Танымы терең, байламы берік бестомдықтың тұсауы кесілді
Қызылорда қаласында елге белгілі қаламгерлер мен медиаменеджерлер бас қосты. Ондағы мақсат – «Сыр журналистикасының тарихы» атты ғылыми-танымдық 5 томдық кітаптың тарихи тағылымын таразылап, үлгілі-өнеге өрімін салмақтау еді. Әрі елдің әр өңірінен және Сырдың аудандарынан келген журналистер өзара тәжірибе алмасып, жаңа медианың талаптары мен дәстүрлі медианы дамыту жолдарын талқылады.
Алдымен облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова Сыр қаламгерлерінің қуанышына ортақтасып келген Парламент Сенатының депутаты Нұртөре Жүсіп, Қазақстан Журналистер одағының төрағасы Сейітқазы Матаев, «Бас редакторлар клубы» ҚБ президенті Бибігүл Жексенбай, белгілі ғалым Амантай Шәріп пен «Сыр медиа» ЖШС бас директоры, облыстық мәслихат депутаты Аманжол Оңғарбаевты қабылдап, ашық-жарқын диалог алаңына ұласты.
– Қалам иелері қашанда ұлт ұйытқысы, халық пен биліктің дәнекері. Мұндай міндет-талапты алаш қайраткерлерінің қызметінен көруге болады, әрі бүгінгі буын қаламгерлер де бұл міндетті абыроймен атқарып келеді. Сыр журналистикасы өзінің бай тарихымен ерекшеленеді. Оған «Сыр журналистикасының тарихы» атты 5 томдық кітаптың шығуы дәлел болады. Бұл – мерейлі мереке қарсаңындағы айтулы оқиға деп баға береміз, – деді Гүлшара Наушақызы.
Одан кейін қаламгерлер қауымы «Достық» үйінде «Сыр журналистикасының тарихы» 5 томдығының тұсаукесеріне куә болды. Іс-шараға Қызылорда облысы әкімінің орынбасары Серік Ахмет, облыстық мәслихат хатшысы Наурызбай Байқадамов және журналистика саласының ардагерлері қатысты.
Алқалы жиынды тізгіндеген Серік Әбжәліұлы Сыр өңіріндегі бұқаралық ақпарат құралдарының өткені мен бүгінін саралап, ұрпақтар сабақтастығын жалғаған жинақтың ғылыми-танымдық мәні терең екенін атады.
Сенатор Нұртөре Байтілесұлы тарихты түгендеуде баспасөздің ролі ерекше екенін алға тартып:
– Баспасөз елдің әр кезеңдегі өмірін, тыныс-тіршілігін, арман-мұратын, бағыт-бағдарын тайға таңба басқандай таспаға түсіріп келеді. Архивтердегі сарғайған газет беттерін парақтасақ, елдің бір ғасырлық өмір тарихының көрінісін табуға болады. Бестомдықтың басы-қасында жүрген барша азаматтарға және бастаманың іске асуына қолдау танытқан облыс әкімдігіне ризашылығымды білдіремін, – деді.
Ал, журналистердің қарашаңырағын басқаратын Сейітқазы Бейсенғазыұлы игілікті іс ғылыми институттар мен елдің өзге өңірлеріндегі шығармашылық ұжымдарына үлгі-өнеге болатынын айтты.
«Бас редакторлар клубы» ҚБ президенті Бибігүл Нұрғалиқызы:
– Қызылордалық әріптестеріміздің Мәскеу, Орынбор, Омбы, Алматы, Қызылорда архивінен Сыр елінің журналистеріне, бұқаралық ақпарат құралдарына қатысты бірнеше жыл тірнектеп жинаған деректері жүйеленіп, сарапталып, фото-бейнелер өңделіп 5 томдық еңбекке айналды. Құнды туындыда «Дала уәлаяты», «Айқап», «Қазақ» тағы басқа газет-журналдарда қызмет істеген Ахмет Байтұрсынұлы, Жүсіпбек Аймауытұлы, Мұхамеджан Сералиннен бастап, Тәуелсіз Қазақстанның қарымды қаламгерлерінің жүріп өткен өнеге өмір жолы көрініс тауыпты. Ақпарат-коммуникация технологиясы дамып, ақпарат беру мен алмасу әлеуметтік желіге шоғырланған жаңа кезеңде таптырмайтын құрал болды. Бұл еңбек рейтинг қуып, арзан бедел жинап, жеңіл-желсөзге әуестеніп бара жатқан жас әріптестерге журналистиканың бас парызы – ағартушылық пен ізгілік екенін еске салады, – деп кітаптың мән-мазмұнына тоқталды.
Алқалы жиында сөз сөйлеген түріктанушы Амантай Жарылқасынұлының дәйекті ойы көңілге қонды.
– 1969 жылы қазақ журналистикасының іргетасын қалаушының бірі Қайыржан Бекхожиннің «Қазақ баспасының даму жолдары» атты ғылыми еңбегі жарық көрді. Бұл еңбек қазақ полиграфия ісінің даму тарихына, алғашқы қазақ басылымдарының шығу процесіне шолу жасағанын және газеттерді шығаруға атсалысқан азаматтар мен олардың еңбектері жайында жазған жалғыз еңбек. Одан кейін ұлт баспасөзіне арналған мұндей кешенді еңбек шыққан жоқ. «Сыр журналистикасының тарихы» осы олқылықтың орнын толтыратын бірден-бір ғылыми-танымдық еңбек. Бұл еңбек бір ғылыми зерттеу институты көтеретін ауқымды жүк...
