№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Тіл мәртебесі – елдігіміздің ертеңі

Тіл мәртебесі – елдігіміздің ертеңі


Тәуелсіздігіміздің қуатты құралы, асыл ой мен парасат белгісі, елдігіміз бен бірлігіміздің туы бола білген қаза тілінің қадірін ұғынып, қасиетін айқындайтын уақытқа да жеттік. Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы аудандық филиалының төрағасы Ізәтілла Нәрзілдаев осылай ойын електен өткізіп, болашаққа нық қадам басудың алғышарттарын ана тілмен байланыстыра сұхбат беруге келді.


– Тіл – мемлекеттің табан тірейтін тұғырлы темірқазығы. Мемлекет бас­шысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанда көрнекі ақпаратта орыс және қазақ тілін пайдалануды регламенттейтін заңға қол қойды. Жаңа Ережелерге сәйкес көрнекі ақпаратты орыс тілінде жазу енді міндетті болмайды. Сондай-ақ жол белгілеріндегі жазбаларды мемлекеттік тілде жазу, хабарландыруларды, жарнамаларды, ба­ға белгілерін, мәзірлерді, нұсқауларды да қазақ тілінде жазу мүмкіндігіне қол жеткізілді.
Мемлекеттік тіл шын мәнінде ұлттық саясаттың өзегі, діңгегі дейтін болсақ, қазақ тіліне басымдық беріп, техника, экономика, саясат тіліне айналғаны жөн, – дейді ол.
– 2021 жылдың соңында Түр­кістан қаласында өткен халық­аралық «Қазақ тілі» қоғамының VI құрылтайында бірнеше мәселе көтерілгенін айттыңыз. Сол бағытта қандай жұмыстар атқарылуда?
– Қаңтар оқиғасынан соң сәл абдырап қалғанымыз рас. Дегенмен, ана тілге деген құрмет, мәртебесі тұралап қалмауы тиіс. Қазақ тілінің қолдану аясын кеңейту және оның қоғамдағы ролінің маңызды екенін ескеріп, халықаралық «Қазақ тілі» қоғамын елордаға көшіру, өңірлердегі филиалдарын кеңейтіп, материалдық базаларын нығайту ен­ді қолға алына бастады. Жиында электрондық ресурстарын дамытып, мемлекеттік комиссия құрылатынын, қазақ тілін үйретудің ортақ мемлекеттік тұжырымдамасы дайындалып жатқанын білдік. Тұжырымдаманың мақсаты үздіксіз білім беру арқылы мектептен бастап, тіл үйретудің сапасын арттыру. Бұл жоба мемлекеттік тілді қажеттілік үшін үйретудің алғашқы қадамы болары сөзсіз. Иә, әрбір халықтың ана тілі бар десек, өз ана тіліміздің барша болмысы, тіпті оның әрбір дыбысы мен жалғау-жұрнағы әрбір шынайы азаматқа танымал, мәдени-әлеуметтік өмірде өзіндік мәні бар киелі ұғым.
– Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамдық бірлестігінің 2021-2025 жылдарға арналған бағдар­ламасының мән-маңызы мен мақсаты неде?
– Миссиясы – қазақ тілін мемлекеттік тіл мәртебесіне орнықтыру, мақсаты – ана тіліміздің қолданыс аясын кеңейтіп, толық таралуына ықпал ету, оқыту, зерттеу және жүйелеудің ғылыми-әдістемелік негізін әзірлеу сынды 12 түрлі міндетті орындауды жоспарға енгізді. Келер жылдан бастап, нақты жұмыстар жүзеге аса бастайды. Әр бес жыл сайын атқарылған іске есеп беріліп, меже мен міндет айқындалып, алдыға басқа мақсаттар қойылады. Осыған сай қоғамның жаңа бағдарламасы мен жарғысы қабылданды. Бұл жиын делегат ретінде қатысқан әрбір тұлғаға үлкен жауапкершілік жүктеді, болашаққа айқын бағдар түзеп, бірге қадам басатын уақыт.
Тағы айта кететіні, «Ұлттық рухани жаңғыру» ұлттық жобасы ең алдымен қазақстандық бірегейлік пен зияткерлік әлеуетті дамытуға арналған бірнеше негізгі бағытты қамтиды.
– «Анамыздың ақ сүтімен бой­ы­мызға дарыған тілімізді ұмыту – бүкіл ата-бабамызды, тари­хымызды ұмыту», – деген екен Бауыржан Момышұлы. Осы қазақ тілінің тағдыры жайында тіл жанашыры ретінде жастарға айтарыңыз.
– Қазақ елінің ұлттық сұранысы мен мемлекеттік мәртебесіне айналдыру – қашанда өзекті мәселе. Мемлекеттік тілге деген құрмет пен ықылас ұлттық сананың биігіне көтеріліп, жалпыхалықтық мүддесінің кеңістігіне шығу қажет. Тілді дамытудың жолдары аз емес. Қазақ тілінің тағдыры мемлекеттің дамуы және ел болашағы үшін қаншалықты маңызды екендігін біздің әрқайсысымыз да терең түсінеміз. Мемлекеттік тілімізді аман сақтап, ілгері дамыту үшін бәрімізге ұлттық сана, азаматтық биік тұғыр, мемлекеттік идеология қажет. Еліміздің экономикасы мен әл-қуаты артып, саяси-әлеуметтік еңсесі көтерілген сайын, ұлттық тіл мен ұлттық рухымыздың да өскенін, ұлттық мүддемізді екінші қатардағы қосалқы дүниедей болып қалмауын қадағалау – бәрімізге парыз.
– Біз көпұлтты мемлекетпіз ғой...
– Қазақстанның көпұлтты болуы тарихи даму жолымен қалыптасты және бұл біздің еліміздің кемшілігі емес, басқалардан артықшылығы. Тәуелсіздіктің негізгі тірегі – ұлттың тілі, діні, ділі. Бұрынғы даналардан қалған «Қанша тілді білсең, сонша мәдениеттісің, сонша байсың» деген сөз бар. Әрине, құптарлық ой, бірақ, өзге тілді игеремін деп жүргенде өз тілімізден айрылып қалмау жолын қатаң қадағалау керек. Ұлтшылдық рух жоқ жерде, ұлтқа адал қызмет ету де жоқ. Осыған көзіміз жетіп отыр. Ана тілін ұмытқан, тек бөгде тілде ұғысқан ұрпақ елді ұшпаққа шығарады, адал қызмет қылады деп сенуден қалып барамыз. Өйткені бізде орыстілді азаматтар көп. Болсын, бірақ ана тілді бірінші орынға қою парыз.
Тіл жанашыры Ізәтілла ағамызбен сұхбаттан түйген ойымыз осы.

Әлібек ТЕМІРБЕК
26 қаңтар 2022 ж. 443 0