Соңғы жаңалықтар

№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » Өлең-жырдың базары – Базарбай ақын

Өлең-жырдың базары – Базарбай ақын

Туған жердің топырағында түлеп, мемлекеттік мұратты тұғырлы ету жолында еңбектенген тұлғаларды дәріптеу Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Елдіктің жеті тұғыры» қағидасымен өзектес. Осы тұрғыдан алғанда Жаңақорған ауданында ұйымдастырылған Базарбай Исаевтың 80 жылдығына арналған іс-шаралардың мән-мазмұны терең деуге болады.

Алдымен Манап Көкенов атын­дағы мәдениет үйінде ауданның зиялы азаматтары мен жастары, тұлғаның ағайын-туысы бас қосып, «Тоқтатпайды ұлы тағдыр шеруін...» атты тақырыбы аясында талантты ақынның тұлғалық болмыс-бітімін, азаматтық қарым-қабілетін дәріптеді.
Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты, Жаңақорған ауданының «Құрметті азаматы», ақын, жазушы, журналист Базарбай Исаевты еске алуға арналған шараны аудан әкімі Руслан Рүстемұлы ашты.
– Өлең-жырдың базары атанған жерлесіміз Базарбай ақын арамызда болғанда 80 жасын тойлаған болар едік. Ол 1941 жылы 5 қазанда Манап ауылында туған. Қызылорда қаласындағы педагогикалық инсти­тутының филология факультеті қазақ тілі мен әдебиеті бөлімін бітірген. Шиелі аудандық «Өскен өңір», Қызылорда облыстық «Ленин жолы» (қазіргі «Сыр бойы»), «Жас алаш», «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газеттерінің редакцияларында істеген. 1977-1986 жылдары Қазақ КСР Ішкі істер министрлігінің аппаратында жауапты қызмет атқарды. 1986-1990 жылдары «Жалын» баспасында аға редактор, 1990-1995 жылдары ҚР Ішкі істер министрлігінің «Сақшы» – «На страже» газетінде тілші, редактордың орынбасары, редактор, 1996 жылдан бастап шекара әскерлері Әскери институтының редакциялық-баспа бөлімі бастығының орынбасары, 1997 жылдан «Улан» – «Гвардия» газетінің бас редакторы, «Қазақстан сарбазы – Воин Казахстана» газеті редакторының орынбасары деп ақын өмірбаянымен таныстырып, одан әрі қалам иесінің қазақ поэзиясына өзіндік үн, бөлек бітім, ерекше екпін, отты леп алып келген туындылары туралы толғамды ойларымен бөлісті.
Базарбай Исаұлының «Отызыншы көктем», «Ақ жауын», «Ақ қайнар», «Көктем шерткен күй», «Бақыт құсы», «Қауышу мен қоштасу», «Сезім селі», «Мөлдір», «Арайна» ат­ты жыр жинақтары жарық көрген. А.Чайковскийдің «Алыс жүлдыздың жарығы» повесін, Н.Думбад-зе­нің «Алаң болма, апа!» романын, С.Радио­новтың «Магнитофондағы жа­­зу» повесін қазақ тіліне аударған. Жазушының «Өң мен түс», «Алтынай, ақ көйлек», «Көрбала және тергеуші», «Жігіт пен жендет» атты прозалық шығармалары бар.
Сыр елінің саңлағы, талай тарланды қанаттандырған ақынның сөзіне жазылған әндер кештің көркін қыздырды. Оның өлеңдеріне жазылған әндер бүгінде қазақ музыкасының алтын қорына енген. Тұлғаның өлеңдеріне қазақтың маң­дайалды композиторларының бі­разы ән жазды. Көзі тірісінде өзі де олармен шығармашылық бағытта қатар жүріп, бірге еңбектенді.
Жайдары мінезді біртуар азамат жөнінде Аққорған ауылдық округі ақсақалдар кеңесінің төрағасы, Жаңақорған ауданының Құрметті азаматы Молдахмет Ибрагимов пен Ішкі істер саласының ардагері, полиция майоры Әлібек Сүгірбаев естеліктерімен бөлісті. Базарбай ағаның өмірінде 60 жыл сырлас, қаламдас досы болған Зордан Салықбаевтың жан жары Дина Нұржанқызына және Базарбай ағаның інісі осы кеште сахнада шырқалған әндердің әнін жазған сазгер Әзімхан Алмановқа берілді Ақын жырымен сусындаған өскелең ұрпақ ұлық тұтар тұлғаға деген құрметін өлең шумақтарымен өрді.
Ақын, жазушы ғана емес қазақ әскери қорғанының мәртебесін ас­қақтатып, беделін биіктерге көтер­ген үлкен жүректі ағамен бірге ғұмыр кешіп, құрмет-қамқорлығымен сая болған, ал бүгінде артында қалған мол мұрасын қазынадай қастерлеп, қазіргі таңға жеткізіп отырған жары Күлән Байшаханқызы аудан басшылығына, қалың қауымға ал­ғысын жеткізді.

«Тұлға. Тарих. Тағылым»

Осы тақырыпта орталық кітапхана ұжымы қазақтың қайсар ұлы, еңсесі биік ер тұлғалы азаматтың шығармашылығын насихаттау мақса­тында тағылымды жиын ұйым­дастырды.
Қара өлеңнің алмас қылышы Базарбай Исаевқа деген сағы­нышты, құрметті көрсету үшін ұйымдастырылған шарада мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы Жадыра Сәдібекқызы, ҚР халықаралық Журналистер одағының мүшесі Шайдарбекқажы Әшімұлы, Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі ақын Файзулла Сахиев ағаларымыз қатысып ақын туралы естеліктерімен бөлісті.
Біліміне білігі, талабына талғамы сай қаламгер қай жұмысты қолға алса да, жеріне жеткізбей тынбайтын дейді көзкөргендер. Жары Күлән апа 500-ге жуық кітабын Орталық кітапханаға табыстады. Оның ішінде «А законы жизни неизменны», «Непричиняй страдания никому», «Мөлдір», «Тұңғиық», «Жігіт пен жендет» атты кітаптары шараға қатысушылардың бәріне таратылды.
Ақын Файзулла Сахиев өлең жырдың базары Базарбай ақынның алғаш газет өндірісін бейімдеуіне көп қамқорлық жасағанын еске ала отыра, шығармашылығы жөнінде терең ой тарқатты
– Ақын жазушының артында іздеушісі болса бұл үлкен бақыт Базарбай ағамызды өлді деуге болмайды Ол кісіні шығармалары кейінгі ұрпаққа өнеге, тәрбие болады деп ойлаймын. Поэзияны және детектив жанрын жақсы жазатын. Детектив жанрында жазылған екі шығармасы республикалық байқауда жүлделі болған. Сондықтан да ол тек ақын жазушы немесе журналист ғана емес жан жақты азамат Ондай тұлғаға туған жерінен көшенің аты немесе мәдени орынның аты берілсе артық болмас еді, – деп түйіндеді әңгімесін.
Мектеп оқушылары ақынның жыр шумақтарын оқыды. Жетпіс жасында жарқ дүниені тәрк еткен, телегей талант иесі Базарбай Исаевтың артында қалған жақұт жырлары, шығармалары халқымыздың рухани мұрасына айналып, ұрпақ санасын тәрбиелер құндылыққа айналары шүбәсіз.

Рауза ӘЗІЛХАН

04 желтоқсан 2021 ж. 552 0