ХХ ғасырдың басында Ақмешітте үлкен ұлттық рухани өрлеу болды. «Қазақ» деген атауды қайтарып, алаш қайраткерлері баспасөз өнерін дамытуға мән берді. Міне, алаштың рухы бар Сыр өңірі республика бойынша бірінші болып өткені мен бүгінін саралаған тарихи тағылымы терең, үлгі-өнеге өрімі ерен туындыны шығарды, – деп бағасын берді ғалым.
«Сыр медиа» ЖШС бас директоры Аманжол Сақыпұлы кітап жазу барысында Сыр журналистикасының тарихына қатысты бұрын-соңды қалам тербеген аға-әріптестердің, ғалымдардың еңбегі пайдаланылғанын және Мәскеу, Алматы қаласындағы архивтер мен кітапханалардан нақты мәліметтер, тың деректер алынғанын сөз етті.
– Ауқымды жобаның мақсаты – көмескі тартқан тарихты қайта түгендеу, қалам ұстаған кешегі әрі бүгінгі буынның еңбегін дәріптеу, талдап-таразылау, ғылыми айналымға қосу, жас журналистерге кәсіби бағдар беруді көздеді. Сондықтан бұл еңбек журналистердің, ғалымдардың назарын аударып, қызығушылығын оятады деген сенім мол, – деді серіктестік директоры.
Айта кететіні, өңір журналистикасының тарихын талдап, бүгінін бағамдаған бестомдықтың бірінші томында облыстық «Сыр бойы», «Кызылординские вести» газеті мен «Ақмешіт жастары» басылымы қамтылды. «Сыр медиа» ЖШС-ның құрылу кезеңі жайлы айтылады. Бұл кітаптың мән-мазмұнын арттыруда облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықованың алғы сөзін ерекше атау керек. «Сыр медиа» ЖШС бас директоры Аманжол Оңғарбаевтың, академик Құлбек Ергөбектің, тарих ғылымдарының кандидаты Сағат Тайманның жалпы қазақ баспасөзіне жасаған талдау ойлары берілді.
Біздің назарымыз екінші томға ауды. Себебі онда облыс аумағында тарайтын қалалық және аудандық басылымдар қамтылды. Аудандық газеттердің қалыптасып, даму жолы және газет өндірісіне белсенді араласқан бас редакторлардың, журналистердің, тұрақты авторлардың еңбегі дәріптеледі.
Кітаптың үшінші томында «Қазақстан» РТРК Қызылорда облыстық филиалының және Қызылорда қоғамдық телекомпаниясының тарихын оқуға болады. Бүгінде үні жоқ болса да, ізі қалған Қызылорда облыстық радиосының 80 жылға жуық тарихы да оқырманын бей-жай қалдырмайды. Бірнеше жыл Қазалыдан хабар таратқан «Серік ТВ» және қызылордалық жастардың құлағында үні қалған СЕТА радиосы жайлы да мәлімет бар. Жаңа медианың жолашары болған «Qyzylorda news» ақпараттық агенттігі және оның азаматтық медианы дамытудағы рөлі және облыстағы баспа ісі жайлы да жазылды.
Төртінші томда Сыр өңіріндегі жекеменшік басылымдардың тыныс-тіршілігі арқау болады.
Бесінші кітап «БАҚ саласындағы Сыр мақтаныштары» және «Практикалық журналистика» деген екі бөлімнен тұрады. «БАҚ саласындағы Сыр мақтаныштары» жай ғана анықтамалық емес, сырбойылық қалам ұстаған қауымның шеберлік бастау-бұлағы деп ұсынылды.
Ал, «Практикалық журналистика» бөлімінде сырбойылық журналистердің тәжірибесі, жас журналистер үшін шеберлік дәрістері жинақталды.
Міне, жаңа кітаптың құндылығы, маңыздылығын осылай талдауға болады.
«Сыр журналистикасының тарихы» атты кітаптың тұсаукесері аясында тәжірибе алмасу семинар-тренингі, дөңгелек үстел басында журналистер қауымы бас қосты.
«Өңірлік журналистиканың мадиаменеджмент мәселелері» атты семинар-тренингте «Бас редакторлар клубы» ҚБ атқарушы директоры Әсем Есілбаева, «Егеменді Қазақстан» газетінің Түркістан облысындағы меншікті тілшісі Ғалымжан Елшібай, «Turkistan media holding» ЖШС басқарушы директоры Тельман Бейсен тәжірибелерімен бөлісіп, сапалы контент жасаудың қыр-сыры, ақпаратты оперативті таратудың маңызы, жарнама арқылы қаржы тартудың тәсілдері және т.б сөз болды.
Ал, дөңгелек үстелге жиналған қонақтар мен облыстық, қалалық, аудандық газеттің бас редакторлары «Бас редакторлар клубы» ҚБ өңірдегі филиалын ашуды ұсынып, аймақ журналистикасы жаңа биікке көтерудің жолдарын талқылады.
Бестомдықты дайындауға белсенді қатысқандарды да марапаттау ұмыт қалмады.
P.S.: Бүгінде елдің әр өңірінде медиа холдингтер мемлекеттік саясат ауқымындағы ақпарттарды таратып, идеологиялық құралға айналды. Бірақ барлығының деңгейі бірдей емес. «Сыр журналистикасының тарихы» атты көп томдық жинағын дайындап, шығарған «Сыр медиа» ЖШС қарасты шығармашылық ұжымдардың потенциалдық деңгейін көруге болады. Мұны жиынға келген қонақтардан естідік.
Бестомдықты парақтау арқылы ойға түйгеніміз, әр журналистің жұмыс үстелінде тұратын анықтамалық кітап, практикалық құрал болады. Себебі тарихты танып, бүгінгі журналистиканың бағыт-бағдарын айқындаған құнды еңбек ретінде бағалы...
Нұрлат БАЙГЕНЖЕ