылорда облысы, Жаңақорған аудандық «Коммунизм жолы» газетінде жарияланған әрбір өлеңін қалдырмай оқитынбыз.
Әлбетте, Қоржекең тірі болғанда өлеңдері бұдан да нұрлана түсері анық. Жап-жас кезінде жазған балауса жырларының өзінен үлкен болашақ күтіп тұрған қарымды қаламгерді көресіз. Ол кәдімгі атақты шайырлардың біріне айналар еді…
Естуімше, есіл ақын сол дерттен айыға алмаған күйі көз жұмыпты. Жұбайы Маржан жеңгейге үлкен рахмет, ол кісі болмаса жинақтың жарық көруі екіталай еді. «Орнында бар оңалар» деген осы, Маржан жеңгей баласы мен қызын азамат етіп тәрбиелеп, ел қатарына қосты, оны аз десеңіз, ағамыздың соңында қалған мұраларын тірнектеп жинап, құрастырып, жарыққа шығарып отыр. Ақынның жары деген осындай-ақ болсын! – деп әдемі естеліктерімен бөлісіпті.
Ал, өмірлік қосағы Маржан Жармахашқызы «Мен таныған сол жанды ел танысын» деген тақырыппен жан-жарының өмірінен әдемі есте­ліктерді елге жариялапты.
«Талаптың тұлпарын мініп, өлеңнің қия шыңына арманын арқалап шығуды мақсат еткен ақынның дүниеге келуі туралы анасы: «Мамырдың сегізінен тоғызына қараған түні  дүниеге келіп еді, ертесіне таң атысымен «Жеңіс, жеңіс!» – деп сүйінші сұраған аттылар елдің көп күткен хабарын жеткізген болатын. Бұл балам жеңіспен тұспа-тұс дүниеге келген» – деуші еді.
Ол отбасына қадірлі, сыйлы басшы болатын. Үйдегі берекені кіргізіп, шаңырағын шаттыққа толтырып, төрдің сәнін келтіріп отыратын. Отбасының әрбір мүше­сіне құрметпен қарап, қарын­дастарын еркелетіп, қонақ деп төрге отырғызатын. Дастархан үстінде келелі әңгіме бастап, оқыған шығармаларының мазмұнын айтып, бала тәрбиесіне зор мән беріп, үйдегі ұл-қызына әкелік сүйіспеншілігін ерекше білдіретін. Ақынжанды адам тез қуанып, тез қапаланады ғой. Алғашқы жиені Дидардың дүниеге келгенін естігенде, аса қатты қуанып, өзін қоярға жер таппай, жанына батқан ауруын да ұмытып, қиялы да қанаттанып кетіп еді. «Дидар өсер-ау! Ауылға нағашылап келіп жатады... Ауыл балаларымен ойнап, күресіп бәрін жеңсе... Сонда көргендер: – Ана бұзық кім? – десе, Қоржынбай­дың жиені, – дейді-ау!» – деп қиялын жасырмаған еді. Әртүрлі ортада өзін қалай ұстайтынын білетін. Үлкендер арасында аса байсалды, салмақты сөздер айтып, шешендігімен көрін­се, өз ортасында жеңіл әзілдер, анекдоттар айтып, ортаны әзілмен көмкеріп, күлкімен көріктендіретін. Әулеттің, отбасының отырыстарында, өз ортасында сол кездің сәнді билерін билеп, домбыра, баянда ойнайтын, – деп ағынан ақтарылады жан-жары Маржан.
Бар болғаны отыз екі жыл ғұмыр кешіп, соңына көлдария сағынышын жырға айналдырып тастап кеткен ақынның артында қалың жұрты қалды. «Атама хат» деген тақырыпта өлең жазған немересі Арнұр қалды. Олай болса, ақынды өлді деуге бола ма?
Әсел РЗАЕВА
06 ақпан 2022 ж. 223 0