» » Үздіктер марапат мінберінде

Үздіктер марапат мінберінде


Тәуелсіздіктің 30 жылдығы қарсаңында Манап Көкенов атындағы аудандық мәдениет үйінде сала үздіктеріне лайықты құрмет көрсетілді. Ондағы мақсат – азат елдің еңсесін көтеріп, табысты еңбек еткен азаматтардың берекелі істерін үлгі-өнеге ету. Аудан басшысы Руслан Рүстемовтің қатысуымен өткен іс-шараның тағылымы осында деген ой түйдік.


Салтанатты кеште аудан әкімі өз саласының үздік мамандарына «Алғыс хат» табыстады. Олардың қатарында «Қазақстан темір жолы» АҚ-ның жолсерігі Алмасбай Сәмбетбай, №125 мектептің мұғалімі Ибадулла Ашимов, №52 мектептің мұғалімі Тамара Бегдуәлі және өнер мектебінің есепші маманы Базаркүл Шайдарова бар.
Тәуелсіздік таңымен бірге дүниенің дидарын ашқан жастар бүгінде 30 жаста. Олардың арасында жауапкершілік жүгін сезініп, елдің дамуына еңбек сіңіріп жүргендер көп. Бұл қатарда №196 мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Айдана Тасболатова, №55 мектептің дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Тасмұратұлы Ерсұлтанды айтуға болады. Сондай-ақ «Жебеуші» қоғамдық қорының өкілі Нұрсұлтан Қуанышұлы, Жайылма ауылының белсендісі Наржан Бижанов, Қожамберді ауылының тұрғыны, кәсіпкер Нұрболат Арыстанбек, Жаманбай батыр ауылының тұрғыны, кәсіпкер Тәкен Төлеген және Сунақата ауылдық округі әкімі аппаратының жастар ісі жөніндегі маманы Алмат Сұлтанбеков марапат мінберіне көтерілді.
Жастар ресурстық орталығының ұйытқы болуымен жас кәсіпкерлер арасында инновациялық жобалар байқауы өткен болатын. Жеті бағытта өрбіген байқауға 20-дан аса жоба түсті. Арасынан үздік жеті жобаны талғам таразысына тартып, таңдау міндеті тұрды. Нәтижесінде жеті жас кәсіпкерге 100 000 теңгенің сертикаты табысталды.
Атап айтқанда, тарихи-мәдени ескерт­кіштерді насихаттауды ұсынған Жанерке Бекахмет, егін өсіру процесін жеңілдетуге және қол еңбегін пайдалануды барынша азайтуға арналған «SMART» жылыжайдың артықшылығын дәлелдеген Нұрқанат Құдайбергенді ерекше атау керек.
Сондай-ақ Нәзік Әбу ұсынған AR және VR көзілдіріктеріне арналған 3D моделін жасауға арналған студиясы көпшілікті қызықтырды. Қанафия Мұхаммеджанның егіндікте тыңайтқышты тиімді пайдалануда таптырмайтын дроны да лайықты бағасын алды. Жазира Шарапова білім орталығын ашуды ұсынса, Дана Қайбрахмен «DANA HANDMADE» жобасы аясында қолжетімді бағада қолөнер бұйымдарымен қамтамасыз етудің маңызын түсіндірді. Соңғысы Оңғарбек Әсеновтың мейрамхананың ерекшеліктеріне орай стикерленген бал флакондарын дайындау жобасы да үздіктер қатарынан көрінді.

Лаура БИБАСАРОВА
08 желтоқсан 2021 ж. 439 0